Енді зейнетақы төлемдерін тағайындау және деректерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өтініш берген кезде QR-код арқылы қол қоюға болады. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Мерзімсіз уақытқа белгіленген І немесе ІІ топтағы мүгедектікке байланысты БЖЗҚ-ға төлемдерді, сондай-ақ, ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алуға БЖЗҚ кеңселерінде немесе enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте ЭЦҚ арқылы өтініш берілетін. Енді өтінішке ЭЦҚ арқылы ғана емес, QR-кодпен де қол қоюға болады. Сондай-ақ, QR-код зейнетақы қоры сайтындағы жеке кабинетте деректерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жарамды.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалану: 2023 жылы қанша өтінім және қандай мақсатта мақұлданды?
Ол үшін enpf.kz сайтындағы жеке кабинетке кіру керек. Мұнда көрсетілген қызметтерді таңдағанда "QR-мен қол қою" батырмасы қосылады. Батырманы басқаннан кейін қор серверіне сілтеме беретін QR-код жасалады. QR-кодты оқу үшін eGov mobile қосымшасына кіру керек. eGov mobile қосымшасының жоғарғы оң жақ бұрышындағы QR-кодтарды оқуға арналған белгішені басып сканерлеу қажет.
QR-кодын сканерлегеннен кейін жаңа терезеде қол қойылатын құжат ашылады. Пайдаланушы "Қол қою" батырмасын басып, құжатқа қол қояды. Нәтижесінде "Қол қою сәтті аяқталды" деген хабарлама шығады. "Менің өтініштерім" бөлімінен зейнетақы төлемін тағайындау туралы өтінішті көруге болады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда базалық зейнетақы 2027 жылға дейін қалай өзгереді?
Әзірге QR-код көмегімен enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте сұранысқа ие екі операцияны орындауға болады. БЖЗҚ цифрлық қызметтер желісін кеңейтуді жалғастырады.