Тікелей эфир

Қан доноры болу қауіпті ме? Маман кеңесі

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Салмағы 50 келіден төмен, қан құрамындағы гемоглобин мөлшері 120 г/л-ден аз адамдар донор бола алмайды.

Қан доноры болу – ерікті шара. Донорлықтың бұл түрі өте жиі қажет етіледі. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, бір рет қан өткізу арқылы адамдар орта есеппен үш адамға көмек көрсетеді. Одан бөлек, мамандар ұдайы түрде қан өткізіп отыру арқылы адамдар өз өмірін де 5-7 жылға ұзартатынын айтады.

Қан доноры болу үшін не қажет? Бұл қауіпті ме? Informburo.kz осы сұрақтарға жауап береді.

Қан доноры болудың шарттары қандай?

18 жасқа толған, салмағы 50 келіден асқан және денсаулығында ақауы жоқ кез-келген Қазақстан азаматы донор бола алады. Оның қан құрамындағы гемоглобин мөлшері 120 г/л-ден төмен болмауы керек. Әрі алкогольді ішімдікке, темекі мен есірткіге әуестігінің болмауы маңызды. Бұл туралы "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінің 165-бабында жазылған.

Оқи отырыңыз: Қазақ ұғымындағы қанның қасиеті мен қасіреті. Қан, тамыр ұстау және қан алу мен сіңіру туралы тарихи түсініктер

Келесі топтарға жататын адамдарға донор болуға тыйым салынған:
  • Асқазан, бүйрек, жүректің созылмалы ауруына шалдыққандар;
  • АИТВ инфекциясын жұқтырғандар;
  • ЖИТС-пен сырқаттанғандар;
  • Сары аурумен ауырғандар;
  • Онкологиялық ауруы барлар;
  • Қан ауруларына шалдыққандар.

Оқи отырыңыз: Қандағы гемоглобин деңгейін көтеру үшін не жеген пайдалы?



"Қан тапсыру үшін жеке куәлік немесе паспорт болса, жеткілікті. Орталыққа құжатымен келген әр азаматты тіркеу бөліміндегі базадан тексереміз. Алматы қан орталығының базасында 500 мыңнан аса донор тіркелген. Ондағы ақпаратты біз тері-венерологиялық және туберкулез диспансерінен, ЖИТС ауруына қарсы орталықтан апта сайын алып, жаңартып отырамыз. Бұл қауіпті сырқаты барлардың донор болуына жол бермеу үшін жасалады. Мысалы, бізге келіп, бірақ әртүрлі себеппен донор бола алмағандардың аты-жөні базада енгізілген", – деді Алматы қалалық қан орталығының директоры Жандос Нәдіров.

Донор болу қауіпті ме?

Мамандардың айтуынша, донор болудың еш қаупі жоқ. Керісінше, ағзасында қаны көп адамдардың денсаулығына пайдасын тигізеді. Донордан 450 мл және талдау үшін 50 мл-ге дейін қан алады. Егер адам ағзасында үнемі 5 литр қан айналатынын ескерсек, мұндай мөлшерде қан жоғалту денсаулыққа еш зиян келтірмейді. Түрлі инфекцияларды жұқтыру тұрғысынан да донор болу қауіпсіз. Өйткені, қан алу орталықтарында тек бір реттік құралдар ғана пайдаланылады.

Оқи отырыңыз: Нәрестенің кіндікбау қаны таптырмас ем екені рас па? Қазақстанда оны қайдан сатып алуға болады?

Қан тапсыруға қалай дайындалу керек?

Донорларға бұл шара алдында жақсылап тыныққан жөн. Қан тапсырардан бір тәулік бұрын диета сақтап, асқазанға ауыр тағамдарға шектеу қою қажет. Мысалы, майлы, қуырылған, ысталған, ащы және тәтті тағамдардан бас тартқан жөн. Сонымен қатар, қан тапсырардан 3 күн бұрын дәрі-дәрмек, спиртті ішімдіктер ішуге болмайды.

Донор болуға келесі жағдайларда уақытша шектеу қойылады:
  • Тұмау немесе суық тиіп сырқаттанғандар – 1 айға дейін;
  • Тісін жұлғызғандар – 4 айға дейін;
  • Екпе еккендер вакцинаның түріне байланысты – 10 күннен 1 жылға дейін;
  • Антибиотик қабылдағандар – 1 айға дейін;
  • Татуировка, пирсинг жасатқандар – 1 жылға дейін;
  • Ине арқылы емделгендер – 1 жылға дейін;
  • Босанғандар – 1 жылға дейін;
  • Етеккір тоқтаған соң – 5 күнге дейін қан тапсырмайды.

Оқи отырыңыз: Сүт және сүт өнімдерінің пайдасы мен зияны қандай?

Қан қанша уақыт сақталады?

Қан тапсырудың өзіндік тәртібі бар. Мысалы, эритротцитті 2 айда бір рет өткізуге болады. Ал плазманы 2 аптада бір рет тапсыруға рұқсат етіледі.

  • Эритроцит 42 күн;
  • Плазмалар температурасына қарай 2-10 жылға дейін сақталады.

Оқи отырыңыз: Сүт безі қатерлі ісігінен қалай сақтану керек? Дәрігер кеңесі

"Алматыда республикалық және қалалық қан орталығы жұмыс істейді. Біздің қалалық қан орталығында жылына 15-16 мың донор қан тапсырады. Оны 20 шақты медициналық мекемеге жеткіземіз. Бүгінде біздің тоңазытқыштарда 3 000 тонна плазма сақталуда. Ал эритроциттердің әр тобында 100 дозадан бар", – деді Жандос Нәдіров.

Қан өткізгеннен кейін қалай әрекет ету керек?

Донациядан, яғни, қан өткізгеннен кейін бірден орталықтан кетуге асықпаған жөн. Себебі, бас айналып, есінен тану қаупі туындауы мүмкін. Сондықтан, дәрігерлер донорларға қан тапсырған соң тәтті шай ішіп, құнарлы тағам тұтынуға кеңес береді. Донациядан соң және келесі күні де тыныққан абзал. Қан өткізген соң, денсаулықты қалпына келтіруге шамамен 3 күн кетеді. Осы аралықта ағзаға ауыр жүк түсірмеу керек.

Оқи отырыңыз: Гайморитті үй жағдайында емдеу дұрыс па? Дәрігер кеңесі

Донорларға қандай ақы төленеді?

Қан тапсыратын донорлар үш түрге бөлінеді:

  • ақылы донор;
  • өтеусіз донор;
  • автодонор.

Ақылы донорларға – көрсеткен қызметіне қарай төлем жасалады. Яғни, олардың ақысы эритроцит, плазма немесе тромбоцит тапсырғанына қарай есептеледі. Ақылы донорларға 2-8 АЕК (1 АЕК – 2 651 теңге) аралығында қаражат беріледі;

Өтеусіз донорларға0,25 АЕК көлемінде төлем жасалады. Қанды ерікті түрде тапсырса да, бұл мөлшердегі ақы бөлінуі тиіс.

Автодонорларға ақы төленбейді. Өйткені, олар ота жасатардан 2 ай бұрын өз қанын жоспарлы түрде өткізеді. Кейін сол қанды өзіне құйғызады

Оқи отырыңыз: Күмістелген судың пайдасы мен зияны. Оны қауіпсіз тұтыну мөлшері қандай?

Сонымен қатар, донор 2 демалыс күнін алады: қан тапсырған күн мен одан кейінгі күн. Оларды бірден пайдалануға немесе еңбек демалысына қосуына құқығы бар.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары