Тікелей эфир

"Ажырасу – ұят, ал таяқ жеу – тағдырдың жазғаны ма?" Тұрмыстық зорлық жөніндегі халықаралық сарапшымен сұхбат

SafeNest агенттігінің басшысы Лиз Ортенбургер
SafeNest агенттігінің басшысы Лиз Ортенбургер
ДДСҰ әлем бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының көбеюі инфекциялық эпидемия деңгейіне жеткенін мәлімдеді. 

Пандемия кезінде көптеген әйелдер үшін өз шаңырағы да қауіпсіз болудан қалды. Қазақстандағы АҚШ Миссиясының тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату жөніндегі қызметі аясында Informburo.kz тілшісі америкалық SafeNest агенттігінің басшысы Лиз Ортенбургермен сұхбаттасты.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалай анықтауға болады?

– Тұрмыстық қысым көрсетудің бірнеше – физикалық, эмоциялық, қаржылық, қорқыту-үркіту секілді түрлері бар. Жалпы алғанда, кез келген адамды басқа біреудің бақылауда ұстауы не оған қысым көрсетуін тұрмыстық зорлық-зомбылық деп атауға болады.

– Қазақстанда әйелінің жұмыс істеуіне мәжбүрлеп тыйым салатын күйеулер көп. Мұндай жағдайда не істеу керек?

– Ер адамның қоғамдағы патриархалды құрылымы баяғы заманнан келе жатқан мәселе. Оның қателігін АҚШ-та адамдар өткен ғасырдың 50-60 жылдары ұғына бастап, содан кейін жағдай кішкене өзгерді.

Сіздің сұрағыңызға қатысты әйелдерге екі кеңес берер едім. Біріншіден, әйелдер тұрмысқа шықпас бұрын болашақ жолдасымен ашық сөйлесіп алғаны абзал. Таңдаған ерінің оның жұмыс істеуіне, шығармашылықпен айналысуына көзқарасы қалай? Екі арадағы теңдік қай деңгейде сақталады? Баланы қалай тәрбиелейді? Осы сұрақтарға қатысты қарым-қатынастың басын алдын ала ашып алу керек. Ал алдын ала мұндай келісім болмай, үйленгеннен кейін ер адам әйеліне бақылауды күшейтіп, зорлық көрсете бастаса, сабыр сақтап тағы да бәр мәрте әңгімелесу керек. Егер ол сөзге құлақ аспаса, өз көзқарасын ол сөзін тыңдайтын достары не ағалары арқылы жеткізгені абзал. Тек осыдан кейін ғана батыл шешімдерге баруға болады. 


Оқи отырыңыз: "Әкесімен ерлі-зайыпты ретінде бірге тұрды". Дағдарыс орталығын паналаған әйелдердің хикаясы


– Сіздіңше, тұрмыстық зорлық-зомбылықты заң тұрғысынан қылмыс ретінде қарастыру керек пе?

– Иә, зорлық-зомбылықтың бұл түрі де – қылмыс. Көшеде бөтен адам сізге шабуыл жасаса, зорлық көрсетсе, ол қылмыс қой. Зорлықшы заңмен жазасын тартады. Сол секілді, біреу үйінің ішінде, яғни "жабық есіктің артында" осындай зорлық-зомбылық көрсетсе, ол да заң жүзінде тергеліп, қылмыскер жазалануы тиіс. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың заңда көрініс табуы ол бойынша нақты шаралар қолдануға, зорлықшыларды тыюға жол ашып, зорлық-зомбылық құрбанына еркін өмір сүруге мүмкіндік береді.

– Американың 2,5 миллионға жуық адам тұратын Кларк округінде полиция қызметкерлерінің 90%-ы – ер адам. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер көп жағдайда полицияға арызданудан қорқады, өйткені, ер полицейлер мәселеге бей-жай қарап, өздеріне көмектеспейді деп ойлайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерімен жұмыс істеуге әйел полицейлер жұмылдырылса, бұл мәселені қаншалықты шешеді?

– Әсері орасан зор болады. Мысалы, Рио-де-Жанейрода тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларымен жұмыс істейтін полиция ғана емес, тергеушілер де – түгелімен әйел қызметкерлер. Осыған байланысты Рио-де-Жанейрода тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тіркелуі, оның сотқа жету нәтижесі жоғары. 

– Неге әйелдер өзіне зорлық-зомбылық көрсеткен агрессормен қарым-қатынасты жалғастырады?

– Мұның бірнеше себебі болуы мүмкін. Ең жиі кездесетіні – әйел адам мұндай жағдайдан шығу жолын білмейді. Агрессордан тәуелсіз болу жолын ойлай да алмайды. Оның үстіне зорлық-зомбылық көрсетілгеніне қарамастан екі адамның арасындағы қарым-қатынас бар. Олар – махаббат, сүйіспеншілік не бірге тәрбиелеп жатқан балалары. Сондай-ақ, қоғамдық дәстүр, көзқарас, мәдениет, діннің де әсері жоқ емес. Қазақстанда ажырасуды жамандықтың белгісі деп санайтын түсінік қалыптасқан. "Туыстардан ұят болмасын" дейді көбі.

Фото reviewjournal.com сайтынан алынды

– Әйелдер кінәлі болмаса да, оларда жауапкершілік бар ғой. Оларға арыздануға болатынын, зорлық-зомбылыққа шыдап отырмау керек екенін қалай түсіндіруге болады?

– Әйел адамдардың білімін арттыру керек. Бізде әйел адамға қамқорлық, көмек көрсетіледі. Мысалы, үш жылдан бес жылға дейін мекен ететін орын беріледі, балаларына қаржы бөлінеді, жұмысқа орналасқанда, сотта ажырасу ісінде көмек көрсетіледі. Қолдау болатынын білмеген соң, талай әйел адам зорлық көріп жатса да, шыдауға бекінеді.


Оқи отырыңыз: "Бетіңе қышқыл шашып, пышақтап кетемін". Дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр әйелдердің оқиғалары


– Агрессорды оңалтуға бола ма?

– Иә, болады. Бірақ, ол өте күрделі мәселе. Ең алдымен агрессордың түсінігі болу керек, яғни, ол жауапкершілікті түсінуі керек. Әртүрлі бағдарламадан өтуге дайын болуы қажет. Бізде агрессорды оңалтуға арналған бағдарлама жұмыс істейді. Кларк округінде жыл сайын 1 500-ге жуық ер адам осындай бағдарламадан өтеді.

– Отбасында агрессордың өсіп келе жатқанын қалай байқауға болады? Қандай сипаттары бар?

– Біріншіден, бала отбасында әке-шешесінің арасындағы зорлықты көріп өссе, олардың да өскенде осы жолға түсуі мүмкін. Есейген ер бала айналасындағы достарына, туыстарына, әке-шешесіне кейде қысым көрсетсе, кейде дауыс көтеріп, адамдарды басқарғысы келіп тұратыны байқалса, бұл – агрессорлықтың белгісі. 

– Сіз басқаратын Safe Nest агенттігі қалай жұмыс істейді? Қанша адамға көмектесіп, қанша адамды зорлық-зомбылықтан аман алып қалдыңыздар?

– Жыл сайын біздің округімізде 30 мыңдай зорлық-зомбылық құрбанына көмектесеміз. Жұмыс істеп келе жатқан 40 жылда бір миллионға жуық адамға көмек көрсеттік. 

– Қазақстанға да осындай ұйым қажет деп ойлайсыз ба?

– Сіздерде мұндай ұйымдар бар, бірақ менің білуімше, олардың арасында зорлық-зомбылық көрсеткен агрессор ер адаммен жұмыс істейтін ұйымдар жоқ. Осы бағытты жолға қойған жөн. Мұндай бастама болса, халықаралық ұйымдар көмек көрсетуге дайын деп ойлаймын.

Серіктестер жаңалықтары