Ішкі істер министрлігінің дерегінше, былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылық 4,7%-ға өскен. Зардап шеккендердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Олардың көпшілігі дағдарыс орталықтарына барады. Информбюро тілшісі Нұр-Сұлтан қаласындағы "Үміт" дағдарыс орталығын паналаған әйелдермен тілдесті.
Ескерту: Қауіпсіздік мақсатында кейіпкерлердің есімі өзгертілді
"Енем араға түсті, ата-анам үйге сыйдырмады"
Сайрагүл 36 жаста. Үш баласы бар. Тараз қаласының тумасы. Дағдарыс орталығын үш айдан бері паналап келеді. Айтуынша, мұнда келуіне ата-анасы, күйеуі және енесі себеп болған.
"Бірінші күйеуіммен арамызға енем түсе берген соң, тұңғышым 1,5 жаста болғанда ажырасып кеттік. Себебі, менің фельдшер болып жұмыс істегенімді жақтырмады. Алайда күйеуім де жарытып табыс таппайтын. Айырылысып кеткен соң, алты жылдай ата-анаммен бірге тұрып, солардың жағдайын жасадым. Бір жағынан өзіме үй алу үшін ақша жинадым. Кейін енем хабарласып, баласымен қайта қосылуымды сұрады. Келістім. Қанша дегенмен баламның әкесіз өскенін қаламадым", – дейді ол.
Айтуынша, жинаған ақшасына үй сатып алып, енесінен бөлек тұрғысы келген. Алайда күйеуі көлік алуды көздепті. Сайрагүл бәрібір бөлек бір үй болғанын жөн көріп, әпкесінен көмек сұраған.
"Әпкем бұл әңгімені ата-анама жеткізіпті. Олар менен үй салуға ақша сұрады. Бермесем, менімен араласпай кететінін айтты. Маған ата-ана, бауыр керек болғандықтан келістім. Алайда олар көлік алды, той тойлады, үйді шала-шарпы салып қойды", – дейді ол.
Содан қайтадан үйсіз-күйсіз күндер басталған. Пәтер жалдап тұрып жүргенде екі бала өмірге келеді. Кішкентайы сегіз айлық болған кезде енесінің жанына көшіп барады.
"Енем араға түсуін бастады. Күйеуіме жұмыс істетпейді. "Мен жұмысқа шығайын, сендер балаға қараңдар" десем, намыстанады. Бірдеңе қылып күн көру керек. Сосын балаларды уақытша балалар үйіне орналастырып, бір-екі айлыққа ілінген кезде алып кетейік деп ақылдастық. Себебі, менің ата-анамның да балаларға қарайласқысы келмеді. Енем рұқсат берді. Бастысы өзімізбен-өзіміз болуымызды сұрады. Сөйтсем, артынша ата-анама хабарласып, "қыздарың есінен ауысқан, балаларын балалар үйіне өткізді" деп жамандапты. Бірақ, бұл жағдайдан соң, анам балаға қарап беруге келісті", – деп жалғастырды ол.
Осыдан кейін Сайрагүл қайтадан ажырасып кеткен. Тапқан табысының жартысын ата-анасына беріп, жартысын депозитке жинаған. Алайда балаларының жағдайы алаңдатқан.
"Жұмыс істеп жүргендіктен, балаларымды аптасына бір-ақ рет көремін. Бір келсем, баларымның қолы күйіп қалыпты, енді бірде келсем, көмір жеп жүреді, тоңып отырады. Жағдайы мәз емес болды. Ата-анам үйдің іші-сыртын жасап беруімді сұрады – балаларым үшін бар айтқанын орындадым. Үй менің атымда болатын, өздеріне аударып беруімді сұрады. Орнына маған ескі үйді аударып беруін өтіндім. Берді. Бір күні келсем, әкем ішіп алған. Анам бір баланы алып, кетіп қалыпты. Екінші бала да кішкентай, үйде жүр. Сосын бұлай болмайтынын түсіндім. Балаларға өзім қарайын, ата-анам жұмысына шыға берсін деп ойладым. Мен табыс таппай қалып едім, ата-анам түртпектеуді бастады. Ел-жұрттан ұялатынын айтып, басқа күйеуге шығуымды талап етті", – дейді Сайрагүл.
Сөйтіп Сайрагүл амалсыз екінші күйеуге шығуға мәжбүр болған. Алайда ол да не өзі жұмыс істемеген, әйелін де жұмысқа шығармаған.
"Шыдай алмай, қайтадан төркініме баруды ойладым. Менің атымдағы ескі үйді жалға бергім келді. Сөйтсем, ата-анамның менің атыма аударғаны туралы қағазы жарамсыз болып шықты. Мені неге алдағанын сұрасам, шу шығарды. Оларды өлтіре алмай жүргенімді айтып, жылады. Сол кезде олармен де ат құйрығын кесістік. Амалсыз, екінші күйеуіме бардым. Ол бізді қабылдады, бірақ үйге кіргізбей қоюды шығарды. Өзі жұмысқа кетсе, бізді шығарып, есікті жауып кететін. Қайталана берген соң, жұмысына бардым. Түнгі сағат бір кезі. Далада баламның дене қызуы көтеріліп, ауырып отыр. Сол кезде шыдамым таусылып, полиция шақырдым. Келген учаскелік полиция бізге өтірік айтып, кетіп қалды. Түнімен балалармен қонақүйде қалуға мәжбүр болдым. Ертеңінде полиция бөлімшесіне бардық. Олар бізді осы дағдарыс орталығына жолдады", – деді Сайрагүл.
Сайрагүл қазір де жұмыссыз отырған жоқ. Тапсырыспен үй-үйге барып, ине салып береді. Айтуынша, баспана алуға бастапқы жарна жинап қойған. Алайда зейнатақы есебінде аударма болмағандықтан, табыс көзін растай алмай отыр.
"Ресми түрде жұмысқа шығайын десем, вакцина паспортын талап етеді. Ал менің екпе салдырғым келмейді", – дейді ол.
"Күйеуім ұрып-соғып, онкология орталығына жатып шықтым"
Жанар 43 жаста. Атырау қаласының тумасы. 2004 жылы түркістандық жігітпен тұрмыс құрып, елордаға көшіп келген. Алайда заңды некеге тұрмаған, тек мұсылмандық неке қиған. Айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық тұңғышын босанған кезде басталған.
"Жолдасым ішімдік ішпейтін, темекі шекпейтін. Алайда 2010 жылы тұңғышымды босанған соң қол көтеруді бастады. Неге екенін түсінбейтінмін. Қызғануға да мүмкіндік бермейтінмін, себебі әр басқан қадамымды бақылауда ұстайтын. Тіпті аулаға артық-ауыс шықпайтынмын. Жұмыс істетпеді. Өзі жеке кәсіпкер, құрылыспен айналысады. Баламның көзінше мені ұрып, "Шешеңмен қалсаң, құл болып кетесің", – деп, маған қарсы қойып отыратын. Сол кездерде кетіп қалғым келді. Баламнан сұрасам, әкесімен қалғысы келетінін айтты. Сол үшін шыдадым", – дейді ол.
Жанар 2016 жылы екінші баласын босанады. Бұл кезде де ұрып-соғу тоқтамаған.
"2017 жылы басымды жарып тастады. Жәдел жәрдем шақырмай қойды. Өзін қамап тастайды деп қорықты. Интернеттен хирург тауып, шақырды. Одан кейін де ұрды. Былтыр қатты ұрып тастағаны сонша, бүкіл денем көгеріп кетті. Тағы да полицияға шағымдана алмадым", – дейді Жанар.
Айтуынша, осы жағдайдан соң кеудесінде түйін пайда болған. Маммолог бұған травма себеп болғанын айтқан. Қатерлі ісікке айналып кету қаупі болған. Себебі түйін үш айда 5 см-ге дейін өскен. Осы уақытта Жанар дағдарыс орталығына баруға шешім қабылдаған. Алайда орталықтағылар операциядан кейін келуін сұраған.
"Осы қалада сіңлім тұратын. Балаларды соған қалдырып, ауруханаға жаттым. Сол кезде күйеуім баламды алдап алып кетіпті. Ауруханадан шыққан соң балалар үшін үйге қайтайын деп шештім. Алайда күйеуім қол көтеруді қоймады. Тіпті кейде жанжал ушыққаны соншалықты, не ол мені, не мен оны өлтіретіндей жағдайға дейін жететін. Содан кейін ойландым. Маған бір нәрсе болса, балаларымның күні не болады? Оның үстіне жолдасым соңғы екі жылда үйге қонбайтын. Қайда жүргенін сұрасам, түнгі бригадамен жұмыста екенін айтады. Пандемия кезі болғандықтан, сендім. Сөйтсем, ол кісінің екінші отбасы бар екен. Жақында білдім", – дейді Жанар.
Қазір Жанар дағдарыс орталығында кіші баласымен бірге тұрады. Үлкені әкесімен қалуды шешкен.
"Қазір сот 11 жасқа толған баладан ата-анасының қайсымен қалатынын сұрайды. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. 11 жас – баланың мойнына шешім қабылдау жауапкершілігін беру үшін тым ерте жас. Бұл жастағы балалар тез алданып қалады. Күйеуім де баланы солай бір нәрсе алып беремін деп алдады ма деп ойлаймын. Себебі ол әкесінің мені қалай ұрып-соққанын көзімен көрді", – дейді ол.
Жанар орталықта жүргенде шашқа арналған сұлулық процедураларын жасауды үйренген. Азын-аулақ табысы да бар. Бұл жерден шыққан соң Атырауға, анасының жанына оралуды жоспарлап отыр.
"Әйелдер тек күйеуінен ғана зорлық көрмейді"
Нұр-Сұлтан қаласындағы "Үміт" дағдарыс орталығы директорының орынбасары Шынар Елтайқызының айтуынша, орталыққа келгендердің бәрі күйеуінен қорлық көргендер емес.
"Біздің құрбандармыз тек күйеуінен ғана емес, ата-анасынан, бірге туған бауырларынан да қорлық көрген. Биыл күзде бір қыз түсті. Түркістанның тумасы. Әкесі екеуі Нұр-Сұлтанда тұрады. Аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Сол қыз үйде босанып қалған. Жедел жәрдем келгенде кеш болып, бала шетінеп кеткен. Дәрігерлер оларды ауруханаға апарып, қарап, баланың әкесі туралы сұраса, мардымды жауап ала алмаған. Осыдан екі жыл бұрын бейтаныс біреу алып қашып кеткенін, бірақ кетіп қалғанын айтқан. Айтуынша, баланы да сол кезде көтерген. Яғни, шындықты жасырған. Сосын олар бізге хабарласты. Біз қызды орталыққа қабылдадық, психологтарымыз жұмыс істеді. Кейін анықталғандай, анасы біраз жыл бұрын қайтыс болған. Ал қызы әкесімен ерлі-зайыптылар сияқты күн кешкен. Бұл жағдай қашан басталғанын білмейміз. Бізге түскен кезде қыз 24 жаста еді. Қыздың аяғы ауырлап қалмаса, ешкім бұл жағдайды білмес еді. Алайда әкесі оған психологиялық манипуляция жасағаны сонша, өзінен басқа ешкімге керек емес екеніне сендірген. "Біреуге айтсаң, мені соттап жібереді. Ал сен аштан өлесің" деп қорқытқан. Қыз оқу-жазу білмейді. Сөйтіп жағдайы оңалған соң Түркістанда тұратын туған әпкесінің жанына жібердік. Алайда әкесіне ештеңе болмады. Әлі Нұр-Сұлтанда тұрып жатыр. Қыз кәмелеттік жасқа толмаған болса, қылмыстық жауапкершілікке тартуға болар еді. Қыздың өзі де арыз жазбады", – дейді Шынар Елтайқызы.
Оның айтуынша, орталықты жыл басынан бері 75 әйел, 161 бала паналаған. Оның көбі – оңтүстік өңірдің тумасы. Қазір 46 адам тұрып жатыр. Оның 32-cі – балалар. Олар мұнда 2-6 ай шамасында тұра алады. Осы аралықта қажетті психологиялық, құқықтық көмек көрсетіледі. Мамандығы барына жұмыс табуға, білімі жоқтарға бір мамандық игеруге көмектеседі.
"Кейде орталыққа келгендер қайтадан үйіне оралуды шешеді. Ондайда қолдаймыз. Зәбір көрсеткендерді шақырып, сөйлесеміз. Кейде учаскелік полиция шақыртып, екінші рет қайталанатын болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтып қорқытамыз. Алайда заң бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Сол үшін заңға өзгеріс енгізу керек. Бір рет ескерту берілгеннен кейін, тағы қайталаса, қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет. Аз дегенде 1-2 айға қамау керек. Шетелдерде қоғамдық жұмысқа тарту жазасы бар. Соны енгізуге болады. Айыппұлды алып тастағаны дұрыс болды. Себебі татуласса, оны көп жағдайда әйелі төлеуге мәжбүр болатын", – дейді ол.