Тікелей эфир

Қазақ ұғымындағы қанның қасиеті мен қасіреті. Қан, тамыр ұстау және қан алу мен сіңіру туралы тарихи түсініктер

Сурет indicator.ru сайтынан алынды
Сурет indicator.ru сайтынан алынды
Қазақтың денсаулық мәдениеті – қазақ емшілігінен бөлінбейді. Қан, қан тамыр және оны айыру және қан алдырудың пайдасы мен зияны туралы айтарымыз бар.

Қан – адам денесі мүшелеріне қоректік жеткізетін сұйықтық. Сонымен бірге жарақсыз заттарды денеден сыртқа тасымалдау міндетін де атқарады. Ендеше осы қан туралы ғылым мен тарихи таным не дейді?

Тұла бойыңа нәр жеткізіп тұрған алып жүйенің негізі – бауыр, жүрек және қан тамырдан құралады. Бауыр – қан жасайды, жүрек оны өзіне қабылдап, денеге айдайды. Ал қан тамыр – қан жүретін жол.

Оқи отырыңыз: Қан доноры болу қауіпті ме? Маман кеңесі

"Шипагерлік баян" не дейді?

Шипагерлік баянның (Жалын баспасы. 1996 ж.) 184-бетінде, "Мүше қаһарқақ жүрек, жүрек қабы, үлпершек, алал қанды апарғы лыпыма аңғақ, арам қанды әкелгі жымпыма аңғақ, алал қанды арам қанға ауыстырғы сүзделгі ішіндегі ұсақ аңғақ торлауыл, арам қанды алал қанға айналдырғы ырысқы аңғақты қамтылғы болмақ", ­­­­­­– дейді.

Бұл сөйлемнің қазіргі мағанасы: "Мүше жүрек – жүрек қабы, үлпершек, таза қанды тасымалдаушы соқпа тамыр қуысы (күре тамыр), арам қанды жеткізуші соқбасыз (жіңішке) тамыр қуысы, таза қанды арам қанға айналдыратын сүзгі (ретикола эндотология жүйесі) ішіндегі ұсақ қуысшалар, сондай-ақ арам қанды таза қанға айналдырып беретін ырысты тамыр қуысын өз ішіне қамтиды".

"Қан жүргілігі – тіршілік, тоқтамы – өлім. Қан – пенде жаны. Олай айтқылық, қан аз болса да арқау жеткіліксіздік етпек.

Қансырап өлдім депті, қансырарлық болғыштық деулік көз көргілік дәлелімдік. Қан көпіршуімен тыныстыққа айналып, кәделік жаратымдап, тұлғаны аралаулық пен бітіске жарақты, пайдалы барлық азықтықты тұтас бітіске жеткізгілікпен тұлғалық арқау қуаттылығын қамдап, мүшелерді тұтастырғыштаған бибаға асыл зат саналымдалғылы таудайлық шарт. Онда топырақ құрандасы бар Алла пендені топырақтан жаратқандығынан" (Жалын. 187-бет).

Оқи отырыңыз: Қан тамыры қысымы ауруынан қалай сақтану керек және оның алдын алу жолдары қандай?

Тамыр ұстаудың түрлері көп

Қазақта "алпыс екі тамырлы қазақпыз", "қарға тамырлы қазақ" деген сөздер бар. Бұл бекерден айтылмаған.

Тамыр ұстау көп жылдық тәжірибені және зеректікті қажет ететін күрделі тәсіл. Сол себепті оны кез келген адамның үйреніп алуы мүмкін емес. Көбінесе білек тамырын дәрігердің екі қолының саусағының ұштарымен басып, тамыр райының өзгерісін парықтайды. Бұған екі қолдың алты саусағы қатысады.

Жоғары санатты дәрігер, дәстүрлі қазақ емшісі Мәуітшәріп Қапанұлының айтуынша, жүрекке жалғасқан күре тамырлардың соғысы ең негізгі хабар беруші болып саналады. Сол арқылы жүрек соғысын, жүрекке баратын оттегінің әсерін, қан жеткізу қызметінің мүмкіндігін біледі. Қазірге дейін аталарымыз тамыр райының өзгерісінің 62 түріне дейін меңгере алған.

Оқи отырыңыз: Нәрестенің кіндікбау қаны таптырмас ем екені рас па? Қазақстанда оны қайдан сатып алуға болады?

"Кей адамда жасырын қан тамыр болады"

Бахаргүл Қабыкенқызы, жоғары санатты дәрігер:

– Тамыр өзгерісі 37 түрлі болады. Яғни, тамырдың жуан-жіңішкелігі, тереңдігі, қуаты секілді. Сол өзгерістер арқылы ауру белгілері шығады.

Сенде 1-, 2- тамыр өте әлсіз. Ал 3- тамыр өткен жолғыға қарағанда жанданыпты. Сенде жасырын тамыр бар екен. Ол жүректің, бүйректің әлсіздігін көрсетіп тұр. Жас болған соң осылай жүрсің. Негізі мұндай жасырын тамыр аз кездеседі. Мөлшермен 50 адамда біреу, – деді тамырымды ұстаған Бахаргүл әпкеміз.

Бахаргүл әпкеміздің айтуынша кей адамдардың тамыры тереңде болады. Ал тамыры терісіне жақындарды айыру тез. Қан тамыр соғысынан жүректің жұмысына баға беріледі.

Бұндай жағдай әлсіздікті білдіреді. Яғни әлсіздіктің себебі көп. Сол себепке қарай емделуі тиісті.

"Шипагерлік баянда" қандық уылма – яғни қан уылу туралы айтылған. Қазіргі ғылым тілінде "рак", халық арасында көбінесе "обыр" деп те атайды.

Обырды қан алу және қанды тазалау жолы арқылы емдеген. Қазір бұндай ауруларды емдеу өте қиын. Адам денесіне тиген у не вирус қоректік заттар секілді қанға өту арқылы бүкіл денеге жайылады.

Оқи отырыңыз: Қан тапсырам деп жан тапсырды. Астана ауруханаларында адам өлімінің жиілеуіне не себеп?


Әр қан тобы өзі қабылдайтын қан тобы бар адамдарға ғана құйылады

Әр қан тобы өзі қабылдайтын қан тобы бар адамдарға ғана құйылады / Сурет Нұр-Сұлтан Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы сайтынан алынды


Қанда ыстық болса...

Дәрігерлердің айтуынша бауырда ыстық болған жағдайда қанда да ыстық болуы мүмкін. Мұның белгісі ретінде адам тез шөлдейді, кейде шаш ағарады. Бұл әйел адамдардың бала көтеруіне де әсер етеді. Ал қан жасау және жаңарту ролін атқаратын бауырдың қызметі дұрыс болмаса адам денесіне қажетті қоректіктер мен минералдар жетіспейді. Сол себепті адам терісінде қысаға, теміреткі, қотыр секілді тері аурулары пайда болады.

Оқи отырыңыз: Тамыр ұстағанның бәрі емші емес. Қазақ емі мен халық емшілігін шатастырмаңыз

Тамақтануда төрт райға көңіл бөліңіз

Тамақ пен дәрі қасиетіне қарай суық райлы, ыстық райлы, салқын райлы және жылы райлы болып төрт түрге бөлінеді.

Жылы, ыстық сипатты дәрілер ыстығы асқан (қызуы емес) науқастарды емдеуге қолданылса, жылы мен ыстық, суық пен салқын дәрежесі жағынан ұқсамайды. Азырақ суық болса – салқын дегендік, азырақ ыстық болса – жылы дегендік және бір түрлі қоңыржай райлы дәрілер болып, бұл сипаты жағынан жағымды дәрілер екендігін көрсетеді.

Суық, салқын райлы дәрілер ыстықтықты, қатты қызуды басу, қанды салқындату, уытты қайтару рөлін атқарады. Мысалы, ырғай мен ырғай қабығы қатарлылар аурудың ыстықтық белгілерін емдеуге қолданылады. Жылы, ыстық райлы дәрілер ішкі денені жылытып, суықты басып, болымсыздыққа (инь, янь) көмектеседі.

Дәрілердің дәмі – қышқыл, кермек, тәтті, ащы, сор болып бес түрге бөлінеді. Мысалы, қойдың етін жеп, сорпасын ішкен қариялар артынан көк шай ішеді. Яғни, алдыңғы жеген тамақтарының ыстықтық райы басым болғандықтан асқазанды, қанды қыздырады. Ал көк шайдің басым бөлігі суық райлы болғандықтан ыстықтықты басады.

Оқи отырыңыз: Әдет-ғұрыпқа айналған қазақы емдер. Қазақ қатерлі ісіктен қалай сақтанды?

Немесе салқын райлы есептелетін алманы жеу арқылы да дене ыстық-суықтығын реттеуге болады. Себебі, адамның дене ыстығы ұзақ уақыт сақталатын болса бүйректі және ағзаларды әлсіретеді. Бұл жағынан қарағанда қазақтар ертеден-ақ ғылыми негізде тамақтанған.

Қан алу арқылы емдеу

Қан алу тәсілдері:

Көшпелі қазақтар қанды күміс қандауырмен шетіп немесе шабақтап (қандауырмен піскілеп тесіп қан шығару) алған. Баспа (ангина), шетпе, ілме, құяң, обыр (рактің бір түрі) қатарлы ауырудың түрлеріне қарай маңдайдан, мұрын қуысынан, тілдің асты мен жұтқыншақ бездерінен (ангина кезінде) және арқа, бел, бүйір, мойыннан алынады.

Қандауырдың күміс болуының себебі – күміс вирустарды өлтіреді, қан тазалығына пайдалы.

Мысалы баспа ауруының қан баспа, жел баспа қатарлы екі түрі бар. Енді басталған баспаны тілдің астынан қан алу арқылы емдеуге болады. Егер іріңдеп, асқынып кеткен болса, баспа безін (жұтқыншақ асты безі) қоса шабақтау (қандауырмен піскілеп тесіп қан шығару) керек.

Оқи отырыңыз: Бабаларымыздың "Жеті атаға толмай қыз алыспау" қағидасы қайдан шықты?

Әдетте құяң үзгенде, сарысуларды емдегенде шабақталған жерге лоңқа төңкеру арқылы қанды сарысуды, арам қанды, қанның қатқан қағын сорғызып, алып тастайды.

Қан алатын лоңқа, қандауыр қатарлы аспаптары бар.

Қан алудың пайдасы: Түрлі ұсақ қан тамырларда ұйып қалған, қақ боп тұнған немесе жел мен суықтың кесірінен қан жүруіне кедергі келтірген қалдықтарды сорып шығарту арқылы оның орнына жаңа қанның келуін қамтаматсыз етеді. Осы арқылы зақымдалған ет не басқа құрылымға қажетті қоректіктер кедергісіз жеткізіледі де аурудың жазылуына, алдын алуға және денсаулықты нығайтуға ықпал етеді.

Айжанат Нұрсейіт, сауықтыру орталығының иесі:

– Қан алудың жолы көп. Әр түрлі ауруға қарай қан алатын нұктелер де басқа болады. Кез келген жерден қан алуға болмайды. Оның үстіне қан алғанда тазалық бірінші орында тұрады, – дейді.

Айжанаттың айтуынша, қан алуға арналған қандауыр мен пластик лоңқаларды бір-ақ рет пайдалану керек. Оны басқа адамдарға пайдалану қауіпті.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда қандай емдік шөптер өседі. Оларды ажырата аласыз ба?

Қан алуда көңіл бөлетін істер:
1. Тазалық;
2. Қан алу нүктелері аурудың түріне қарай әртүрлі болады. Мәселен, жүкті бола алмай жүрген аналардан қан алу, қан қысы бар адамдар мен инсулт алған адамдардан қан алу, тілдің астынан қан алу тәсілдері мен орындары әртүрлі. Соған сәйкес нәтижесі де басқа болады.
3. Қан алғанда тыртық із қалмауы, албаты жерге қандауыр тиіп, қосымша ауру тудырып алмауы керек.
4. Кей адамдардан мүлде қан алуға болмайды.

Қан алынғаннан кейін азайған қанды толықтыру үшін бауырдың қан жасау қызметі күшейеді.


Ерлі-зайыптылардан туылатын баланың қан тобын анықтауға қажет кесте

Ерлі-зайыптылардан туылатын баланың қан тобын анықтауға қажет кесте / Сурет woman-project.com сайтынан алынды


Құяң үзудің мәні

Қазақта тағы бір көп айтылатын ауру – құяң. Құяң дегеніміз қан тамырындағы қанның өзгеріске ұшырауынан, баяулауынан, тамырдан сүзіліп шығып, қақ тұрып қалу яғни жиналған сарысудың асқынып қаққа айналуы. Соны қазақтың құяң үзуге арналған аспаптары арқылы емдейді әрі шөп дәрілер арқылы зардабын да жояды.

Оқи отырыңыз: "Қатерлі ісіктен жазылуға болады". Обырды жеңген 4 жанның әңгімесі

Құяң үзетін аспаптар әдетте жұмсақ үйеңкі және ақ самырсыннан жасалады. Құяң үзудің 4 түрлі аспабы бар. Олар мойын мен жауырынды ұйқалауға, арқадан қуалай ұйқалауға арналған аспаптар және ұсақ буындарды ұруға арналған екі түрлі ағаш балға.

Қан шетпені қалай үзеді?

Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше түрлі аурудың емдеу жолдарын айта кетелік. Айтып берген қазақ емшілігінің білгірі, жоғары санатты дәрігер Мәулітшәріп Қапаұлы.

"Шетпе" ауруы – вирус, микроб, бактерия таяқшасынан пайда болмайды. Осы заманғы медицина іліміне енбеген, ғылыми талдауы кемшіл ауру түрі.

Жалпы ғылыми тұрғыдан алғанда, жел тиіп немесе терлеп жатқан баланы аша қойғанда ұстаған желден не суықтан, тер қатудан немесе кіндік кескен кезде кіндік бауы толық саумаланбай ішінде қан не ауа қалып қоюдан сәбидің тері лимфа тамырлары, тері ұсақ тамырлары және тері бездері зақымдалудан пайда болады. Қан айналысы баяулап, жон, арқа жағы тырысады да қызуы көтеріледі. Сәбилердің іші кебеді, мазасызданып, жылай береді.

Оқи отырыңыз: Көз ауруын байқамай, асқындырудың соңы – су қараңғы соқырлық. Алдын ала сақтанамын десеңіз? Дәрігердің кеңесі

Ата-бабаларымыз шетпені "қан шетпе", "жел шетпе" және "жүрек шетпе" деп үшке бөлген:

Қан шетпе: нәрестелер туа салып кіндік кескен кезде кіндік ішінде қан қалса, ол баланың қан айналу жолдарына әсер етіп, тосылу пайда болады. Бұл қан шетпе делінеді.

Жел шетпе: кесілген кіндік ішінде жел қалса (ауа қалса), жел қан тамырларына өтеді. Бұл жел шетпе делінеді.

Жүрек шетпе: кіндік ішінде қалған ауа қан арқылы жүрекке барып, негізгі қан айналысын тосқындыққа ұшыратып өмірге қатер төндірсе, жүрек шетпе болады. Мұндай жағдайда баланың арқасы, жоны қарайып, қан жүрмей қалады.

Бұндай ауру түрлері үлкен адамда "Ілме" делінеді. Бұл көп айтылып жүрген "жасырын жүрек" ауруының себебі болуы мүмкін. Себебі, желке мен жонға тиген желден не суықтан қан басқа, жүрекке толық жетпей, салмақ түсіреді. Тіпті өлімге апаруы керек.

Бұны емдеуді ең ұтымды жолы – мыспен не күміспен арқаны не жонды тарап, уқалау. Қатты болғанда бұлауға отырғызу. Жел мен суықты айдап шығырп, қанның іркіліссіз жүруін қалпына келтіру керек.

Оқи отырыңыз: Құрбандыққа малды қайдан алып, қалай шалған дұрыс?

Малды неге бауыздайды?

Адам жеген азықтықтардың нәрі қанға өтіп, дене мүшелеріне тасымалданады. Сондықтан ішпек-жемектің тазалығына, дұрыстығына барынша көңіл бөлген жөн.

Егер улы азықты жеп қойса, уы қанға өтеді де бүкіл организімді бүлдіреді. Сол үшін ауырған, өлген не улаған малдың етін жемейді. Ал сау малдың өзін сойғанда бауыздап, қанының толық ағып шығып кетуіне мүмкіндік жасайды.

Оның үстіне қан тамырдағы тазартылмаған қан құрамында да көмір қышқылы газы секілді заттар болады. Мысылы, жылан шағып алғанда, уы денеге тарамау үшін сол жерді екі жағынан буып тастап, уын сорып түкіріп тастайды.

"Қазір мал етін сатып алғанда бір қарап-ақ қандай ет екенін яғни, қалай сойылғанын білеміз. Мысалы, кей азаматтар таразы тартсын деп малдың қанын толық ағызбайды. Ондай малдың еті қанталап, қарайып тұрады. Мәселен, өлген малдың еті де сондай болады. Егер қаны толық шыққан болса қызарып тұрады, – дейді аспаз Нұрболат Құрманхан. Айтуынша, мал етін аларда оның түсіне де көңіл бөлу керек.

Оқи отырыңыз: Құрбан айт пен қажылық: көне таным мен жаңа бизнес

Қаннан жасалатын тамақ және дәрілер бар

Мәселен, қазақта "Қимай" деген тамақ бар. Қыста соғымға сойған малдың жүрек қанын және таза қанды (артериядан алынған) алып оған у сарымсақ, май, бұрыш қосып малдың ішіегіне құйып қатырып қояды. Оған бауыздағанда аққан қан мен тамырдан аққан қан құйылмайды.

Ал, бұғының мүйізінің ішіндегі қан – ыстық райлы қасиетке ие, өте жоғары қуаттық дәрі. Мұндай мысалдар өте көп.

Бас сүйекке сіңген қан

Торғай өңірінде "Дамолла Кәтен" атанған Мұхаметқалы Қожаұлы мен "Дамолла" атанған Таласбай Жүзбайұлы атты әулиелер өткен.

Кәтен 1928 жылы қудалауға ұшырайды. Оның қанша мерзімге, қайда сотталып кеткені белгісіз.

1956 жылы бір күні таңертең Таласбай далаға шықса, аппақ киім киген, сақалы әппақ күмістей, таяқ таянған бір ақсақал дөңнен түсіп келе жатыр екен дейді. Жақындай келе қараса, Кәтен екен. Күтіп алады. "Кәтен дамолла" келді дегенді естіген алыс-жақындағылар шұбырып келіп, амандасады.

Бірнеше күннен кейін Кәтен өзінің үйінің батыс жақ бұрышын қаздырады. Астынан төңкерілген қазан шығады. Қазанның астындағы әлі кеппеген балшықта екі адамның табаны мен қолдарының табы бар екен дейді көрген жұрт. Кәтен "Қайран әке-шешем-ай!" деп сол іздерді сүйіп жылапты.

Оқи отырыңыз: Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар

Сосын балалары мен інілерін сұрапты. Ол кезде Кәтеннің балалары да, інілері де қуғын-сүргін мен аштықтан қырылған екен. Ақсақалдар "Ашаршылықта осында жерленді. Онда бірнеше бала жатыр. Сіздің балаңыз қайсысы екенін біле алмаймыз" десе керек.

Кәтен сүйектерді қазып, бастарын әкелуді өтінген. Алғашқы баланың басы шыққанда қолын шертіп, қан шығарыпты да бас сүйекке тамызыпты. Қан сырғып ағып кетсе керек. Екіншісін әкелгенде тамған қан бас сүйекке сіңіп кетеді. Сонда: "Қайран құлыным-ай!" деп басты құшақтап жылап отырып, жүріп кетіпті.

Кейін Сейіт Кенжеахмет ағамыз Кәтен дамолланың қабірінен алған кітаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына өткізіпті.

Қанға қатысты қазақ тіліндегі сөз тіркестері

"Қаны бір", "қанына тарту", "қан қақсату", "қанына біткен", "қасқалдақтың қанындай", "қан мен тері сіңген", "қаны бұзық", "қаны басына шабу", "қаны қараю", "қан жұқпас", "қаны жібермеу", "қаны сұйылған". "Қанына тартпағанның қары сынсын", "қанға қан алу", "қан шығарып, қасам ішу".

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары