Тікелей эфир

Қаңтар оқиғасы туралы кітап авторы: Назарбаев үш жыл қайтадан президент болғысы келген

Журналист Леонид Млечин қазіргі президентті қызметінен босатқаны үшін Кәрім Мәсімовке премьер-министр лауазымы уәде етілгенін хабарлады.

Саясаттанушы Ербол Еділов өзінің Telegram-арнасында ресейлік журналист Леонид Млечиннің жуырда таныстырылымы өткен "Қаралы Қаңтар. Президент Тоқаев және сабақ алу" атты кітабының үзіндісін бөлісті. 

Кітап авторы Қазақстан президентінің Қаралы қаңтардан сабақ алғанына сенімді, "мемлекетті жеке диктатурасының режиміне енгізіп, оқшаулап қойған жоқ", дейді. Оның айтуынша, мемлекет басшысы шынайы демократиялық реформаларды жүзеге асыруға кірісті: өзіне берілетін артықшылықтардан бас тарту, парламент пен азаматтық қоғам рөлінің артуы. 

"Орталық Азияда бұрын-соңды болмаған оқиға: Қазақстанда халқымен жеті жылға келісімшарт жасасқан президент шықты. Хан емес, сұлтан емес, жалдамалы менеджер. Тоқаев маған Назарбаевтың айтқан сөзін қайталады: "Мен сені отыз жылдан бері білемін, бірақ сен мұндай әрекетке қабілеттісің деп еш ойламадым", – делінген кітапта. 


Оқи отырыңыз: Қаңтар оқиғасы кезінде қамалғандардың алтауы уақытша ұстау изоляторында көз жұмды


Автор өз кітабында Нұрсұлтан Назарбаевтың жоспарын бөлісті, оған сәйкес бірінші президент өз лауазымына үш жылға оралып, кейін орнына өзіне ыңғайлы адамды қоюы керек болатын. 

Қазіргі президентті қызметінен босатқаны үшін ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке шексіз өкілеттіктері бар премьер-министр лауазымы уәде етілді, деп жазады Млечин.

"Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми Елбасы институты елдегі ең жоғары билік органы екені туралы мақала жариялады. Қазақстандағы мемлекеттік биліктің ирандық моделі – президентке аятолла болу туралы айтылды. Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Сауд Арабиясының тәжірибесі негізінде монархияны енгізу идеясы пайда болды. Бұл модель билік құрылымдарында талқылана бастады, алайда Тоқаев Елбасыны "Бүкіл әлем бізге қарап күледі" деп бұл идеядан бас тартуға көндірген, – делінген Млечин кітабында. 

Автор Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрсұлтан Назарбаев арасында биліктің кімнің қолында екені туралы диалог болғанын жазды. 

"Тоқаев бірінші президентке: Нұрсұлтан Әбішұлы, билікке қатысты шешім қабылдау керек, қазіргі жағдай елдегі тұрақсыздықты арттыра түседі", – деді. Тәжірибелі Назарбаев тек әзілдеп: "Менің міндетім – саған көмектесу, мен екеуіміздің табысты болуымызға мүдделімін", – делінген кітапта. 


Оқи отырыңыз: Жаппай тәртіпсіздік кезінде тұтқындалғандардың мыңнан астамы әлі қамауда отыр


Леонид Млечиннің айтуынша, Қазақстан президентінің табандылығы мен салқынқандылығы Қаралы Қаңтардың қалай аяқталатынына себепші болды.  

"Тоқаев қарулы күштің адамы емес, дипломат, интеллигент, парасатты тұлға. Ол маған шешуші сәтте оған айтылған сөздерді баяндады: Жағдай аса қауіпті, қазір бастысы – сізді аман алып қалу. Жеке күзетші мен жанармай құйылған арнайы ұшақ дайын тұр... Ұшақта жүк бар – былайынша айтқанда, алдағы шығындарға қажет 25 миллион доллар. Қайда ұшқыңыз келеді? Президенттің ұшып кететініне күмәнданбадық", – делінген кітапта. 

Млечин Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды құтқарып қалу үшін қолдан келгеннің барлығын жасағанына назар аудартады. 

"Қаралы Қаңтардағы шешуші күнде Қазақстан президентінің халқына қарата айтылған жолдауында "Мен қаламын" деген сөздер болды. Көп адам президенттің мұны не үшін айтқанын түсінбеді. Бұл сөздер мемлекет басшысына кедергі келтіріп, билікті басып алғысы келгендерге арналды", – деп жазды автор. 


Оқи отырыңыз: Ерлан Саиров: Террорист, экстремист, тонаушы, тәртіп бұзушылардың ара-жігін ашу маңызды


Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде "Қаралы Қаңтар. Президент Тоқаев және сабақ алу" кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараны Қазақстан елшісі Ермек Көшербаев ашты. Ол өз сөзінде бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлердің Қаралы Қаңтар туралы көп жазғанын, алайда "Қаңтардағы оқиғалардың себебі мен жағдайларын түсіну мақсатындағы нақты әрекеттердің әлі болмағанын" атап өтті. Оның айтуынша, бұл олқылықтың орнын Леонид Млечин толтырды.

"Болған оқиғаның картинасын қайта құрастыру үшін автор Қазақстанға келіп, құжаттарды зерттеді, оқиға қатысушылары мен куәгерлерімен тікелей жүздесті. Оқырман алда білетін көптеген факті бұған дейін жасырын болды", – деді елші. 

Қаңтардағы оқиғалар бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Тергеуден кейін 1113 азаматқа қатысты айыптау үкімі шығарылып, тағы 315 адамның ісі әлі қаралып жатыр. 238 азамат қаза тапты.


Оқи отырыңыз: Жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы облысында бүтін бір отбасы оққа ұшқан


Кәрім Мәсімов пен оның әріптестеріне қатысты тергеу жұмысы аяқталды, қараша айында Астанада сот басталды. Іс "аса құпия" деген белгімен қаралып жатыр.

Серіктестер жаңалықтары