Белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінің иегері Төлеубек Аралбай қайтыс болды.
"Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ басшылығы мен ұжымы Төлеубек Аралбайдың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтады", – делінген хабарламада.
Актёр 1950 жылы Семей қаласында дүниеге келді. 1966 жылы Семей облыстық музыкалық драма театры жанындағы студияны бітірген. 1992-1995 жж. театр сахнасында еңбектене жүріп Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясын «Драма және кино режиссері» мамандығы бойынша бітіріп шықты.
1976 жылы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданды.
Төлеубек Мұхамеджанұлы ұлттық кино өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан. Ол әр жылдары түсірілген "Айдаһар жылы", "Шоқан Уәлиханов", "Азиат", "Қыз жылаған", "Мұстафа Шоқай", "Рэкетир", "Ликвидатор", "Жаужүрек мың бала" сынды басқа да фильмдерге түскен.
2018 жылы Төлеубек Аралбай "Біздің қаланың ханзадасы" фильміне түскен рөлі үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында өткізілген кинофестивальде "Үздік актер" жүлдесімен марапатталған болатын.