Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыз күні Қазақстан халқына жасаған жолдауында елдің әкімшілік-аумақтық бөлінісіне өзгеріс енгізілетінін айтты. Елде Абай облысы (орталығы Семей қаласы), Жетісу облысы (орталығы Талдықорған қаласы) және Ұлытау облысы (орталығы Жезқазған қаласы) құрылатын болды.
Осы ретте Informburo.kz тілшісі Қазақстандағы облыстардың өзгеру тарихына шолу жасады.
Кеңестік кезең
1919 жылы РКФСР ХКК-нің "Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі уақытша әскери-революциялық комитет туралы" қаулысы бекітілді. 1920 жылғы 26 тамызда "Қырғыз (қазақ) кеңестік автономиялық социалистік республикасын құру туралы" декрет қабылданды.
1921 жылы Сібір және Орал революциялық комитеттерінің бөлінуінің нәтижесінде қазіргі Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстарының көп бөлігі Қазақстанға өтті. 1924-25 жылдары Түркістан АССР-інен Қазақстанға Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстары енді. Біраз уақыт Қазақстанның құрамында Қарақалпақ автономиялы облысы мен Орынбор губерниясы да болды.
1936 жылы желтоқсанда Қазақ автономиялық республикасы Қазақ КСР-і болып өзгертілді. Сол уақытта Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары құрылды. 1938-1939 жылдары Павлодар, Гурьев, Қызылорда, Ақмола және Жамбыл қалалары құрылды.
Кеңес дәуірінде Қазақстан аумағындағы облыстық деңгейдегі ең соңғы аумақтық-әкімшілік құрылымдар Көкшетау (1944 жыл), Талды-Қорған (1944 жыл) және Маңғышлақ (1973 жыл) болды. 1973 жылы Жезқазған облысы Қарағанды облысының құрамынан бөлініп шықты.
Тәуелсіз Қазақстан: 19 облыс
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде құрамында 19 облыс болды. Олар: Целиноград, Ақтөбе, Алма-Ата, Гурьев, Шығыс Қазақстан, Джамбул, Жезқазған, Орал, Қарағанды, Көкшетау, Қызыл-Орда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Семей, Талды-Курган, Торғай және Шымкент облыстары. Ел астанасы Алматы қаласы болды.
1992 жыл. ҚР Жоғарғы кеңесі президиумының қаулысы бойынша, Орал облысы – Батыс Қазақстан, Шымкент облысы – Оңтүстік Қазақстан облысы, Целиноград облысы Ақмола облысы болып өзгерді.
Оқи отырыңыз: ЕҰУ басшысы: Білікті тарихшыларға Тәуелсіздік алғаннан бері зәруміз
Облыстарды біріктіру: 14 облыс
1993 жыл. ҚР Жоғарғы Кеңесі Президиумының "Қазақстан Республикасы жеке әкімшілік-аумақтық бірлігінің жеке атауларының қайта өзгертілуі және орыс тіліндегі қазақ топонимикаларын ретке келтіру туралы" 1993 жылғы 4 мамырдағы қаулысына сәйкес Джамбул облысы – Жамбыл, Талды-Курган облысы – Талдықорған болып өзгертілді.
Бірқатар облыстың аумақтық кұрылымы қайта қаралды. Жезқазған облысы – Қарағанды облысымен, Көкшетау – Солтүстік Қазақстан облысымен, Семей – Шығыс Қазақстан облысымен, Талдықорған облысы Алматы облысымен біріктірілді. Ал Торғай облысының территориясы Қостанай және Ақмола облыстарына бөлініп берілді.
ҚР Президентінің 1997 жылғы 23 мамырдағы "Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімшілік-аумақтық құрылымдарының өзгеруі туралы" жарлығы бойынша аталған облыстардың шекарасы өзгерді.
1997 жылғы реформаның негізгі мақсаты әкімшілік құрылымды оңтайландыру және облыстардың қаржылық санын қысқарту еді. Кейіннен бұрынғы екі облыстың орталығы — Көкшетауға 1999 жылы және Талдықорғанға 2001 жылы облыс орталығының мәртебесі, сонымен бірге Алматы және Ақмола облыстарына облыс орталығының мәртебесі қайтарылды.
Салдары. Қайта өзгертілген әкімшілік-аумақтық реформалардың салдары әртүрлі болды. Торғай облысының қысқаруы аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатты әсер етті. Жезқазған облысы "Қазақмыс" корпорациясының арқасында бұл үдерістен жеңіл шықты. Семей облысының Шығыс Қазақстанға қосылуы Шығыс Қазақстан облысын дотациялық өңірге айналдырды.
Астана – ел астанасы
1997 жылдың 20 қазанда ҚР Тұңғыш президенті "Ақмола қаласын ҚР астанасы деп жариялау туралы" № 3700 жарлыққа қол қойды.
8 қарашада ҚР мемлекеттік рәміздері мен президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсімі өтті. 3 желтоқсанда ҚР премьер-министрінің кеңсесі Ақмолаға көшті. Сол жылғы 9 желтоқсанда президент Ақмолаға ресми түрде аттанды.
1998 жылы 6 мамыр күні президент жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгерді. Қаланың Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда болып өтті.
Ал 2016 жылы Астананың миллионыншы тұрғыны дүниеге келді.
Осылайша Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бөлінісінде екі республикалық маңызы бар қала мен 14 облыс болды.
Шымкент – республикалық маңызы бар қала
2018 жылы мамыр айында ел президенті Шымкент қаласына ресми сапармен барып, қала тұрғындарының саны миллионға жеткенін жариялады. Осылайша, шаһар республикалық маңызы бар қала мәртебесін алып, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамынан алынды.
Соған байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан облысы деп өзгертіліп, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілді.
Енді Қазақстанда үш республикалық маңызы бар қала мен 14 облыс болды.
Оқи отырыңыз: Ақмола, Целиноград, Астана. Енді Нұр-Сұлтан?
Астана – Нұр-Сұлтан
2019 жылы 19 наурыз күні президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу жасап, өкілеттігін өз еркімен тоқтататынын мәлімдеді. ҚР Конституциясына сәйкес, президент ретінде сол кездегі сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындалды.
20 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР президентінің міндетін атқарушы ретінде ант қабылдады. Ант қабылдау рәсімінде ол өзінің алғашқы жарлығымен Нұрсұлтан Назарбаевты Халық қаһарманы және Еңбек ері атақтарымен марапаттады. Сонымен бірге, ел астанасының атауын Нұр-Сұлтанға ауыстырып, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының орталық көшелерін Назарбаевтың атымен атауды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 9 маусымында өткен президент сайлауында 71 пайыз дауыспен жеңіп, ресми түрде президент атанды.
Жолдау: 17 облыс
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына 2022 жылдың 16 наурызындағы жолдауында елдің аймақтық-әкімшілік бөлісіне өзгеріс енгізуді ұсынды. Атап айтақанда, Семей қаласында Абай облысын, бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет екенін екенін айтты.
Сонымен қатар Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу және Алматы облыстарын құруды ұсынды. Жетісу облысының орталығы – Талдықорғанда, ал Алматы облысының орталығы – Қапшағай қаласында орналасатын болады. Президент егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беруді ұсынса, қолдайтынын жеткізді.
Жолдауда айтылған реформалар жүзеге асса, елде 17 облыс, үш республикалық маңызы бар қала болады.
Дереккөз: Материалда "Қазақстан тарихы", "Қазіргі Қазақстан тарихы" оқулықтары мен "Ақмола ақиқаты" газетіндегі деректер пайдаланылды.