Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының саны артып келеді. Бұрын елдегі әр бесінші отбасында күйеуі әйеліне қол жұмсайтын болса, қазір әр үшінші әйел әлімжеттікке тап болады. Дағдарыс орталықтары одағының мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 400-ге жуық әйел күйеулерінің зорлығынан қаза табады. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан арашалап, қоғамдағы рөлін арттыру үшін не істеу керек? Informburo.kz күйеулерінен зорлық көрген әйелдердің әңгімесі мен сарапшылардың пікірін ұсынады.
Ескерту: Қауіпсіздік мақсатында кейіпкерлердің есімдері өзгертіліп берілді.
"Үйде аш отыруға мәжбүр болдым"
39 жастағы Лаураның Алматыдағы дағдарыс орталығын паналап жатқанына бір айға жуықтаған. 10 жасар ұлын жетектеген жүкті келіншек мұнда Шымкент қаласынан қашып келіпті. Күйеуі құмар ойынына салынып, отбасының шырқын бұзғасын Лаураның үйден кетуден басқа амалы қалмаған.
"Тұрмысқа шығып, енді жүкті болғанымда күйеуім басқа әйелмен көңіл қосып, тастап кетті. Әке-шешемнің қолына барып, тұңғышымды дүниеге әкелдім. Қазір ұлым 10 жаста. Осыдан кейін еркек атаулыға сенуден қалдым. Бірақ, жалғыздық жаныма батқасын, 2017 жылы өзімнен 10 жас үлкен ер азаматқа тұрмысқа шықтым. Ол да ажырасқан, бір баланың әкесі. Алғашында жүріс-тұрысы, сөзі түзу сияқты болып көрінді. Алайда кейін алданғанымды түсіндім", – деді Лаура.
Оқи отырыңыз: Күйеудің тепкісі – әйелдің соры, баланың қатыгезденуі
Оның айтуынша, күйеуі үйленген соң, үш күннен кейін қол көтеруді шығарған. Аядай пәтерге бірнеше досын әкеліп, күні-түні ішімдік ішуді әдетке айналдырыпты. Одан қалды тапқан-таянғанын құмар ойынға құртып, аяғы ауыр келіншегін аш отыруға мәжбүр еткен. Келіншек күйеуінің бұл қылығына шағымданса, таяқтың астына алады.
"Күнде кешкісін букмекерлерге барады. Үйде ақша қалдырмай, тіпті аш отырған кезіміз болды. Өз балама ата-әжесі 5000 теңге берген еді, оны да тартып алып, құмар ойынға жұмсады. Сегіз айдан соң шыдамым таусылды, қолымды бір сілтеп үйден кетіп қалдым. Қазір мұнда екенімді ешкім білмейді. Ата-анама да айтпадым, көңілдеріне қаяу салғым келмеді. "Тағы да ажырасты" дей ме деп, осында келдім", – деп мұңын шақты Лаура.
Ол дағдарыс орталығында оңалып, құрсақтағы баласын бауырына басқасын Шымкентке қайтуды ойлап жүр. Бірақ араққа әуес күйеуіне ендігәрі оралғысы жоқ. Бар мақсаты – ажырасуға арыз жазып, бөбегіне алимент өндіру.
"Көкала қойдай сабап, қабырғамды сындырды"
33 жастағы Жайнаның тағдыры тіптен қиын. Барар жер, басар тауы жоқ келіншек дағдарыс орталығына осымен екінші мәрте келген. Күйеуінен әбден қорлық көрген ол басынан өткенді көзіне жас ала отырып баяндады:"Өгей шешем үйге сыйғызбады. Онымен бір шаңырақ астында тұрғым келмеді. Сөйтіп, 15 жасымда өзімнен 14 жас үлкен, ажырасқан еркекпен үйден қашып кеттім. Әкем мен бауырларым бұл қылығыма наразы болып, "егер оны таңдасаң, бізді ұмыт" деп шарт қойды. Бірақ мен күйеуімді таңдадым. Оның жылы сөздеріне сендім. "Өзім оқытамын, сені ешқашан ренжітпеймін" деп, айтқанына көндірді".
Оқи отырыңыз: Әлемдегі әскердің әйелге әлімжеттігі
Туыстарының теріс айналғанын пайдаланған күйеуі Жайнаны уысына түсіргесін үйіп-төккен уәдесін ұмытады. Келіншегін үйден шығармай, мектепке баруына, ел-жұртпен арласуына тыйым салады. Сөйтіп, Жайна торға түскен құстай күйеуінің айтқанымен өмір сүреді. Соған қарамастан, зорлықшыл отағасы әйелін еш себепсіз сабауды әдетке айналдырады.
"Мас болмаса да, еш себепсіз ұрып-соғады. "Мен сені өзімнен де қызғанамын" деп күнде ұрады. Ал біреу бетіме қарап сөйлесе, ол күні тіптен оңдырмайды. Көкала қойдай етіп, қабырғам мен мұрнымды сындырған кезі болды. Мұндай қорлыққа шыдамай, балаларымды алып қашып кетуге тырыстым. Бірақ ол "сен оқымағансың, өмірі жұмыс істемегенсің, көмектесетін ешкімің жоқ" деп, мені үнемі қорқытатын. Содан сескеніп, шыдауыма тура келді", – деді Жайна.
Ол жұбайымен 16 жыл бірге тұрады. Бұл аралықта үш бала дүниеге келеді. Ал 2018 жылы отбасындағы үлкен жанжалдан соң, зәбір көрген келіншек балаларымен бірге үйден қашып кетеді. Олар дағдарыс орталығына келіп, психологтардың көмегіне жүгінеді. Орталықта алты ай бойы оңалғасын, келіншек жаңа өмір бастайды. Жұмысқа орналасып, пәтер жалдап, бала-шағасымен бөлек тұрады. Алайда күйеуі қаңтар айында отбасының тұрып жатқан пәтерін тауып алып, тағы да соққы астына алады.
Оқи отырыңыз: "Елден жырақ жерге апарып, үш ай бойы сиыр бақтырды"
"Балалармен бірге күштеп алып кетіп, 2 күн үйінде қамап ұстады. Телефон мен киімдерімді тартып алып, ұрып-соқты. "Енді кетсең, көрген жерімде бетіңе қышқыл шашып, пышақтап кетемін" деп қорқытты. Бірақ, амалын тауып, қашып шықтым. Қайтадан дағдарыс орталығына келуге мәжбүр болдық. Себебі, туыстарыма баруға, жағдайымды айтуға намысым жібермеді. Кезінде оларды тыңдамай, үйден кетіп қалғаныма қатты өкінемін. Ал күйеуімді бұдан былай көргім келмейді. Зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатаңдатқанын қалаймын. Қатігез ерлерді 15 күнге ғана қамау – жеткіліксіз жаза", – деді Жайна.
"Ол мас боп келсе, қорыққанымнан дірілдеймін"
Күн құрғатпай күйеуінен қысым көрген тағы бір әйел – 33 жастағы Ақмарал. Аяғын ақсаңдай басқан келіншек осындай күйге түскеніне жұбайын кінәлайды:
"Күйеуімнің үйге ішіп келе жатқанын көрсек, қызым екеуіміз дірілдеп, қорқа бастайтынбыз. Маған қол жұмсайды, үйдің астаң-кестеңін шығарып, барлығын қирататын. Ақырында жүйкеме зақым келіп, аяқ-қолым істемей қалатынды шығарды. Үлкен қызым жасқаншақ болып өсті".
Ақмаралды 2013 жылы өзінен 4 жас үлкен жігіт алып қашып, жар етеді. Ер азаматты жөнді танымаса да, ұятқа қалам деп сескенген жас қыз сол үйде қалуға бел буады. Ерлі-зайыптылар алғашында тату-тәтті өмір сүреді. Бірақ кейін дәм-тұзы жараспай, шаңырақтары шайқала бастайды. Күйеуі араққа салынып, автомат ойындарының шырмауына түседі.
"Содан бері адам сияқты өмір сүрмедім. Үнемі күйзелісте жүрдім. Кіші қызымның жәрдемақысына дейін ойынға салды. Үйде жейтін нан да қалмады, балалар ауырса, дәрі алуға ақша бермеді. Содан соң қыздарымды алып, осында келдім. Бұл жерде жаның тыныш, күйзелістен арыласың. Бірақ күйеуім осында екенімді біліп алыпты. Күнде телефон соғып, "өртеп жіберемін" деп үркітеді. Арыз жазбаймын, не дегенмен қыздарымның әкесі. Жай ғана ажырасып, жаңа өмір бастағым келеді", – деді Ақмарал.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасын қатайту қажет
Қазақстанда зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге қолдау көрсететін 40 дағдарыс орталығы бар. Бұл мекемелерге жылына 8 мыңнан астам әйел жан сауғалап келеді. Келіншектер мекемеде 6 ай тұрып, жан жарасын жазуға тырысады. Ал жанайқайын жасырып, қорлыққа шыдап жүргендерінің саны белгісіз. Сарапшылар тұрмыстық зомбылықтың соңы көп жағдайда өліммен аяқталатынын, сондықтан отбасында зәбір көрсетуді қылмыс деп тану қажет екенін айтады.
"Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін бізде тек әкімшілік жауапкершілік көзделген. Биыл Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгеріс енгізіліп, бұзақылар тіпті айыппұлдан да босатылды. Енді отбасында зорлық көрсеткені үшін олар ескерту алады немесе 15 тәулікке қамалады. Бұл аралықта олар өзгермейді, салық төлеушілердің ақшасына тегін тамақ ішіп, 15 күн құр босқа жатады. Жазаның жеңілдігі әлімжеттікті күшейтеді. Сол себепті, әйеліне қол жұмсайтындарға жазаны қатаңдату керек", – деді Қазақстан дағдарыс орталықтарының одағының басқарма төрайымы Зүлфия Байсақова.
Биыл Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабына, яғни отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұрын қолданылған және жаңадан қолданысқа енген жаза түрлерін салыстырып қарайық:
2020 жылдың 11 қаңтарына дейін:
- денсаулыққа ауыр емес зиян келтіргені үшін – 15 АЕК (2020 жылы 39 765 теңге) немесе 15 тәулікке дейін қамау;
- ұрып-соққаны үшін – 10 АЕК (2020 жылы 26 510 теңге) немесе 10 тәулікке дейін қамау.
2020 жылдың 11 қаңтарынан кейін:
- денсаулыққа ауыр емес зиян тигізгені үшін – ескерту немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу;
- ұрып-соққаны үшін – ескерту немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу.
Жаза қатаңдау орнына жеңілдей түскен. Әйеліне зорлық көрсететін ер адамға ескертуді сот жасайды: бұзақы бақылауға алынып, учаскелік полицей отбасы мүшелеріне бақылау жүргізеді.
Ең тиімді жаза – қоғамдық жұмысқа жегу
Дағдарыс орталықтарының өкілдері зорлықшыл ерлерді жазалаудың ең тиімді тәсілі – оларды қоғамдық жұмысқа жегу екенін айтады. Егер одан бас тартса, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды ұсынып отыр. Сондай-ақ, мамандар мұндай азаматтарды ашу-ызадан арылтатын арнайы курстан өткізу қажеттігін айтады. Қазір дағдарыс орталықтары қызметі аясында мұндай курстар әзірленіп жатыр екен. Онда топтық сабақтар өткізіліп, зорлықшыл ерлер білікті психологтардың көмегін алады. Дәріс арқылы мамандар оларға әйелдері бастан кешетін үрейді сезіндіру арқылы ықпал етпек.
"Отбасын ойран етіп, әйелін балаларының көзінше соққыға жығатын ерлер қоғамға да қауіпті. Зұлымдықты кішкентайынан көріп өскен балалар қатігез болып өседі және әкелерінің әрекетін міндетті түрде қайталайды. Олар да анасына қол жұмсап, әйел атаулыны адам құрлы көрмейтін болады. Мысалы, Алматыдағы дағдарыс орталығында туған ұл-қызынан қысым көріп, таяқ жеген қарт аналар да жатыр. Бұл – қоғамдық дерт", – деді Зүлфия Байсақова.
Оқи отырыңыз: Баламен қарым-қатынас құру құпиясы. Қайтсек жақсы ата-ана атанамыз?
Сарапшылардың сөзінше, қазір еліміздің түрмелерінде жазасын өтеп жатқан әйелдердің дені дәл осы тұрмыстық зомбылықтың кесірінен қолдарын қанға малған. Олар қорғану үшін абайсызда күйеулерін жазым етіп, бас бостандығынан айырылған. Зүлфия Байсақова мұндай қылмысқа барған әйелдердің ісін дұрыс тергеу керек екенін айтады. Ол егер келіншектің аффект кезінде кісі өлтіргені дәлелденсе, жеңіл жаза тағайындау қажеттігін алға тартты.
Рано Атабекова абайсызда күйеуін өлтіріп, абақтыға қамалған жанның бірі. Ол Жауғашты колониясында екі жылдан бері жазасын өтеп жатыр. Бостандыққа шығуына әлі сегіз жыл мерзім бар. Балаларын сағынған келіншек темір тордан құтылатын күнін тағатсыздана тосуда. Раноның колониядағы бар ермегі – тігін тігіп, жұмыс істеу.
"Күйеуім үйленгелі бері күн көрсетпеді. Ащы судың жетегінде кетіп, күн құрғатпай сабай беретін. Балаларым үшін отыз жылдай соның жұдырығына шыдадым. Ақыры төзімім таусылып, қатты ашу үстінде оны пышақтап өлтірдім. Әйтпесе, ол мені өлтіретін еді", – деді Рано informburo.kz тілшісіне.
Оқи отырыңыз: Жазықсыз балалар түрмеде не үшін отыр? Жауғашты колониясынан фоторепортаж
Мамандар қатігез ерлердің көбеюіне отбасылық тәрбиеде жіберілген қателіктер әкелгенін айтады. Сондықтан, отбасындағы тәрбиеге көңіл бөліп, психологтардың кәсіби біліктілігіне мән беру қажет.
"Ешкім зорлықшыл немесе педофил болып туылмайды. Олар өсе келе сондай қатігездікке барады. Мұндай адамдармен психологтар жастайынан жұмыс істеп, психикасын түзесе, зорлық-зомбылық болмас па еді? Біз психологтардың деңгейіне мән бермейміз. Мектептегі баламен жұмыс істейін психологтардың арнайы білімі жоқ, олар қарапайым ұстаздар", – деді "Отбасылық академия" даму ортылығының жетекшісі Шолпан Байболова.
Дағдарыс орталығынан шыққан әйелдердің 30 пайызы күйеулерінің өзгергеніне сеніп, өз отбасыларына қайта оралатын болса, олардың 12 пайызы қайта қорлық көріп, мекемеге оралады екен. Екінші мәрте келген келіншектердің жағдайлары тіпті нашар. Ерлері оларды кезінде үйден қашып кеткені үшін еселеп жұдырықтаған. Тек 18 пайыз әйелдің отбасылық қарым-қатынасы жақсарыпты.
Қазақстандық әйелдердің жағдайын жақсарту жол картасы әзірленді
Қазақстан әйелдер күштері альянсы өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі өздеріне сенімді емес және олардың құқықтық сауаты төмен екенін айтады. Сондықтан, ондай әйелдердің өз бетінше жаңа өмір бастауға жүрексінетінін айтып, олардың жағдайын жақсартуға арналған бағдарлама ұсынды. Сарапшылар Алматы қаласы бойынша зерттеу жүргізіп, келесі мәліметтерді ұсынды:
- Алматыдағы халық саны 1 млн 909,5 мың адамды құраса, оның 54 пайызы (1 млн 031 мың) – әйел;
- Әйелдердің орташа жасы – 35,2;
- Әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы – 78;
- Жұмыспен қамтылған халықтың ішіндегі әйелдер үлесі – 52 пайыз;
- Шағын және орта бизнесте тіркелген заңды тұлғалардың ішіндегі әйелдер үлесі – 32 пайыз.
"Сауалнама жүргізу нәтижесінде әйелдердің 40,2 пайызының құқықтық сауаты өте төмен екенін анықтадық. Олар қандай да бір жағдайға тап болғанда қайда барып, қандай көмек алатынын білмейді. Гендерлік теңсіздік бар. Көптеген мекемелер 45 жастан асқан әйелдерді жұмысқа алмайды. Ал әйелдердің зейнетке 60-тан асқанда шығатынын ескерсек, бұл аралықта әйел өзін қалай еңбекпен қамту керек екенін білмейді. Басшылық қызметте, билік пен саясатта жүрген нәзік жандылардың қатары өте аз. Мысалы, Алматы мәслихатындағы 35 депутаттың тек жетеуі ғана әйел. Бұл көрсеткіштер гендерлік теңдік туралы әлемдік рейтингте біздің елді төменге тартады", – деді Қазақстан әйелдер күштері альянсының төрайымы Раушан Сәрсембаева.
Оқи отырыңыз: "Қазақтың отбасында жасырын матриархат" дейді психолог мамандар
Оның айтуынша, альянс қазір Үкіметпен бірге Қазақстандағы гендерлік теңсіздікті жою мәселелері бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Енді алдағы саяси науқандарда әйелдердің "50/50" қағидаты бойынша іріктелуі қадағаланбақ. Бұл үшін арнайы пилоттық карта әзірленген. Сол картаның негізінде әйелдердің сауатын көтеріп, лауазымды қызметке дайындау да көзделіп отыр. Пилоттық жоба әуелі Алматы қаласында жүзеге асады, жемісін беріп қаржылай қолдау көрсе, республиканың барлық аймағын қамтымақ.
Қазақстандық әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі жол картасы келесі ұсыныстарды қамтиды:
№1. Әйел құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету
- Халықтың әртүрлі санаттары бойынша әйелдердің әлеуметтік портретін әзірлеу (олардың проблемалары/қажеттіліктері және шешу жолдары);
- Тең мүмкіндіктер мен тең құқықтар туралы негіздемелік заңды күшейту (гендерлік саясат тетігі, әйелдердің құқықтарын қорғау);
- Отбасы істері, әйелдер, балалар мен егде адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі агенттік құру (барлық қаржы, еңбек және әкімшілік ресурстарды шоғырландыра отырып);
- Әлеуметтік-қорғау мекемелерінің (отбасылық орталықтардың, әлеуметтік көмек орталықтарының жаңа моделін енгізу);
- Әйелдерді әлеуметтік қолдау пакетін әзірлеу (Ана капиталы, тұрғын үй сертификаты және балаларының үйірмелерге тегін баруы үшін әлеуметтік пакет, көлік, профилактикалық емдеу);
- Әйелдердің құқықтарын түсіндіру бойынша бірыңғай Call-орталық (шұғыл желі), youtube арнасын құру;
- Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың негізінде ҮЕҰ қатысуымен әйелдер мен балалар істері жөніндегі қоғамдық қабылдаулар ашу.
№2. Зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне қарсы күрес ұйымдастыру
- Тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау бойынша заңнамалық нормалар енгізу, жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдату;
- Дағдарыс орталықтарының желісін кеңейту, елдің барлық өңірлеріне дейін қамту;
- Әйелдер мен балаларға арналған мобильді қосымша (дабыл түймесі) әзірлеу;
- Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына айналған ата-аналар мен балаларға тегін психологиялық және заң көмегін ұйымдастыру;
- Құқық қорғау органдарын, ата-аналар мен балаларды, БАҚ пен ҮЕҰ тарта отырып тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нөлдік төзбеушілік айлығын өткізу;
- Құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен жыныстық және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істеу мәселелері бойынша тренингтер циклін өткізу.
Нәтижесі: барлық зорлық-зомбылық түрлерімен күрес жөніндегі шаралар кешені қабылданады, қоғамда нөлдік төзімділікті қалыптастырады.
№3. Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту
- Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірлеу және қабылдау;
- Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қорын құру;
- Әлеуметтік кәсіпкерлік инфрақұрылымын дамыту;
- Қаржы сауаттылығы бойынша онлайн курстар ұйымдастыру;
- Корпоративтік секторда әйелдерді ілгерілету үшін әлеуметтік жүйелер құру;
- "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-мен гендерлік теңдік және квоталарды қабылдау бойынша меморандумдарға қол қою;
- Корпорациялардың құрамындағы әйелдердің санын 30%-ға дейін жеткізу;
- Корпорацияларда менторинг бағдарламасын іске қосу;
- Әйелдердің, оның ішінде зейнет жасына таяған әйелдердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту;
- Жалақыдағы теңсіздіктерді жойып, көп балалы аналар мәртебесін көтеру;
- Әйелдер үшін бұрын тыйым салынған мамандықтар тізбесін кеңейту;
- Әйелдер кәсіпкерлігін жаңа деңгейге шығару;
- Екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың жаңа бағдарламаларын әзірлеу;
- Даму институттарымен және екінші деңгейдегі банктермен меморандумдарға қол қою;
- Онлайн конференциялар, бизнес-марафон өткізу.
Нәтижесі: Қазақстандағы әйелдердің табысы өседі.
№4. Әйелдердің әлеуметтік мәселелерін шешу
- Мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналары үшін оңалту инфрақұрылымын кеңейту, барлық емханалардың жанынан оңалту кабинеттерін құру;
- Инклюзивті білім беру үшін мектептердің, балабақшалардың мүмкіндіктері мен санын кеңейту;
- Қоғамдық орындардың мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектер үшін қолжетімділігіне мониторинг жүргізу;
- Мүмкіндігі шектеулі және қарт адамдар адамдарды күтумен айналысатын аналар үшін әлеуметтік қызметкер мәртебесін беру;
- "Күміс жас" бағдарламасын әзірлеу, сондай-ақ зейнет жасындағы әйелдердің жасы бойынша дискриминация болдырмау жөнінде шаралар қабылдау;
- Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, алимент төлемейтіндерге қарсы күрес айлығын өткізу.
Нәтижесі: әлеуметтік осал санаттағы әйелдердің құқықтарын сақтау тетігі әзірленеді.
№5. Әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау және нығайту
- Акушерлік-гинекологиялық көмекке қол жеткізу үшін әйелдер консультациясының желісін қалпына келтіру;
- Әйелдердің репродуктивті денсаулығы және жастарды жыныстық тәрбиелеу мәселелері бойынша жұртшылықтың хабардар болуын арттыру жөніндегі шараларды күшейту;
- Әйелдердің репродуктивтік құқықтарына байланысты және венерологиялық аурулардың алдын алу жөнідегі мәселелерді түсіндіру бойынша "Қызыл алма" шұғыл желісін іске қосу;
Нәтижесі: ана өлімі көрсеткішін төмендету, репродуктивті денсаулықтың сапасын арттыру.
№6. Әйелдерді шешім қабылдау деңгейін көтеру
- Гендерлік квоталарды бекіту бөлігінде саяси партиялар мен акционерлік ұйымдар туралы заңдарға өзгерістер енгізу;
- Саясаткер әйелдердің өңірлік клубтарын, Республикалық көшбасшы әйелдер клубы ретінде қайта құру;
- Саяси партиялармен меморандумдарға қол қою (партиялық тізімдегі ерлер мен әйелдерді 50/50 қағидаты бойынша іріктеу);
- Әйелдер көшбасшылығының онлайн курстарын ұйымдастыру;
- Барлық саяси партиялар үшін "Қазақстанның әйелдер күштері Альянсының" кадрлық резервін құру.
Нәтижесі: көшбасшы әйелдердің партиялық тізімдерін қалыптастыру, басшылық қызметтерде әйелдер санын арттыру.
№7. Қазақстанда әйел мәртебесін жоғары көтеру
- Қазақстандық БАҚ-тарға, жарнамаға және өзге де контентке әйелдер құқықтарының бұзылуы бойынша жарияланған материалдарға талдау жүргізу;
- БАҚ басшыларымен масс-медиада гендерлік теңдік саясатын жүзеге асыру бойынша меморандумдарға қол қою;
- Гендерлік-сезімтал компаниялардың, өңірлердің, басшылардың және т.б. рейтингін әзірлеу;
- "Eńbegі jangan arýlar" арнайы наградасын құру және елдің дамуына үлес қосқан әйелдерді марапаттау;
- Әйелдердің түрлі санаттары үшін гендерлік теңдік идеяларын ілгерілететін ақпараттық сайтты іске қосу.
Нәтижесі: Қазақстанда жұмыс істейтін көшбасшы әйелдің бейнесі насихатталады.