Тікелей эфир

Сатирик Көпен Әмірбек 72 жасында өмірден озды

Бұған дейін Көпен Әмірбектің Астанадағы көпсалалы онкология ауруларын емдейтін орталықта хирургиялық ота жасатқаны белгілі болған.

Белгілі сатирик Көпен Әмірбек 72 жасында өмірден өтті. Бұл туралы "Қазақ радиосының" директоры Дулат Абибуллаев Facebook парақшасында мәлімдеді.

"Белгілі сатирик, журналист, Қазақ радиосының ардагері Көпен Әмірбек 73 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қазақ радиосы ұжымы мен жеке өз атымнан марқұмның бауырлары мен жақындарына және туыстарына қайғыра көңіл айтамын", – деп жазды ол.

Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастаған.
 
1973 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп, Владивостокта екі жылдық әскери-партия мектебінде оқыған.
 
1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық жас сықақшылар фестиваліне қатысып, "Правда" баспасынан шыққан "Надейся и жди", "Крохотные звезды" атты орыс тіліндегі ұжымдық жинақта әзіл-сықақтары жарияланды.

"Қазақ әдебиеті", "Егемен Қазақстан" газеттерінде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі, "Білім және еңбек", "Ара-Шмель" журналында жауапты хатшы, Республиканың Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар қызмет істеді. "Ара" журналының бас редакторы, Қазақ радиосы директорының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы сатира кеңесінің төрағасы болған.

Әр жылдары жарық көрген "Аты жоқ кітап", "Алып", "Тілім қышып барады", "Қысыр әңгіме", "Ауызбастырық", "Мың бір мысал", "Неменеңе жетісіп күлесің?", "Өзіңді танисың ба?", "Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін" атты әзіл-сықақ, пародия кітабы арқылы оқырмандарға кеңінен танылды. "Тамаша" ойын-сауық отауының белсенді авторы болып, өзі құрған "Көпен келе жатыр!.." әзіл-сықақ, пародия театрымен де көрерменнің көзіне түскен.

Президент гранты мен "Парасат" орденінің иегері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары