Қаралы қаңтар, жаңа облыстар, президент сайлауы. 2022 жылдың басты оқиғаларына шолу
Биыл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қақтығыс болды.Informburo.kz 2022 жылы Қазақстан аумағында болған елеулі оқиғалар мен ел өмірін өзгерткен маңызды өзгерістерге шолу жасайды.
238 азаматтың өмірін қиған Қаралы қаңтар
Жыл басында сұйытылған газдың кенеттен қымбаттауына байланысты Қазақстанда наразылық шаралары жүрді. 2 қаңтарда бастау алған бұл оқиғалар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қақтығыс болды. Бірінші болып Жаңаөзен халқы бастаған көтеріліс біртіндеп Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Астана, Шымкент, Көкшетау, Орал және т.б. қалаларға ұласты. Тұрғындар көшеге шығып, экономикалық және саяси өзгерістерді талап ете бастады. Осылайша бейбіт басталған наразылық артынша қарулы қақтығыс пен бұзақылық әрекеттер жасауға ұласты.
4 қаңтарда ел аумағында Интернет бұғатталып, Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай енгізілді. 5 қаңтар күні таңертең Үкімет отставкаға кетті. Елде жағдай шиеленісіп 5 қаңтар күні Қазақстанның барлық аумағында төтенше жағдай енгізілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы басшыларынан көмек сұрады. 10 қаңтар күні ҰҚК тәртіпсіздіктер кезінде басып алынған барлық әкімшілік нысанның қайтарылғанын, елдегі жағдай тұрақталғанын мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Қаңтар оқиғасы туралы кітап авторы: Назарбаев үш жыл қайтадан президент болғысы келген
11 қаңтарда тәртіпсіздіктерге қатысқан 10 мыңға жуық адам қамауға алынды. Ал кәсіпкерлерге келтірілген шығын 100 млрд теңгені құрады. Тергеуден кейін 1113 азаматқа қатысты айыптау үкімі шығарылып, тағы 315 адамның ісі әлі қаралып жатыр. 238 азамат қаза тапты.
Жалпыхалықтық референдум
5 маусым күні ҚР Конституциясына өзгеріс енгізу үшін референдум өтіп, дауыс беруге 7 985 769 адам қатысты. Жалпы қатысу құқығы бар азаматтардың саны 11 734 642 болған еді.
6 163 516 адам референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берді, бұл қатысу құқығы бар азаматтардың 77,18 пайызы. Сондай-ақ, 1 490 470 азамат теріс шешімді жақтап дауыс берді. 205 924 бюллетень жарамсыз деп танылды.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Конституциясына қандай өзгерістер енгізіледі? Жобаның толық мәтіні
Ата Заңның шамамен үштен біріне өзгерістер енгізілді. Олардың негізгілері:
- Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік формасынан мықты парламентке ие президенттік формаға көшеді;
- президенттің туыстарына жоғары мемлекеттік қызметтерді атқаруға тыйым салынады;
- жер мен жер астындағы байлық халыққа тиесілі болады;
- қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;
- Қазақстанда өлім жазасы болмайды;
- мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша қалыптасады;
- сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады;
- мажоритарлық жүйе сайлаушылардың қалауы бойынша депутаттың өкілеттігін тоқтатуға мүмкіндік береді.
Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының құрылуы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жарлыққа қол қойып, ол 8 маусымнан бастап күшіне енді.
Жарлыққа сәйкес Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшірілді. Сонымен бірге келесі үш облыс құрылды:
- Абай облысы, әкімшілік орталығы – Семей қаласы. Оның құрамына Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандары, Семей және Курчатов қалалары өтті.
- Жетісу облысы, әкімшілік орталығы – Талдықорған қаласы. Оның құрамына Алматы облысының құрамынан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған және Текелі қалалары өтті.
- Ұлытау облысы, әкімшілік орталығы – Жезқазған қаласы. Оның құрамына Қарағанды облысының құрамынан Жаңаарқа, Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалалары өтті.
Оқи отырыңыз: 19 – 14 – 17. Қазақстан облыстарының тарихына шолу
Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құруға қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді.
Кәрім Мәсімов, Мұрат Бектанов, Қайрат Сатыбалдының қамауға алынуы
6 қаңтар күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке сатқындық жасау фактісіне байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Осы күні аталған қылмысты жасады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен басқа да адамдар қамалды.
25 тамызда ҰҚК Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов және оның орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Өсіповке қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары аяқталғанын хабарлады.
7 қарашада Бас прокуратура Кәрім Мәсімовке қатысты қылмыстық істі қарағанын және тергеу органының айыптау актісін бекіткенін хабарлады. 18 қарашада Астана қалалық сотында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке қатысты сот процесі өтті.
2021 жылғы 31 тамыздан 2022 жылғы 19 қаңтарға дейін ҚР Қорғаныс министрі қызметін атқарған Мұрат Бектанов 20 ақпанда ұсталып, изоляторға қамалды. Артынша Алматы қаласының ауданаралық тергеу соты оның 20 маусымға дейін қамауда болатынын мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Назарбаев Мәсімов туралы: Иса Мәсих қасындағы Яһуданың сатқын екенін біліп пе еді?
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуге алынып, осы қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы қамауға алынды. Сондай-ақ, Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілді.
Сотта прокуратура өкілі Жангелді Есебаев сотты Қайрат Сатыбалдыұлын 10 жыл лауазымды қызметтер атқару құқығынан және ҰҚК генерал-майоры, "Құрмет" және "Парасат" арнаулы атақтарынан айыруды сұрады. Қайрат Сатыбалдыұлы өз кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. Сондай-ақ, прокурор ұсынып отырған жаза түрі мен мөлшерімен келісетінін жеткізді.
Астана атауының қайтарылуы
Жыл басынан бері қала атауын өзгерту туралы ресми органдарға 17 ұсыныс түсіп, елорда мәслихаты Нұр-Сұлтан қаласының атауын Астана деп өзгерту туралы шешім шығарды. Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп елорда атауын өзгертуге қатысты әлеуметтік желіде көптеген мәлімдеме болып жатқанын айтты.
"Биыл жыл басынан бері Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына және қалалық ономастика комиссиясына Нұр-Сұлтан қаласының атын Астана қаласы деп өзгерту туралы ресми 17 ұсыныс түсті. Жуырда мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттар тобы да арнайы депутаттық үндеу жасап, еліміздің бас қаласын Астана деп қайта өзгерту туралы ресми ұсыныс білдірді. Осы мәселелердің бәрін ескере отырып, 14 қыркүйек күні қалалық ономастика комиссиясының отырысын өткіздік. Комиссия шешіміне сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласын Астана қаласы деп атау туралы ұсынысты қолдадық", – деді Сәкен Есіркеп.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан, Париж, Вашингтон. Кісі есімі берілген 10 астана
Елорда мәслихатының депутаттары Нұр-Сұлтан атауын өзгерту туралы шешімді қолдаған.
20 қарашадағы кезектен тыс сайлау
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кезектен тыс президент сайлауын 2022 жылғы күзде өткізуді ұсынған болатын.
"Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс президент сайлауына баруға дайынмын", – деді президент 1 қыркүйекте парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ мемлекет басшысы президенттік мандатты қайта сайлану құқығынсыз жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды.
Сайлау 2022 жылдың 20 қарашасында өтіп, саяси додада Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 456 393 азамат немесе сайлаушылардың 81,31 пайызы дауыс берді.
Оқи отырыңыз: Сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген нұсқа енгізіледі
Кезектен тыс өткен президент сайлауында басқа 5 үміткер келесідегідей дауыс жинады:
- Жигули Дайрабаев – 271 641 немесе 3,42 пайыз;
- Қарақат Әбден – 206 мың немесе 2,6 пайыз;
- Мейрам Қажыкен – 200 907 немесе 2,53 пайыз;
- Нұрлан Әуесбаев – 176 116 немесе 2,22 пайыз;
- Салтанат Тұрсынбекова – 168 731 немесе 2,12 пайыз.
Жалпы сайлаушылар саны 11 953 465 адамды құрады. Оның 8 300 046 адамы немесе 69,44 пайызы дауыс беруге арналған бюллетендерді алды.
Әйелдердің зейнет жасы төмендеді
Әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жас болып бекітілді.
Мемлекет басшысы кең әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітілетінін хабарлады. Сондай-ақ ол бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеуді ұсынды.
Екібастұздағы апат
27 қараша түнгі 01:20 шамасында Екібастұздағы ЖЭО қазандығы істен шығып, араға 10 минут салып тағы үшеуі жұмысын тоқтатты. Қала тұрғындары жылу жоқ екенін айтып шағымданып, аумақта төтенше жағдай жарияланды. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.
Премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барды. Артынша 1 желтоқсан күні мемлекет басшысы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовты лауазымынан босатты. Оның орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.
7 желтоқсан күні Асайын Байханов Павлодар облысының әкімі қызметіне тағайындалып, қаладағы жағдайдың тұрақталғанын мәлімдеді.
Қостанайдағы алапат өрт
3 қыркүйекте Қостанай облысында табиғи өрт шығып, бірнеше ауылдағы 108 құрылыс бүлініп, 1800-ден аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. 10 адам жарақат алып, өңірде төтенше жағдай режимі жарияланды. Ішінде Аманқарағай ауылында 91 үйдің барлығы дерлік жанып кеткен.
Жалпы бес учаске – Калинино, Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарында өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. 4 қыркүйек күні Аманқарағай ауылында өртенген үйлердің бірінен 86 жастағы зейнеткердің мәйіті табылды. Бас прокуратура Қостанай мен облыстағы өртте адамның қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғады. Ал 22 қазанда Қостанай облысында өрттен зардап шеккен Әулиекөл ауданының тұрғындарына жаңа үйдің кілті табысталды.
Жеңілдетілген автонесие
Автонесиелендіру бағдарламасына 100 млрд теңге бөлінді. Жеңілдетілген несие шарттарының бекітілгені туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді.
"Жеңілдетілген несиенің шарттары келесідегідей болады: несие жылына 4%-бен беріледі, бірақ алғашқы салымды төлеудің қажеті жоқ. Қазір де автокөлік несиесі жылына 4%-бен берілсе де, жүргізуші алғашқы жарна ретінде көлік бағасының 20 пайызын төлейтін еді. Ал жалпы несие жеті жылға берілетін. Осылайша біздің 71 мың азаматымыз жаңа көлікті тиімді бағада сатып ала алады", – деді Скляр.
Оқи отырыңыз: "Үш адамға кредит әперіп, үшеуін де өзім төледім". Қазақтар неге жақындарына несие алып беруге бейім?
Еске салсақ, көлік пен ауыл шаруашылығы техникасына жаңа утиль алым мөлшерлемесі белгіленді. Утиль алымының мөлшерлемесі 50% төмендейді.