Тікелей эфир

Нұрпейісов, Әмірбек, Аюханов. 2022 жылы Қазақстанда кімдер дүниеден өтті?

Әбдіжәміл Нұрпейісов
Әбдіжәміл Нұрпейісов
Ресми дерек бойынша, Қасіретті қаңтар оқиғасы барысында 238 адам қайтыс болды.

2022 жыл Қазақстан халқы үшін ауыр басталды. Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың қазасы елдің қабырғасын қайыстырды. Оған қоса биыл өз ісінің майталманына айналып, елдің өркендеуіне үлес қосқан көптеген танымал тұлғалар да өмірден өтті. Информбюро порталы биыл өмірден озған белгілі адамдарды еске алады.

Төлеубек Аралбай

Белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінің иегері Төлеубек Аралбай 21 қаңтарда қайтыс болды.

Ол 1950 жылы Семей қаласында дүниеге келді. 1966 жылы Семей облыстық музыкалық драма театры жанындағы студияны бітірген. 1992-1995 жылдары театр сахнасында еңбектене жүріп Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясын "Драма және кино режиссері" мамандығы бойынша бітіріп шықты.

1976 жылы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданды.

Төлеубек Мұхамеджанұлы ұлттық кино өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан. Ол әр жылдары түсірілген "Айдаһар жылы", "Шоқан Уәлиханов", "Азиат", "Қыз жылаған", "Мұстафа Шоқай", "Рэкетир", "Ликвидатор", "Жаужүрек мың бала" сынды басқа да фильмдерге түскен.

2018 жылы Төлеубек Аралбай "Біздің қаланың ханзадасы" фильміне түскен рөлі үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында өткізілген кинофестивальде "Үздік актер" жүлдесімен марапатталған болатын.

Әбдіжәміл Нұрпейісов

Жазушы, Қазақ КСР Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов 5 ақпанда 97 жасында дүниеден өтті.

Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде туған. 

1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1956 жылы Мәскеудегі Максим Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген, 1962-1964 жылдары "Жұлдыз" журналының бас редакторы, 1992 жылдан халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, 2000 жылдан "Таң-Шолпан" журналы редакторлар кеңесінің төрағасы болды.

Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған "Курляндия" романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. "Курляндия" романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы "Күткен күн" деген атпен қайта жариялады. "Қан мен тер" трилогиясы (1-кітап – "Ымырт", 1961; 2-кітап – "Сергелдең", 1964; 3-кітап – "Күйреу", 1970) және "Сең" (1983), "Соңғы парыз" (1999) романдары дүние жүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. 

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974). 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың "За честь и достоинство", 2003 жылы Халықаралық Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет Белгісі", "Халықтар достығы" (1984), "Отан" (1994) ордендерімен және медальдармен, РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған. 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді.


Оқи отырыңыз: Дулат Исабеков жас жазушылар туралы: Олар біз сияқты романтик емес, прагматик


Юрий Померанцев

23 наурызда 99 жасында "Біздің сүйікті дәрігер" фильмінде ойнаған актер Юрий Померанцев қайтыс болды

Юрий Померанцев – актер, режиссер, Қазақстан Республикасының халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығы мен "Тарлан" тәуелсіз сыйлығының лауреаты, "Отан" жоғары орденінің кавалері, Қазақстанның Еңбек ері.

Сондай-ақ, ол әлемдегі алғашқы балалар театрының негізін қалаушылардың бірі.

Актер 1923 жылы 11 ақпанда Киев қаласында дүниеге келген.

Батыр Қазыбаев

27 наурызда журналист Батыр Қазыбаев 53 жасында ұзаққа созылған дерттен дүниеден өтті.

Ол Алматыда қазақ-совет жазушысы, ҚазТАГ-тың бұрынғы директоры әрі ҚазКСР Компартиясы ОК хатшысы Кәкімжан Қазыбаевтың отбасында дүниеге келген. Анасы – Орынша Қарабалина-Қазыбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген педагогі.

1993 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Әр жылдары Қазақстан Президентінің баспасөз қызметінде, премьер-министр кеңсесінде жұмыс істеген.

Батыр Қазыбаев он жылдан астам уақыт құрамына Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz ақпараттық порталдары кіретін медиахолдингті, "Ретро FM Қазақстан", "Жұлдыз FM" радиостанциясы, СТВ телеарнасын басқарды және "Жетінші арнаның" негізін қалады.

Әбдірәлі Бөлебай

6 сәуірде белгілі диктор, телевизия және радио ардагері Әбдірәлі Бөлебай 70-ке қараған шағында өмірден өтті.

Ол1953 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Алдымен Алматыдағы №46 қалалық кәсіптік техникалық училищені, одан кейін Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген. Сосын Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық телевизия және радио қызметкерлерінің білімін жетілдіру институтында дәріс алған.

Еңбек жолын "Қазақфильм" киностудиясында режиссердің көмекшісі болып бастады. Одан соң, телеарна мен радиоларда қызмет атқарды.
1996 жылы "Хабар" агенттігінде "Жеті күн" ақпаратты сараптау бағдарламасы және "Жаңалықтар" қызметінің жүргізушісі болды. 2002 жылы ҚР Президентінін телерадиокешенінде продюсер, 2004 жылы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемкорлыққа қарсы күрес агенттігі қаржы полициясы баспасөз хатшысы болып қызмет атқарды. Қаржы полициясының полковнигі.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жүректің кенет тоқтауынан қайтыс болатындар саны күрт өсті


Шәмшә Беркімбаева

8 сәуірде Қазақстанның бұрынғы білім және ғылым министрі Шәмшә Беркімбаева 80 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Ол 1942 жылы 10 қазанда Алматы облысында дүниеге келді. 

1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін бітірген.Еңбек жолын ауыл мұғалімі болып бастаған.

Әр жылдары мектеп директоры, Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, білім министрінің орынбасары, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің бірінші хатшысы, Алматы облысы білім басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

Сонымен қатар 1999-2002 жылдары парламент сенатының депутаты, 2002-2003 жылдары білім және ғылым министрі болды.

2003 жылдан 2011 жылға дейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры болды. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, академик Шәмшә Көпбайқызы еліміздегі білім мен ғылым саласының дамуына үлкен үлес қосты.

Сағат Жылгелдиев

16 мамырда Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сағат Жылгелдиев дүниеден өтті.

Ол 1954 жылдың 12 желтоқсанында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққыр ауылында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері.

Сағат Ермағамбетұлы Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын, Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік бөлімін бітірген. 1977 жылдан Қазақ балалар мен жастар театры сахнасында өнер көрсетеді. Сағат Жылгелдиев (И.Сапарбаевтың "Ауылдан келген аруында"), Байжан (И.Ғайыптың "Алтын ажалында"), Абдолла (С.Балғабаевтың "Ең әдемі келіншегінде"), Қожа Ахмет Иасауи (О.Дастановтың "Әзірет Сұлтанында"), Шеге, Байдалы би, Сердәлі (Ғ.Мүсіреповтің "Қыз Жібек", "Ұлпан", "Ақан сері – Ақтоқтысында") т.б. рольдерде ойнаған.

2 шілдеде Өнер академиясының ұстазы, белгілі актер әрі мәдениет қайраткері Отаралы Көлжан өмірден өтті. 

Роза Әшірбекова

8 тамызда халық әртісі, театр актрисасы Роза Әшірбекова 85 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Роза Әшірбекова 60 жылдан аса уақыт Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етті. Актрисаның алғашқы рөлдерінің бірі – Б.Тәжібаевтың "Қарагөз қарындасым" спектакліндегі Анна бейнесі.

Театр сахнасында сомдаған Ләззат (Т.Ахтановтың "Махаббат мұңында"), Хадиша, Сейде (Ш.Айтматовтың "Арманым Әселімі" мен "Бетпе-бетінде"), Шафақ (М.Кәрімнің "Ай тұтылған түнінде"), Гертруда (У.Шекспирдің "Гамлетінде"), Гиацинта (Мольердің "Скапеннің айласында"), Аркадина (А.Чеховтың "Шағаласында"), Клеопатра Львовна (А. Островскийдің "Адам аласы ішіндесінде") рөлдері Роза Әшірбекованың кәсіби шеберлігін танытып, қазақ сахна өнері тарихындағы шоқтығы биік бейнелерге айналды.


Оқи отырыңыз: Театр сыншысы: Ұлттық классика – сахнаға міндетті түрде ұлттық киіммен шығу емес


Тамара Қосыбаева

15 тамызда ҚР еңбек сіңірген артисі, театр және кино актрисасаы Тамара Қосыбаева 95 жасқа қараған шағында өмірден өтті. 

Ол 1928 жылдың 15 нау­рызында Павлодар облысының Ақсу ауданына қарасты №4 елдімекенде дүниеге келді. 1944 жылы Алматыға келіп, киноактерлік бөліміне оқуға түседі. Курсты бітірген соң Ташкент қаласындағы Өнер институтының актерлік бөлімін бітіреді

Аса қадірлі тұлға өлшеулі ғұмырын саф сұлу театр өнеріне арнап, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында ұзақ жылдар жемісті қызмет етті. 

 Ол 30-дан астам фильмдерге түскен. Атап айтсақ, "Балалық шаққа саяхат" (1968), "Шоқ пен Шер" (1971), "Күсен-Күсеке" (1975), "Нан мен тұз", "Сүйкімді" (екеуі де 1975), "Адамдар арасында" (1977), "Сен 12-ге толғанда" (1978), "Саған күшік керек пе?" (1994), "Жамбылдың жастық шағы" (1996), т.б. фильмдер бар. 

Сұлтан Әбенов

Қазақ футболының ардагері Сұлтан Әбенов 20 қазанда 71 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Қызылорда футбол мектебінің түлегі алғаш рет 17 жасында "Автомобилист" командасының сапында жасыл алаңда жарқылдап, жанкүйерлердің жүрегін жаулаған. Қызылордалық команда қатарында КСРО чемпионатында 100-ден астам ойын өткізіп, 33 гол соқты. Сонымен қатар алматылық "Қайраттың" сапында ойнады. 

Футболдағы мансабын аяқтаған соң "Қайрат" командасын басқарды. Әрі қарай партия мен дипломатия қызметіне ауысып, әр жылдары ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚР Парламент Мәжіліс аппараты жетекшісінің орынбасары, ҚР Президент әкімшілігінде қызмет атқарған.

Көпен Әмірбек

9 қарашада сатирик Көпен Әмірбек 72 жасында өмірден озды.

Ол 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастаған. 
 
1973 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп, Владивостокта екі жылдық әскери-партия мектебінде оқыған.
 
1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық жас сықақшылар фестиваліне қатысып, "Правда" баспасынан шыққан "Надейся и жди", "Крохотные звезды" атты орыс тіліндегі ұжымдық жинақта әзіл-сықақтары жарияланды.

"Қазақ әдебиеті", "Егемен Қазақстан" газеттерінде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі, "Білім және еңбек", "Ара-Шмель" журналында жауапты хатшы, Республиканың Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар қызмет істеді. "Ара" журналының бас редакторы, Қазақ радиосы директорының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы сатира кеңесінің төрағасы болған.

Әр жылдары жарық көрген "Аты жоқ кітап", "Алып", "Тілім қышып барады", "Қысыр әңгіме", "Ауызбастырық", "Мың бір мысал", "Неменеңе жетісіп күлесің?", "Өзіңді танисың ба?", "Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін" атты әзіл-сықақ, пародия кітабы арқылы оқырмандарға кеңінен танылды. "Тамаша" ойын-сауық отауының белсенді авторы болып, өзі құрған "Көпен келе жатыр!.." әзіл-сықақ, пародия театрымен де көрерменнің көзіне түскен.

Президент гранты мен "Парасат" орденінің иегері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты.


Читайте также: Алматыда өрт сөндіруші бейнеленген жаңа мурал салынды


Асқар Забикулин

20 қарашада Астанада көп қабатты үйден шыққан өрттен үш адамды құтқарып алған Асқар Забикулин ауруханада көз жұмды. Оның артында әйелі мен екі баласы қалды.

Асқар Забикулин ауруханада жатқанда Президенттің жарлығымен I дәрежелі "Айбын" орденімен наградталған еді. Алайда көп ұзамай денесінің 80 пайызын күйік шалған өрт сөндіруші қайтыс болды.

Ол – азаматтық қорғау капитаны. Еңбек жолын "Қараөткел" ПЧ-9 өрт сөндіру бекетінің қарауыл бастығы болып бастаған. Былтыр Астана Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі кезекшісінің көмекшісі қызметіне тағайындалды. 

Астанадағы көшелердің біріне өртсөндіруші Асқар Забикулиннің есімі берілді. Оның отбасына 3 бөлмелі пәтер табыс етілді. Балаларына болашақта оқу орындарына грант бөлініп, барлық несиесі жабылды. Дүниеден өткен соң "Жыл адамы" байқауында "Алтын адам" сыйлығының лауреаты атанды.

Мархабат Байғұт

26 қарашада жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт өмірден озды.

Ол 1945 жылы 25 мамырда Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы аудандық, облыстық басылымдарда, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған. Жазушының "Шілде", "Нәуірзек", "Қорғансыз жүрек", "Серт пен сенім" және тағы да басқа кітаптары жарық көрген. Оның шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, қарақалпақ, саха тілдеріне аударылған. Сонымен қатар, қаламгер В.Шукшиннің, Ю.Покальчуктің, Ш.Айтматовтың шығармаларын, У.Ирвингтің Мұхаммед пайғамбар туралы кітабын қазақ тіліне аударған.

Әлжан Жармұхамедов

3 желтоқсанда қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, даңқты спортшы Әлжан Жармұхамедов 78 жасында ұзаққа созылған аурудан өмірден өтті.

Әйгілі баскетболшы 1944 жылы Өзбекстанда дүниеге келген. Ол баскетболдан тоғыз дүркін КСРО чемпионы, КСРО құрамасының сапында үш мәрте Еуропа чемпионы атанған. 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасының чемпионы болды. 1980 жылы өткен Монреаль Олимпиадасында да қола медаль иеленді.

Баскетболмен айналысуды аяқтағаннан соң жаттықтырушы қызметін атқарды. Мәскеуде командаласы Сергей Белов екеуі Ресей құрама командасын жаттықтырды. Олар 1994 жылы Канадада өткен әлем біріншілігінде күміс медалға, 1997 жылы Еуропа біріншілігінде қола медальға ие болды.  


Оқи отырыңыз: Олимпиада тарихта үш рет өтпей қап, бір рет шегерілген. Дүбірлі додаға қатысты 10 қызық мәлімет


Болат Аюханов

13 желтоқсанда биші, педагог, балетмейстер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Болат Аюханов 86 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Ол 1938 жылы 13 қыркүйекте Семей қаласында дүниеге келген. 1955 жылы Алматы хореографиялық училищесін бітірген.
Еңбек жолын 1957 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет солисі болып бастаған.

1967 жылы "Қазақконцерт" жанындағы "Алматының жас балеті" ансамблін құрып, билер мен хореографиялық миниатюраларды, композицияларды, балеттерді сахналаған. Аюханов оның тұрақты жетекшісі, педагогы, орындаушысы, концертмейстері болды және өмірінің соңғы күндеріне дейін осында жұмыс істеді.

Оның "Менің балетім", "Сезімдер өмірбаяны" атты кітаптары бар. Еуропа мәдениетінің ХХ ғасырдағы 60 жарық жұлдызы туралы шығатын 25 кітаптың біреуі Аюхановтың өмірі мен өнеріне арналған.  

"Болеро", "Қазақ сувенирі", "Батырлар", "Қыз Жібек", "Гамлет", "Кармен-сюита", "Шыңғысхан" және басқа қойылымдарға қатысқан. "Біздің жеріміздің байлығы", "Жауым, тоғызыншы ұлдан қорық", "Түнектің әміршісі", "Айдай сұлу Айсұлу ертегісі туралы" кинофильмдеріне түскен.

"Құрмет белгісі", "Еңбек Қызыл Ту" ордендерімен марапатталған.

Болат Теміров

20 желтоқсанда бокстан КСРО чемпионы Болат Теміров өмірден өтті.

Болат Теміров 1969 жылы Атырауда дүниеге келді. Бокспен бала кезінен бастап айналысты. Алғаш рет 1985 жылы турнирде жүлдеге ие болды. 1991 жылы Қазанда өткен бокстан КСРО чемпионатында  чемпион атанды, Минскіде өткен КСРО халықтарының спартакиадасында және бокстан КСРО кубогында алтын медальға ие болды. 1992 жылы КСРО сапында Олимпиада ойындарына қатысты. 

Бірнеше рет әлем чемпионаттарының қатысқан Болат Теміров Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ұлттық құраманың капитаны болды. Бокстағы мансабын аяқтағаннан кейін бизнеспен сәтті айналысып, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы қызметін атқарды. Атырау облысының құрметті азаматы болды.

Амангелді Айталы

21 желтоқсанда мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор, Әлеуметтік ғылым академиясының академигі. мангелді Айталы 83 жасында өмірден өтті.

Ол 1939 жылы Ресейдің Астрахан облысы Володарск ауданына қарасты Болдырево ауылында дүниеге келген. Амангелді Айталы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын ауыл мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастап, Ақтөбе мемлекеттік педагогика иниститутында аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор болып еңбек етті.

1999-2007 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болған. Философия ғылымының докторы, профессор, ҚР Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы.

Ұзақ жылдар білім және ғылым саласында қызмет еткен. Бірнеше ғылыми-көпшілік кітаптардың және жүздеген ғылыми мақалалардың авторы.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары