Тікелей эфир

Қазақ баланы қалай тәрбиелеген? Бізге отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң керек пе?

Былтыр 23 қыркүйекте Мәжіліс депутаттары "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған.

Осыдан бірнеше күн бұрын Нұр-Сұлтанда алпысқа жуық әйел Министрліктер үйіне келіп, "Отбасындағы зорлық-зомбылық" туралы заң жобасына қарсылық білдірді. Көп балалы әйелдер заң жобасын түсіндіруді сұрап, депутаттардың шығуын талап етті. Бірақ, парламентке бармақ болған наразылардың жолын арнайы жасақ бөгеді.

Аталған заң жобасында "отбасылық зорлық-зомбылықтың экономикалық, психиологиялық, күш көрсету түрі бар" делінген.

Яғни, балаңызға ұрыссаңыз – психологиялық, қол көтерсеңіз – күш көрсету, әлеуметтік жағдай жасай алмасаңыз – экономикалық зорлық-зомбылық көрсеткен болып шығасыз. Көпшілік заң жобасын осылай ұқты.

Көпшіліктің ашуын туғызған Заң жобасының 5-бабының  11-тармақшасындағы: "Адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау" деген сөз. Бұл заң қабылданған жағдайда,  ер балаларды сүндетке отырғызу рәсіміне тыйым салынуы, тіпті бұл отбасылық зорлық деп танылуы мүмкін дейді заң жобасына қарсы шығушы топ.  

Заңгер Айгүл Орынбек заң жобасының келіспейтін тұстары бар екенін айтады. Дей тұрғанмен, ол заңға дұрыс көзқараспен қарауға шақырады.

"Яғни, сен көпбалалы болсаң, үйіңнің квадратурасы жетпей жатса, мемлекет үлкен үй алып беруге міндетті деп өзгерту керек.  Яғни, бұл бапты да өзімізге тиімді қылып пайдалануға болады", – дейді ол.

35-баптағы баланың денсаулығына және өміріне қауіп төндіретін жағдай болса, баланы мемлекеттік органдар, сот шешімі шыққанша өз қарамағына бақылауға алады. Яғни, баланың  ата-анасында қалуы немесе қалмауын сот шешеді.
Мәселен, анасы өлімші етіп ұрып, денсаулығына қатты зиян келтіріп, өлім аузына жеткізсе, бала шағым келтірсе, құзырлы органдар арласуға құқылы.   

Ал 5-баптың 11-ші тармағына қатысты, заңгер "Бұл жерде әдет-ғұрып деп тұрғанымыз қинап намазға жығу, хиджап кигізу, еркінен тыс тұрмысқа беру. Яғни, баланы өз еркінен тыс мәжбүрлеп өз сеніміне тықпалау" деп түсіндірді. 

Оның пікірінше,  өгей шешесі күн көрсетпей жүрген үш қыздың әкесіне қайтарып беру біздің қолданыстағы заңымыздың осалдығы. Әйтпесе, өгей шешесі денесін көк ала қойдай етіп ұратынын қыздардың әкесі көрмеуі мүмкін емес.

"Бұл қыздардың психологиясы бұзылған. Олар ертеңге ана, балаларына қандай тәрбие береді", – дейді ол.

Заң жобасында кемшіліктер әлі де көп. Мәселен, Еуропа елдеріндегідей ана баланың психологиясына қарап отыру керек деген тұсы бізге мүлдем сай емес дейді.

"Ол үшін үкімет әрбір ананың шотына айына 10 мың доллардан салып отырсын. Сол кезде ана ала дорбаны арқалап баланы асырау үшін көше кезіп кетпейді. Баланың тәрбиесімен, психологиясымен, мінезінің дұрыс қалыптасуымен, болмысымен айналысады " – дейді заңгер.

Заңгер Абзал Құспан да "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" сияқты заң керек деп есептейді.

"Қазақ баласының құқығы, қара нәсілді, Еуропа нәсілді баланың құқығынан ерекшеленбейді. Бұл заңды БАӘ, Сингапур сияқты мұсылман елдері де қолдаған", – дейді ол.

 Заңгер, сөзден іске көшіп, "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасы жұмыс тобының жетекшісі, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Нұрқина Айгүл Қабдешқызына жолдауды немесе халық атынан петиция жазуды ұсынды.

Қазақ баласын қалай тәрбиелеген?

Этнограф, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтаба бізге бала тәрбиесіне қатысты ешқандай заңның қажеті жоқ. Қазақтың халықтық педагогикасы мен ұлттық үрдіспен тәрбиелеу керек деп есептейді.

"Қазақ баланы ананың бойына біткен сәттен бастап тәрбиелеген", – дейді ол. – Бала бойына біткеннен бастап ана бойын, жүріс-тұрысын түзеп, мінезін қалыптастырып, жаман қылықтардан арылып, денсаулығын қадағалауы, сұлу табиғат көріністерін тамашалап, әсем ән-күй тыңдап алған әсерін жан күй тебіренісі арқылы іштегі нәрестеге жеткізе білуі тиіс. Өйткені ана қуанса іштегі бала да қуанады, қайғырса қайғырады. Ананың бойындағы мінез-құлқы, денсаулығындағы ақаулар құрсақтағы балаға беріледі. "Сүтпен біткен сүйекпен кетеді" – деген қазақ.

Айтуынша, бала дүниеге келгеннен бастап жасалатын әдет ғұрып, салт дәстүріміз қаншама. Шыр етіп жарық дүниеге келген нәрестеге шілдехана жасап, ән күймен күтіп алатын ел бар ма?

Баланы бесікке бөлеу,  кішкентай кезінен құйрық май сорғызудың өзі ұлттық кодымыздың бірі. "Жаңашылмыз" деп баланы бесіктен айырдық. Құлақ ашып, азан шақырып ат қою ұмытылды.

Қазақ қызды қонақ деп ерекше қастерлеген. Қыздың көзінше дөрекі сөйлемеген. Ал қыздың тәрбиесіне анасы мен әжесі жауапты болған.

Бізге ұлттық тәрбие мен ұлттық педагогика керек.  Ол балабақшадан басталады. Мәселен Өзбекстан Президенті балабақша министірлігін құрды. Тәрбиені балабақшадан бастады. Біз бастыстан емес, үлгіні көрші Өзбекстаннан алуымыз керек, дейді этнограф.

"Қыздың ұяты шешеде, ұлдың ұяты әкеде". Ал бізде  әкенің рөлі төмендеп кетті. Жұмыс жоқ. Табыс табатын әйел", – дейді ол.

Баланы асырап бағу, тәрбиелеп өсіру әкеге де міндет. Кейбір жанұяда баласы жаман қылық танытса күйеуі әйеліне: "Сен осы балаға қарамай, не істеп отырсың?" деп жерден алып, жерге салады. Барлығын шеше байғұсқа ысыра салып отыратын осындай әкелер көп. Әке дөрекелік мінез көрсетіп, балаларына немқұрайлы қараса, ол тәрбие емес. Тәрбиешінің өзі тәрбиеленген болу керек. Сәби екеуінің ортақ баласы.

"Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасы жұмыс тобының жетекшісі, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұрқина Айгүл Қабдешқызы осы заң туралы жазбаға былай деп пікір білдірген:

"Жыныстық еркіндік", "экономикалық зорлық-зомбылық", "психологиялық зорлық-зомбылық" ұғымдары қайта қаралды. Бүгінгі таңда жекелеген азаматтар тарапынан бұрмаланатың "жыныстық еркіндік", "жеке дамудың бұзылуына әкелетін" сөздер бұл ұғымдарда алынып тасталды.

"Сексуалдық зорлық", "экономикалық зорлық", "психологиялық зорлық", "физикалық зорлық" ұғымдары біздің заңнама үшін жаңа ұғымдар емес. Егер "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" 2009 жылғы заңның 4-бабына қарасаныз, "жыныстық еркіндік" деген сөзімен бірге, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрі көрсетілгендігін көресіз.

Бұл заңға 12 рет толықтырулар мен өзгерістер енгізілген, сол кезенде осы өзгерістерге байланысты ешбір азаматтар тарапынан ұсыныс, пікір, талап тілектердін болмаған.

Заң жобасының көптеген қарсылыстары балаларды отбасынан алу, оларды басқа отбасыларға беру нормалардың бар екендігін айтып жатыр.

Сонымен қатар, 35, 36-баптардың нормалары қолданыстағы неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексті ескере отырып қайта қаралды және балаларды отбасынан алу бойынша ешқандай рәсімдер жоқ.

Себебі, аталған нормалар жұмыс тобының шешімімен алынып тасталдығының атап өтемін.

Оның айтуынша,  заң шығару процесі әрдайым дамып, жетіліп отырады. Барлық жұмыс уақытында заң жобаларының нормалары елеулі өзгеріске ұшырады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді.

"Заң жобаларының бірінші оқылымда қабылдануы олардың түпкілікті қабылданғанын білдірмейді. Бірінші оқылымда тек заң жобасының тұжырымдамасы талқыланды, бұл депутаттық корпус отбасы тұтастығы құндылықтарын нығайту және дамытуды көздейді. Сол тұрғыдан отбасымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру мәселелері қоғам үшін маңызды фактор екендігін атап өтеді", – дейді депутат. 

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қоғам наразылығын тудырған заң жобасына қатыстымәлімдеме жасады.

"Біздің дініміз бен дәстүрімізде, күнделікті өмір сүру дағдымыз бен ұлттық болмысымызда ата-ананың ұрпақ алдындағы аманаты, баланың перзенттік парызы, олардың бір-біріне қатысты тәрбие үлгілері бағзы заманнан қалыптасқан. Осынау құндылықтар ғасырдан ғасырға жалғасып келеді", – дейді ол.

Бас мүфти біз ешқашан өзгенің таным-түсінігімен өмір сүре алмайтынымызды, ұстанатын дініміз бен арқа сүйер салтымыз бар екендігін айтты.

"Күнделікті өмірде дағдымызға айналған ғұрпымыз бар.Әрине, біз отбасындағы зорлық-зомбылыққа түбегейлі қарсымыз. Өз ұрпағына, аманат етіп алған жарына қол көтеріп, зиян шектіргендер қылмыстық әрекеті үшін заң алдында жауапқа тартылуы тиіс. Алайда бала құқығын алға тартып, оның әдепсіз әрекет жасауына жол беру дұрыс емес. Бұл – бала болашағына балта шабатын қадам", – деді. 

Осындайда: "Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді" деген нақыл сөз еске түседі. Баладан ұят кетсе, иман кетеді. Біз жас буынды "ұят болады, обал болады, сауап болады" деген тәрбиелік мағынасы терең түсініктермен жөнге салған халықпыз. Осы үш ұғымды өмір сүру дағдысына айналдырған бозбала мен бойжеткен ата-анасын, одан қалса елі мен жерін ұятқа қалдырмайды.   

"Әр адам өз отбасына жауапты. Осы жауапкершілікті саналы түрде сезінген ата-ана бала тәрбиесіне тиянақты түрде мән береді. Ол үшін ең әуелі өзінің әдебі мен мәдениетіне мән беруі қажет. Ғұламалардың: "Бала тәрбиелеуден бұрын өзіңді тәрбиеле" деген сөзінде үлкен мән жатыр. Баламызды бес жасқа дейін патшадай күтіп, мәпелеп өсірсек, он бес жасқа дейін өмір тіршілігіне икемдеп, еңбекке баулып, үлкенге қызмет етіп, батасын алуға тәрбиелесек, он бес жастан кейін онымен жеке тұлға, өзіндік ойы бар азамат ретінде пікірлесіп, ақылдасып, жиі сырласып-сұхбаттассақ, үміт еткен ұрпағымыздың жақсылығын көретініміз анық", – дейді ол. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары