Украинаның астанасы Киев қаласында халық сабыр сақтап үйді-үйінде отыр. Арасында астанадан кетіп жатқандар да бар. Осы орайда барша әлемді жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамын. Өйткені, қазір әлеуметтік желіде тарап жатқан фейктер өте көп, деді Украина тұрғыны, журналист Олександр Сіренко.
"Мен шамамен таңғы сағат 6 шамасында жарылыстың дауысынан ояндым. Жарылыстың болатынын күттім деп айта алмаймын, бірақ екі аптадан бері жағдай осылай болып жатқан еді. Өзім Киев орталығында тұрамын, сағат 11-лер шамасында далаға шықтым. Бірнеше жарылыс болып, қала үстінен бірнеше рет зымыран өтті. Дауысы қатты шықты және оны өз көзіммен көрдім. Бұл уақытта қалада көлік көп болмады, адамдар дүкеннен керегін алып жатты. Бірақ, сағат 8-9 кезінде жағдай басқаша болды, оған әлеуметтік желіден-ақ көз жеткізуге болады. Супермаркет пен жанармай бекеттерінде кезектер әлі де бар", – деді Олександр Сіренко.
Сондай-ақ, ол кей тұрғынның Киевтен кетіп жатқанын айтты. Арасында ұзақ-сонар кептеліске шыдамай үйді-үйіне қайтып келіп жатқандар да бар.
Мұнымен қатар, ол қызы екеуінің қауіпсіз орын іздеп тапқанын айтты.
"Киевте барлық инфрақұрылым жұмыс істеп тұр, жарық та бар. Тек кей жанар-жағармай бекеттерінің бос тұрғанын көрдім. Бірақ осы салаға қатысы бар маман ретінде оларды көп ұзамай жанармаймен толтыратынына сенімдімін. Орыстар негізінен біздің әскери бөлімдер мен әскери объектілерге шабуыл жасап жатыр. Танысым әуе соғысының болғанын өз көзімен көрген. Жау ұшағының Беларусь жақтан ұшып келгені анық. Ол жақтан ұшып өту 200 километр. Менде сұрақ бар. Әскери қорғаныш күштері неге "ұйықтап" қалды? Өз басым Украинаның шығыс бөлігі мен Донбасспен байланыста отырмын. Ал қазір жарты сағаттан бері тыныш. Әскерилер түскі асқа кетті дегендей айтылып жатыр. Бірақ олар таңнан бері снарядтар ұшырды", – деді ол.
Олександр Сіренко Киевте жарылыс болып жатқанымен, нақты қай объектілердің жарылып жатқанын айта алмайтынын айтты. Осы орайда, әлеуметтік желіде тарап жатқан жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
"Менің айналамда құрылыс объектілері орналасқандықтан, нақты ненің жарылып жатқанын көре алмай отырмын. Қалада диверсанттар бар сияқты. Баршаңызға айтқым келеді: қазір telegram каналда "мен өз көзіммен көрдім, маған сенімді адам айтты" деген сарында тарап жатқан ақпаратты сүзгіден өткізіңіздер. Өйткені, нағыз шекараны бұзып кірген соғыстан бөлек, ақпараттық соғыс болып жатыр. Беларусьтардың мұндайға жол бергені қатты өкінішті. Оларды кешегі күнге дейін досымыз деп санап келген едік, арқадан келіп қанжар сұқты. Бұл өте өкінішті, өзекті өртейтін дүние. Бұл ғасырда Беларусь және Ресей Федерациясымен арамызда адами қарым-қатынас болмайтынына сенімдімін. Олардың әрекеті дұрыс емес. Ал жалған ақпараттарға келетін болсақ, қазір 2014 жылғы Харковь әкімшілігі үстінде Ресей туының ілініп тұрғаны түсірілген сурет тарап жатыр. Сол кездің өзінде бұл сурет маған оғаш болып көрінген, ашуланғаным бар. Сондықтан оның қазір түсірілмегенін анық білемін. Оны "Харковь тізе бүкті, енді бәрің де беріліңдер" деген мақсатпен таратып жатқан сыңайлы", – деді Украина тұрғыны.
Мұнымен қатар, Олександр Сіренко жасырыну мақсатында елдің толықтай ресми түрде Украин мовасына өткеніне тоқталды.
"Ақпараттық соғыс ауқымды деңгейде жүріп жатыр. Тіпті, менің өзім 10 километр жерде не болып жатқанын білмеймін ғой. Бұдан өзге 2014 жылдан бері соғысып жатқанымызға қарамастан, соңғы кезде босаңсып кеттік. Бәлкім көп уақыт әскери іс-қимылдардың болмауымен байланысты шығар. Жалпы айтқанда, мен тұрған қаладағы халықтың дүрбелеңге салынғанын көрмедім. Бәрі сабыр сақтап, азық-түлігін түгендеп жатыр", – деп қосты журналист.
Сондай-ақ, ол мектептер мен балабақшалардың белгісіз уақытқа жұмысын тоқтатқанын айтты. Бастапқыда оқушылардың қашықтан оқитыны, кейін оқудың толық тоқтайтыны хабарланған. Медицина және өрт сөндіру бөлімдері де жұмыс істеп тұр.
"Бейбіт Украинада ұйықтап, өкінішке орай, теңертең осындай Украинада ояндық", – дейді Олександр Сіренко.
Оқи отырыңыз:
- Бүкіл Украина аумағында әскери жағдай енгізілді
- Қорғаныс министрі украиналықтарды қолға қару алып, сапқа тұруға шақырды
- Украина жолаушылар ұшақтары үшін әуе кеңістігін жапты
- Украинамен әуе қатынасының тоқтауына байланысты Қазақстанда сенім телефоны іске қосылды
- СІМ Украинадағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау туралы хабарлады
- Ресей Украинаның әскери нысандарын зымыранмен атқылап жатыр
- Путин Донбасста арнайы әскери операция жүргізу туралы хабарлады
- Brent мұнайы баррелінің бағасы 100 долларға жетті
- Дархан Қалетаев Украинадағы ахуал туралы: Есігіңді теуіп кіріп жатса, қандай сезімде болар едің?
- Қазақстанда Украина сценариі қайталануы мүмкін бе? Ермұхамет Ертісбаевтың жауабы
- Ресей мен Украина шиеленісі Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?
- Тоқаевтың баспасөз хатшысы Ресей мен Украинадағы жағдайға қатысты сұхбат береді
- Лукашенко: Беларусь Украина аумағындағы әскери операцияға қатыспайды