
28 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов пен оның орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елде кәсіпкерлерге салынатын қосылған құн салығын (ҚҚС) көтеруді ұсынды. Бұл ұсыныс мемлекет басшысының тарапынан қолдау көріп, кейін министр салықтың нақты қаншаға ұлғаятыны ақпан айының ортасында белгілі болатынын мәлемдеді. Бұған дейін үкімет басшысы салық мөлшері 20 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін айтқан.
Осы орайда Informburo қосылған құн салығының қалай есептелетінін, оның қандай оң және теріс тұстарының барын және көрші, дамыған мемлекеттерде ҚҚС мөлшері қанша екенін түсіндіреді.
№1. Қосылған құн салығы дегеніміз не?
ҚҚС дегеніміз – сатылатын тауар мен көрсетілетін қызметтер бағасына қосылып, нәтижесінде мемлекеттік бюджетке аударылатын салық түрі.
№2. Ол қалай жұмыс істейді?
Қосылған құн салығы тұтынушы тауарға немесе қызметке төлейтін соманың бір бөлігі. Әдетте оның мөлшері түбіртекте көрсетіліп тұрады. Оны тауарды өндіруші, сатушы, қызмет көрсетуші мемлекетке өзі төлейді.
Қарапайым ғана мысал:
Сатушы бір сабынды 450 теңгеге сатты делік + 12% ҚҚС (54 теңге). Яғни, осы соманың 54 теңгесі мемлекеттік бюджетке аударылады.
Оқи отырыңыз: 20 пайыз ҚҚС: Қазақстан үшін оптимал көрсеткіш пе әлде "қауіпті аймаққа" қадам ба?
№. Кімдер міндетті есепке қойылады?
Қазақстан Республикасы салық кодексінің 82-бабы 1-тармағына сәйкес, ҚҚС бойынша тіркеу есебіне міндетті түрде қойылуға тиіс:
- резидент заңды тұлғалар;
- ҚР-да қызметін филиал немесе өкілдік арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар;
- жеке кәсіпкер;
- жеке практикамен айналысатын тұлғалар.
ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою үшін ең төменгі айналым республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын АЕК-тің 20 мың еселенген мөлшерін құрайды. 2025 жылы АЕК 3932 теңге мөлшерінде белгіленді, демек, ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою үшін ең төменгі айналым – 78 640 000 теңге.
№3. Көрші елдерде ҚҚС мөлшері қандай?
Қазақстанмен көршілес мемлекеттерде қосылған құн салығының мөлшері 6 пайыздан басталып 20 пайызға дейін барады:
- Қырғызстанда ҚҚС мөлшері – 12%;
- Өзбекстанда 2023 жылдан бастап 15 пайыздан 12 пайызға дейін төмендетілді;
- Ресейде ҚҚС – 20%;
- 2019 жылы Қытайда ҚҚС 16% болған еді. Кейін бизнесті қолдау мақсатында ҚҚС мөлшерін төмендетті. Дәл қазір тауар мен қызмет түріне қарай үш түрлі ҚҚС бар – 6%, 9%, 13%.
№4. Дамыған мемлекеттердегі ҚҚС мөлшері
- Дамыған мемлекеттердің бірі Андоррада – 4,5%. Тауар мен қызмет құны айтарлықтай төмен болғандықтан, елге баратын туристер көп.
- Біріккен Араб Әмірлігінде – 5%. БАӘ Таяу Шығыста ЖІӨ мөлшері бойынша лидер мемлекеттердің бірі.
- Сингапурде – 7%. Жуырда 9 пайызға дейін көтерілетіні туралы ақпарат тарағанымен, билік ресми мәлімдеме жасамады.
- Швейцарияда – 8,1%.Швейцария ҚҚС мөлшері ең төмен мемлекеттердің бірі. Бір жарым жыл бұрын 7,7% болған еді.
- Лихтенштейнде – 8,1%. Бұл елде де бір жыл ішінде ҚҚС мөлшері 0,4 пайызға қымбаттады.
- Корея Республикасында, Аустралияда, Жапонияда – 10%.
Оқи отырыңыз: Мектепті ваучерлік жүйемен қаржыландырғаннан ата-ана не ұтады
№5. Тауар бағасына қалай әсер етеді?
ҚҚС мөлшері ұлғайса, тауар мен қызметтер бағасы қымбаттап, тұтынушының қалтасына салмақ түсуі мүмкін. Үкімет осы орайда әлеуметтік осал топтарды қымбатшылықтан қорғау үшін зейнетақыны индекстеп, әлеуметтік төлемдерді көтермек. Бұл жағдайы жоқ азаматтардың қалтасына салмақ түсірмеуі үшін жасалады.
"Егер реформа қазір айтылғандай жүзеге асырылатын болса, онда, әрине, атаулы әлеуметтік көмекті арттырамыз. Біз оған кіргендердің барлығын қамтимыз. Барлық бюджетшіге жалақыны, зейнетақыны индекстейміз. Сондықтан біз қазір оған мұқият қараймыз", – деді Серік Жұманғарин үкіметтегі брифингте.
№6. Бизнес иелеріне әсері қандай?
Ірі компаниялар ҚҚС-ның көтерілуін шегерімдер мен бизнесті масштабтаудың арқасында өткере алады. Алайда олар тауар немесе қызмет бағасын өсіріп, бұл нәтижесінде оларға деген сұранысты төмендетуі мүмкін.
Шағын бизнестер өнімдері мен қызметтерінің бағасын өсіріп, қиындыққа тап болуы мүмкін. Себебі оларда бизнесті бірден масштабтау ықтималдылығы төмен.
№7. ҚҚС мөлшерін не үшін көтергелі жатыр?
Үкіметтің түсіндіруінше, мұндай өзгеріс бизнестің жүгін жеңілдетіп, экономиканы дамытып, бюджет түсімдерінің мөлшерін арттырады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
"Кәсіпкердің тауары сөреге түспей жатып, ол салықтардың көп бөлігін төлеуге мәжбүр. Үкімет еңбекақы қорына түсетін жүктемені сатылымға ауыстыру арқылы азайтуды ұсынады. Ол үшін ҚҚС мөлшерлемесін көтеріп, бір мезгілде жұмыс берушілерге әлеуметтік салық пен міндетті зейнетақы жарналарын төмендету қажет. Бұл кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оларға қажетті қаржылық резервті құруға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ҚҚС өскеннен кейін бюджет қызметкерлерінің жалақысы индекстеледі
№8. Қазақстанда ҚҚС мөлшері қашан көтеріледі?
28 қаңтарда министр Серік Жұманғарин ҚҚС мөлшерлемесі бойынша шешім қашан қабылданатынын айтты. Оның айтуынша, бұл ақпанның 15-і мен 20-сы аралығында болуы мүмкін.
Бұған дейін үкімет жетекшісі Олжас Бектенов үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚҚС мөлшерлемесін көтеру қажеттігін мәлімдеген болатын.