2022 жылдың 7 айында БЖЗҚ активтерінің кірістілігі жылдық 9,6%-ды құрады. Ал жылдық инфляция бүгіннің өзінде 16,1%-ды құрайды. Осындай деректерді келтіріп, Үкімет пен Ұлттық банк басшыларына сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинақтарының шынайы кірістілігі теріс екенін айтты.
Депутаттың сөзінше, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясы жоқ.
"БЖЗҚ активтерінің 44%-ы Қаржы министрлігінің облигацияларына салынған және БЖЗҚ-ның негізгі кірістілігі қайтадан бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Шын мәнінде, олар "масыл болып, бюджетке салмақ салып отыр", себебі, басқа құралдар бойынша да іс жүзінде кірістілік жоқ", – деді Аманжан Жамалов.
Оқи отырыңыз: Әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жас болып бекітіледі
Мәжілісмен зейнетақы қорының басқаруында Қазақстанның бір жылдық бюджетіне тең 14 трлн теңге қаражат барына назар аударды.
"Тұтастай алғанда, БЖЗҚ мемлекеттік ұйым бола отырып, жабық әрі ашық емес құрылым болып қалуда. Қаржыгерлердің шағын тобы халық ақшасын өз қалтасы ретінде басқарады. Іс жүзінде бұл ұйымның миллиардтық кірістері мен шығыстары Есеп комитетінің бюджеттік рәсімдері мен бақылауынан шығарылған", – деді Мәжіліс депутаты.
Депутаттың сөзінше, БЖЗҚ жұмыс істеген жылдар ішінде мөлшері 211 млрд теңге болатын бөлінбеген пайда жинақталған. Бұл пайда тұтастау қордың тікелей билігінде қалады. Сәйкесінше, қор бұл қаражатты өз қалауы бойынша басқарып, бөле алады. Осыған орай, Аманжан Жамалов Үкіметке бұл қаражатты халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмсау туралы ұсыныс тастады.
"Үкімет жалғыз акционер ретінде БЖЗҚ-дан 211 млрд. теңге болатын бөлінбеген пайданы дивиденд ретінде бюджетке алып қойып, оларды әлеуметтік мәселелерді, мысалы, 58 жасында зейнетке шығу үшін еңбек өтілі мен жинақтары жеткілікті әйелдер санатының проблемаларын шешуге бағыттасын", – деді Аманжан Жамалов.