Қан доноры болу үшін не білу қажет? Маңызды 10 сұраққа жауап
Донордан 450 мл және талдау үшін 50 мл дейінгі мөлшерде қан алынады.Қазақстанда 18 жасқа толған, салмағы 50 келіден асқан және денсаулығында ақауы жоқ кез келген азамат донор бола алады. Алайда донорға қойылатын бірқатар талаптар бар. Кімдер донор бола алмайды? Кімдерге қан өткізгені үшін ақы төленеді? Қан өткізбес бұрын нені ескеру қажет? Informburo осы және өзге сұрақтарға жауап береді.
№1. Донорға қандай талаптар қойылады?
- Қан құрамындағы гемоглобин мөлшері 120 г/л-ден төмен болмауы керек;
- Алкогольді ішімдікке, темекі мен есірткіге әуестігінің болмауы маңызды;
- Соңғы айда ЖРВИ, тұмау, ангинамен ауырмаған болу;
- Соңғы үш күнде аспирин, анальгин секілді ауырсынуды басатын және қабынуға қарсы дәрі-дәрмектерді ішпеу;
- Соңғы екі аптада антибиотиктер қабылдамау.
№2. Кімге донор болуға тыйым салынады?
- Асқазан, бүйрек, жүректің созылмалы ауруына шалдыққандар;
- Сары аурумен ауырғандар;
- Онкологиялық ауруы барлар;
- Қан ауруларына шалдыққандар;
- Инфекциялық ауруға шалдыққандар: В және С гепатиті, АИТВ-инфекциясы, ЖИТС, сифилис, туберкулез (барлық түрлері), туляремия, бөртпесүзек, алапес;
- Инъекциялық есірткі тұтынушылары;
- Паразиттік аурулар: эхинококкоз, токсоплазмоз, трипаносомоз, филяриатоз, ришта, лейшманиоз.
- Жіті трансфузиялық кеуекті энцефалопатиялар (ЖТКЭ);
- Жүрек–қан-тамыры аурулары: II-III деңгейдегі гипертензиялық ауру, жүректің ишемиялық ауруы, атеросклероз; атеросклеротикалық кардиосклероз; облитерациялайтын эндартерит, ерекше емес аортоартрит, қайталанба тромбофлебит, эндокордиттер, миокардиттер, жүрек кемістігі (туқым қуалаған және жүре пайда болған);
- Бауырдың созылмалы аурулары;
- Қант диабеті;
- Орталық нерв жүйесінің органикалық аурулары;
- Психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар адамдар.
Аурулардың толық тізімін мына жерден көре аласыз.
Оқи отырыңыз: Қан доноры болу қауіпті ме? Маман кеңесі
№3. Қан тапсыруға қалай дайындалу керек?
Донорларға қан тапсырар алдында жақсылап тыныққан жөн. Қан тапсырардан бір тәулік бұрын диета сақтап, асқазанға ауыр тағамдарға шектеу қою қажет. Мысалы, майлы, қуырылған, ысталған, ащы және тәтті тағамдардан бас тартқан жөн. Дегенмен аш қарынға қан тапсыруға болмайды. Шай, шырын, компот, минералды су ішіп, бананнан басқа көкөністер мен жемістерді жеуге болады. Сонымен қатар, қан тапсырардан 2 күн бұрын ішімдік ішпеу, 3 күн бұрын дәрі-дәрмек қабылдамау, кемінде бір сағат бұрын темекі шекпеу керек. Басыңыз ауырып, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз қан тапсыруға бармаңыз.
Қан алу алдында дәрігер денсаулығыңызды тексереді. Сол кезде дәрігер қойған сұрақтарға шынайы жауап беріп, қабылдаған дәрі-дәрмектеріңізді, қандай аурулармен ауырғаныңызды жасырмай айтыңыз.
№4. Донордың денсаулығын дәрігерлер қалай тексереді?
Жеке куәлігіңізді алып қан орталығына келіңіз. Сауалнаманы толтырып, тіркеу орнына барыңыз. Донорлардың бірыңғай деректер базасында (барлық донация, зертханалық зерттеу нәтижелері, донорлықтан шеттету, сондай-ақ тіркелген инфекциялық аурулар туралы ақпарат бар) донордың мәліметтері тексеріледі.
Тіркелгеннен кейін маман донордың саусағынан бірнеше тамшы қан алып, клиникалық-биохимиялық талдау (қан тобы мен резус фактор, гемоглобин, АЛТ және Ке11 антиген) жүргізеді.
Одан кейін терапевт не трансфузиолог дәрігер дене қызуын, тамыр соғуын, артериялық қан қысымын өлшейді, құпия түрде әңгімелеседі. Донорлардың сұрақтарына жауап беріп, қан тапсыру тәртібі туралы айтады. Дәрігер зертханалық және медициналық зерттеу нәтижесінде донорды донациялауға жіберу не жібермеуді шешеді.
Қан тапсыруға жіберілген донорлар шайханаға барып, шай ішеді. Одан шығып демалыс бөлмесінде кезегін күтеді. Донор 450 мл және талдау үшін 50 мл-ге дейін қан береді. Қан тапсырғаннан кейін донорлар тіркеу орнынан қанды және оның компоненттерін тапсырғаны туралы анықтама алады.
№5. Қан тапсырғаннан кейін нені ескеру қажет?
Қан алған соң 10-15 минут демалыңыз. Басыңыз айналса, өзіңізді әлсіз сезінсеңіз қан орталығындағы қызметкерлерге жүгініңіз. Ең дұрысы – тізеңізді бүгіп, аяғыңызды көтеріп жату, немесе басыңызды тізеңізге қойып отыру.
Бір сағаттай темекі шекпеңіз. Таңғышты екі сағаттан кейін ғана алып тастаңыз. Қан алған жерге су тигізбеңіз. Ауыр көтермеңіз, денеңізге күш түсірмеңіз. Екі күн бойы құнарлы тамақтанып, күніне кемінде 1-2 литр су ішіңіз. Ішімдіктен бас тартыңыз. Содан кейін қалыпты өмір салтына оралуға болады.
Қан құрамы 5-7 күн ішінде толық қалпына келеді. Ол үшін шырын, шай ішкен дұрыс. Донордың рационында үнемі ақуыздар болуы керек, себебі қандағы гемоглабин деңгейі соған байланысты. Ет, қызылша, қарақұмық, жасымыз, бұршақ, балықтың құрамында ақуыздар бар.
Оқи отырыңыз: Қандағы гемоглобин деңгейін көтеру үшін не жеген пайдалы?
№6. Донор болу қауіпті ме?
Мамандардың айтуынша, дені сау адамға донор болудың еш қаупі жоқ. Керісінше, ағзасында қаны көп адамдардың денсаулығына пайдасын тигізеді. Донордан 450 мл және талдау үшін 50 мл-ге дейін қан алады. Егер адам ағзасында үнемі 5 литр қан айналатынын ескерсек, мұндай мөлшерде қан жоғалту денсаулыққа еш зиян келтірмейді. Түрлі инфекцияларды жұқтыру тұрғысынан да донор болу қауіпсіз. Өйткені, қан алу орталықтарында тек бір реттік құралдар ғана пайдаланылады.
№7. Донорға ақы төлене ме?
Ерікті донорларға 0,25 АЕК (765 теңге) көлемінде төлем жасалады немесе осы сомаға тегін тамақтанады.
Ақылы донарларға донация түріне қарай ақы төленеді:
- бір реттік қан донациясы (450 мл ± 10%) – 2 АЕК (6 126 теңге);
- плазмалар (550 ± 50 мл) – 4 АЕК (12 252 теңге);
- иммундық плазма донациясы (550 ± 50 мл) – 7 АЕК (21 441 теңге);
- изоиммундық плазма (550 ± 50 мл) – 8 АЕК (24 504 теңге);
- тромбоциттер (1 доза) – 1 АЕК (6 126 теңге);
- эритроциттер (1 доза) – 2 АЕК (6 126 теңге);
Ал автодонорларға ақы төленбейді. Олар операция жасатардан 2 ай бұрын өз қанын жоспарлы түрде өткізеді. Кейін сол қанды өзіне құйғызады.
№8. Кім қанын ақылы түрде өткізе алады?
Ақылы донорлар қан өткізуге:
- қанда құжатпен расталған белгілі бір антигендік сипаттамалар бар болғанда (АВО жүйесі бойынша әмбебап қан тобы, резус-теріс қанға жатуы немесе қан құйылатын әлеуетті реципиенттің қан антигендеріне ұқсастық);
- жоғарыдағы сипаттамаларды ескере отырып, әлеуетті донорларды жұмыстан тыс уақытта (түнде, демалыс және мереке күндері) шұғыл түрде шақырған жағдайда;
- белгілі бір топтағы және резус-тиістілік бойынша қан компоненттеріне ұзақ мерзімді және жоғары қажеттілік туындаған жағдайда шақырылады.
Оқи отырыңыз: Қазақ ұғымындағы қанның қасиеті мен қасіреті. Қан, тамыр ұстау және қан алу мен сіңіру туралы тарихи түсініктер
№9. Қан өткізген күні жұмыстан сұрануға бола ма?
Донор жұмыс күні қан өткізсе, орташа жалақысы сақтала отырып жұмыстан босатылады. Қанды және оның компоненттерін донациялауды өтеусіз негізде жүзеге асырған донорға орташа жалақысы сақтала отырып, қосымша бір күн демалыс беріледі. Бұл жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін. Демалысты бір жыл ішінде алу керек.
№10. Донор болудың пайдасы қандай?
Донор бір рет қан өткізу арқылы орта есеппен үш адамның өмірін құтқарады. Ал тұрақты түрде қан өткізіп тұратын донорлар жылына 12 адамды аман алып қалуға көмектеседі. Тұрақты донорлар жүрек-қан тамырлары ауруларымен сирек ауырады. Жарақат алғанда қансырауды жеңіл өткереді. Одан бөлек, мамандар ұдайы түрде қан өткізіп отыру арқылы адамдар өз өмірін де 5-7 жылға ұзартатынын айтады.