Тікелей эфир

Tozbe авторлары: Әйелдер ғана емес, балалар мен ерлердің де зорлық-зомбылыққа төзбегенін қалаймыз

Tozbe жобасының авторлары. Фото Сәния Мұхамбетқалиеваның жеке мұрағатынан алынды
Tozbe жобасының авторлары. Фото Сәния Мұхамбетқалиеваның жеке мұрағатынан алынды
8 қазан күні Алматыдағы орталық музейде Tozbe жобасының таныстырылымы өтеді.

Shuaq командасындағы қыздар небәрі 17-19 жаста. Бірақ, соған қарамастан, әлеуметтік маңызы зор түрлі жобаларды жүзеге асырып жүр. Солардың арасында қазақстандық азаматтарды зорлық-зомбылықтан құтқаруға бағытталған Tozbe жобасының орны ерекше. Tozbe – мобильді қосымша. Ол адамдар қиындыққа тап болған сәтте жақындарына хабар беруіне көмектесіп, бұл жағдайда не істеу керектігін үйретеді.

Информбюро тілшісі Tozbe жобасының техникалық бөлімінің басшысы Сәния Мұхамбетқалиевамен сұхбаттасып, жоба туралы идея қалай пайда болғанын және оның веб-сайтты қашан іске қосылатынын сұрап білді. 

– Жобаның идеясы туралы әңгімелеп берсеңіз... Неліктен "Төзбе" деп атадыңыздар?

– Қазақстандағы әйел қауымына қатысты зорлық-зомбылық туралы статистикалық мәліметтер, жаңалықтар осы қосымшаның дүниеге келуіне себепші болды. Қиын сәтті бастан өткеріп жатқанда телефон арқылы полицияға қоңырау шалу, көмек сұрау қиынға түседі. Мұндай оқиғалар жаныма қатты батады. Ал Tozbe қосымшасы тиісті команданы ести салысымен мұның барлығын өзі жүзеге асырады. Бірақ, идеяны жүзеге асыруға Technovation байқауы себеп болды. Бастапқыда жобаны "Әйел" деп атағымыз келген, бірақ ақылдаса келе "Төзбе" атауына тоқтадық. Өйткені, зорлық-зомбылық ұғымы тек әйелдер ғана емес, ер адамдарға да, балаларға да қатысты. Біз кімнің болсын зорлық-зомбылыққа төзбегенін қалаймыз. 

– Логотиптеріңіз нені білдіреді?

– Логотипті әйелдің күші мен сабырлықтың нышаны ретінде таңдадық. 


Оқи отырыңыз: "Ажырасу – ұят, ал таяқ жеу – тағдырдың жазғаны ма?" Тұрмыстық зорлық жөніндегі халықаралық сарапшымен сұхбат


Фото Сәния Мұхамбетқалиеваның жеке мұрағатынан алынды

– Бұған дейін қосымшаның жаңа жылға қарай шығатынын айттыңыздар. Дайындық қалай жүріп жатыр?

– Technovation байқауына қатысқан кезде оны Android үшін жасаған едік. Қазір ол толықтай дайын болуға жақын. Ал іOS қосымшасын жасау үшін осыдан екі ай бұрын мамандар іздеуге кірістік. Қазір керек адамдарды тауып, іске кірісіп жатырмыз. Жыл соңына дейін екеуін қатар іске қосқымыз келеді. 

– Қосымшаның механизмін түсіндіріп берсеңіз. Ол қалай жұмыс істейді?

– Tozbe қосымшасын телефонға жүктегенде оған өзіңіз туралы ақпаратты ғана емес, қиын жағдайда көмекке кімді шақырғыңыз келетінін жазасыз. Ол сіздің анаңыз, әкеңіз, ағаңыз, құрбыңыз не басқа да адамдар болуы мүмкін. Аты-жөні мен телефон нөмірін енгізсеңіз болды. Бұдан соң қосымшаға өзіңіздің жеке құпия сөзіңізді тіркейсіз. Сол құпия сөзді дауыстап айтқан кезде қосымша сіз алдын ала тіркеп қойған азаматтарға қиын жағдайға тап болғаныңыз туралы хабарлама мен мекен-жайыңызды автоматты түрде жолдайды.

Сондай-ақ, қосымшаға тіркелген кезде оның қанша уақыт төңіректегі дыбысты жазғанын қалайтыныңызды өзіңіз таңдай аласыз. Әрине, бұл сотта дәлел бола алмайды, өйткені біздің заңнамамызға қарсы. Бірақ, ол бұзақыны қолға түсіруге көмектесуі мүмкін. Жалпы қосымша дауысты жиырма метр радиус ішінде жаза алады. 


Оқи отырыңыз: "Әкесімен ерлі-зайыпты ретінде бірге тұрды". Дағдарыс орталығын паналаған әйелдердің хикаясы


– Ал қосымшадағы чек-парақта қандай ақпарат болады?

– Заңгер мен психологтармен байланысып, қосымша қолданушыларына арнап кішігірім кеңестер дайындадық. Әдетте қиын жағдайға тап болған адам қалай әрекет ету керектігін білмеуі мүмкін. Ал чек-парақта нені сурет пен видеоға түсіру керек, ДНҚ сараптамалары үшін не қажет болады, кімге барып жүгіну қажет деген сынды сұрақтарға жауап жазылған. Бірақ, қолдануға ыңғайлы болуы үшін қосымшаны барынша қарапайым етіп жасағымыз келеді.

Бұдан бөлек, веб-сайт ашып, көлемді ақпаратты сонда салсақ деп отырмыз. Онда басыңыздан өткен оқиғаны анонимді түрде баяндап, кеңес сұрай алатын форум болады. Заңгер мен психологтарымыз сұрақтардың бәріне жауап береді. 

Фото Сәния Мұхамбетқалиеваның жеке мұрағатынан алынды

– Жобаның демеушісі бар ма?

– Жобаға жалпы қанша қаражат қажет болатынын есептедік. Дәл қазір біздің екі демеушіміз бар. Біріншісі – халықаралық Haileybury Almaty мектебі. Тобымызда 8 адам болса, соның бесеуі осы мектепте білім алып жатыр. Екіншісі – "Қазақстанның жастар ақпарат қызметі" қоғамдық қоры. Бұл қордың Zhas Camp акселератор бағдарламасының финалисі болдық.

Бұлардан бөлек, әлі де түрлі бизнес бағдарламаларға қатысып жатырмыз. 

– Топтарыңызда неліктен ер бала жоқ?

– Расымен, солай болып отыр. Бірақ, бізде "бәрі тек қыздар болуы керек" деген талап ешқашан болған емес. Бәлкім, болашақта ер балалар да қатарымызға қосыла жатар. 


Оқи отырыңыз: Қазақ баланы қалай тәрбиелеген? Бізге отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң керек пе?


– "Төзбеден" өзге де жобаларды қолға алу жоспары бар ма?

– Топ ретінде осы жобаны соңына дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бірақ, тобымыздың әрбір мүшесі белсенді және олардың жеке-дара айналысатын өз жобалары бар. Мысалы, Селин Алматыдағы "Аналар үйіндегі" балаларға математика, физика пәндерінен онлайн сабақтар өтеді. Өзі ғана емес, басқа да оқушылардың осылай сабақ өткізуіне жағдай жасайды. Аружанның экологиялық Make it green, Аликсенияның Ymit Academy жобасы бар. Мира Оңғарова да барлық жағынан өте белсенді. 

Фото Сәния Мұхамбетқалиеваның жеке мұрағатынан алынды

– Өзіңіз ше?

– Ал мен бұған дейін көбіне ғылыми жобалармен айналыстым. Ым-ишара тілін аударатын SignLT қосымшасы мен Күн жүйесінің кішігірім моделін жасадым. Соңғы уақытта бар назарым Tozbe жобасында. 8 қазан күні Алматы қаласындағы орталық мемлекеттік музейдегі "Есіктің артында" зорлық-зомбылыққа қарсы көрмеде қосымшамызды таныстырамыз. Келіп қатысып, топ мүшелерімен таныссаңыздар болады.  

Серіктестер жаңалықтары