Тікелей эфир

Ақмола, Целиноград, Астана. Енді Нұр-Сұлтан?

Фото Ақорданың баспасөз қызметінен алынды
Фото Ақорданың баспасөз қызметінен алынды
Астананың бұрынғы атауы – Целиноград. Одан бұрын бір ғасырға жуық уақыт Ақмола деп аталып келді.

Астана қаласының тарихы VIII ғасырдан басталады

1816 жылы Есіл-Нұра өңіріне келген офицер И.Шангин кішігірім қала жұрнақтары қалған ежелгі Бозоқ қаласын көреді. Ал 1946-1976 жылдар аралығында әйгілі қазақ ғалымы, тарихшы, археолог Ә.Марғұлан осы өлкедегі қалашықтар туралы мәліметтер келтірді. 1927 жылы көне қалашықта ақмолалық өлкетанушы Л.Семенов қазба жұмыстарын жүргізді.

1997 жылдан бастап отандық археолог Кемел Ақышев Нұра мен Есіл өзендерінің барлық тармақтары бойына үлкен зерттеулер жүргізді.

1998 жылы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен К.Ақышев жетекшілік еткен Есіл археологиялық экспедициясы құрылып, келесі жылы қираған қалашық орнында қазба жұмыстары басталды. Бұл жерде VIII ғасырдан бастау алатын, XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі Бозоқ қаласы орнының табылуы таңғажайып оқиға болды.

Оқи отырыңыз: Алматы vs Алма-Ата. Қала бекініс кезінен бері қалай аталды?

К.Ақышевтың пікірінше...

VIII–XV ғасырларда Қазақстанның далалық аймақтары ордакент–қалаларының пайда болуы, бекініс–баспаналардың тұрғызылуы, әскери бөлімшелер мен жергілікті билеушілер отыратын – ордалардың салынуы отырықшылыққа негіз болды. Осындай қалашықтардың бірі – Бозоқ бастапқы кезде жергілікті билеушінің ордасы болған екен.

Елбасы "Еуразия жүрегінде" атты еңбегінде Ақмола қаласы тарихының өрлеу кезеңдері сөз болады. Бірінші өрлеу кезеңі қазіргі Астана қаласынан бес шақырым жерде орналасқан ортағасырлық Бозоқ қаласының гүлдену кезеңімен байланыстырылады. Бозақ ­­­– Қыпшақ хандығының астанасы болған. Осы аумақ арқылы ХVІ ғасырда Сібір – Орта Азия керуен жолы өткен.

Сонымен қатар Н.Ә.Назарбаев өз еңбектерінде "Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы" деп келтіреді.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы халық саны мен ел демографиясы туралы қызықты деректер

Ақмоланың пайда болуы

Ресей империясының 1862 жылдың жетінші мамырдағы шешімімен Ақмола станицасына ресми түрде қала мәртебесі берілген. Бұған дейін де бұл өлкеде бекініс болған.

1939 жылдың қазан айында Кеңес өкіметі Ақмоланы облыс орталығы етіп бекітеді. Бұл жылдары қаланың шамамен 30 мыңнан астам тұрғыны бар еді.

Ақмола тарихының келесі кезеңі

– Тың жерлерді игеру жылдары Ақмола облысы елдің ең маңызды астықты аймағына, ауылшаруашылығы, машина құрылысы орталығына айналды. 1960 жылғы 26 желтоқсанда тың өлкесін құру туралы Жарлық шығып, 1961 жылы қаланың аты Целиноград болып өзгертіледі. Ресми түрде 1962 жылы бекітіледі.

Оқи отырыңыз: Урбанизация. Қазақстанда қалаға көшу динамикасы қандай?


Ақпаратты Германия Демократиялық Республикасының басылымдарына дейін жариялады

Ақпаратты Германия Демократиялық Республикасының басылымдарына дейін жариялады / Фото facebook желісіндегі "Целиноград и целиноградцы" тобынан алынды


Осы жылдары Қазақстанда тың өлкесін құру, оның астанасын Целиноград қаласы жасау идеясы белең алды.

Целиноградта қазақ, неміс, орыс, татар ондаған ұлт өкілі тұрды. Ресми деректерде қазақ ұлтының үлес салмағы тым аз болғаны айтылады.

"Ақмола қаласы тым тозыңқы. Қала орталығы мен вокзал ауданындағы көзге ілінер Сталин кезіндегі бірнеше үй мен коммуналкаға айналған көпес үйлерден басқа ғимарат болмаған.

Әкімшілік ғимараттар мен үйлердің тапшылығы қатты байқала бастаған. Мәселен, 1961 жылы қаланың тұрғын үй қоры 115 мың тұрғынға 600 шаршы метрден тұрған. Адам басына шаққанда бес шаршы метрден келеді. Оның өзі ескі, құлайын деп тұрған саман үйлер еді" деп жазған болатын белгілі қазақстандық журналист А.Дубицкий "Есіл бойындағы қала" кітабында.

Ең бірінші болып қазіргі Бейбітшілік көшесі, (ол кездегі атауы – Мир) қайта құрылады. Ескі үйлердің орнына биік жаңа үйлер бой көтере бастайды.

Оқи отырыңыз: Астанаға қонаққа келсеңіз, абай болыңыз. Автобуста жүру тәртібі өзгерді

Қалада саябақ, сквер мен мәдени орталықтар салынады. Мәселен, Темір жолшылар мәдениет орталығы салынды. Кейін атауы бірнеше рет өзгертіліп, қазір "Жастар театры" деп аталады.


Атауы бірнеше рет өзгерген. Қазіргі "Жастар" театры

Қазіргі "Жастар" театры / Фото pkzsk.info сайтынан алынды


Біртіндеп Целиноград машина жасау, түсті металдарды өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, астық өндірісі орталығына айналады.

1960 жылдардың басында қалада институттар ашыла бастайды. Ең бірінші педагогика институты, кейін медициналық институт ашылады. Бастапқыда бейімделген ғимараттарда орналасты.

Оқи отырыңыз: Астананың 20-сыншы туған күні. Қайда баруға, не көруге болады?

1963 жылы қалада "Тың игерушілер" сарайы тұрғызылды. Сыйымдылығы 2355 адамға жоспарланған бұл ғимарат салыстырмалы түрде алғанда Кремльдегі Съездер сарайынан кейінгі екінші орында тұратын.

Кейін Конгресс холл, қазір Астана концерт залы деп аталады.


Тың игерушілер сарайы

"Тың игерушілер" сарайы / Фото pkzsk.info сайтынан алынды


Кейін 1975 жылдың 20 наурызында 1200 көрерменге арналған Жастар сарайы тұрғызылады.

Осылайша, біртіндеп қала танымастай өзгере бастайды.

Ақмола атауы қайта берілді

Ел тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Целиноград қаласы мен облысы қайтадан байырғы атауымен Ақмола атанды.

ҚР Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1992 жылғы 6 шілдедегі "Орал, Целиноград, Шымкент облыстары мен Целиноград қаласының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы" қаулысына сәйкесті қаланың тарихи атауы қайта қалпына келтіріледі.

Астананы Ақмолаға көшіргенде көбінің зәре-құты қашқан

Астананы көшіру туралы ойын алғаш рет 1994 жылы 6 шілде де елдің Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Президент ортаға салды. Қабылданды.

Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты.

Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.

Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.

1999 жылы Астанаға ЮНЕСКО шешімімен "әлем қаласы" атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде қарқынмен дамыған әлемдегі жас қалаларға беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды.

Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Осыдан 21 жыл бұрын Астананы көшіру идеясы іске асқанда көптің көкейінде қорқыныш болды. Алматыдай әсем де жылы қалаға үйреніп қалған министрлер мен мекеме басшылары бірден Ақмолаға көшуге жүрексінгені рас. Бастапқыда бөлім меңгерушілерінің орынбасарлары, тіпті одан да төмен дәрежедегі қызметкерлерден жасақталған "барлаушылар" келе бастаған. Сол кезде "Президент күш құрылымдарын ғана Ақмолаға көшіреді екен. Басқамыз осы Алматыда қалатын көрінеміз. Арқада сегіз ай қыс. Сықырлаған сары аязы 40-50 градусқа дейін баратын көрінеді. Жаз бойы жел соғып, қара маса қаптап жүреді екен" деген әңгіме желдей есті.

Жапон сәулетшісі Кисе Курокава Елорданың нобайлық идеясын жүзеге асырды

Халықаралық байқау жарияланғанда әлемге әйгілі талай сәулетші қатысты. Жеңімпаз ретінде дүние жүзіне белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава танылып, оның ұсыныстарының негізінде қала дамуының 2030 дейінгі Бас жоспары әзірленді.

Сол жылдарда қала әкімі Аманжол Бөлекбаев еді

Президент тапсырмаларын уақытында орындап, қолдауына ие болды. Бір-екі жылдың ішінде Президент аппараты, Парламент, Жоғарғы сот, Ішкі істер министрліктеріне арналған ғимараттар қайта жөнделіп, замануи әрленді.

Қала орталығынан "Интерконтиненталь", Қаржы министрлігі сияқты әсем ғимараттар бой көтерді. Есілдің сол жағалауынан жаңа қала құрылысы жедел жүргізілуі үшін миллиардтаған инвестиция тартылуы керек болды. Салықтан босатылған "Ақмола еркін экономикалық аймағы" құрылды. Ол дегеніміз – белгілі бір аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету үшін шетелдік инвестицияны, озық технология мен басқару тәжірибесін тарту. Соның әсерінен басқа өңірлерден мыңдаған адамдар құрылысқа келе бастады.

Нұрсұлтан Назарбаев "Еуразия жүрегінде" кітабында кімге алғысын айтқан?

"Құрылыстың алғашқы айлары туралы айтқанымда, ойларымыз бір жерден шыққан көптеген адамдарды еске аламын. Сол күндері менің қасымда болғандардың, қолдағандардың, жаңа астана үшін жаны ауырғандардың барлығына алғысым шексіз. Олардың қатарында астананы көшіру туралы комиссияның бірінші төрағасы Николай Михайлович Макиевский, қаланың бас жоспарын жасаған Кисе Куракова, Президенттің Іс басқармасының бастығы болған Владимир Ни, қаланың бірінші мэрі Аманжол Бөлекбаев, ескі қаланы жаңартуға еңбек сіңірген Әділбек Жақсыбеков және басқалары бар"деп жылылықпен алғыс сезімін білдірген.

Арқа төсіне көшіп келген жылдары Астанадағы тұрғындар саны 290 мыңдай болған

Қазіргі есеп бойынша халық саны төрт есеге өскен. 2019 жылдың 9 қаңтарында Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов: "Астана – демографиялық әлеуеті зор, миллион халқы бар қала. 2030 жылға қарай халық саны 2 миллион адамға дейін өссе, 2050 жылға қарай 3 миллионнан асады" деді.

Ең бірінші Бәйтерек бой көтерді

Елордада архитектор Ақмырза Рустембековтың жұмысы – Бәйтерек монументі 1997жылы бой көтерді. Қазір қаланың ең көрікті ғимараттарының біріне айналған. Ресми ашылуы 2002 жылы болды.

Бүгінде әлемдік лидерлер осы жерді жиі бас қосып тұрады. Астана да ол жерден алақандағыдай болып көрінеді

Қала күн сайын гүлдене бастады. Жай ғана елорда емес, түрлі саммиттер мен халықаралық кездесулер өтетін орынға айналған.

Әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі үшін елордада Бейбітшілік және келісім сарайы салынды. Ол халық арасында Пирамида деп аталып қаланың көркіне айналды. Пирамиданың авторы – британдық ахитектор Норман Роберт Фостер.


Хуан Карлос І Испания патшасымен /

Хуан Карлос І Испания патшасымен / Фото Ақорданың баспасөз қызметінен алынды


Бүгінде әртүрлі дін, этностар пен мәдениет өкілдері әрбір үш жыл сайын Астанада бас қосады.

Қаланың оң жағалауында мүлдем өзгермеген ғимараттар да бар.

2017 жылы EXPO-2017 халықаралық көрмесі өтті

Небәрі үш жыл ішінде Астана көрмеге дайындалып үлгерді. Көрме өткен уақытта Астанаға 2,1 миллион адам келген. Оның 1,4 миллионы – шетелден келген туристер.


Экспо ғимараты

ЕXPO-2017ғимараты / Фото informburo.kz


20 жылдам атам уақыт ішінде қала аумағы шамамен 500 шаршы метрге өскен.

Осылайша, Ақмола мен Целиноград тарихқа кетіп, 22 жыл ішінде Астана Қазақстанның символына айналған еді.

Астанамыз Нұрсұлтан болсын

Ал бүгін Жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Астана" атауын өзгерту туралы ұсыныс айтты. Ол:

"Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгілік ету керек. Ол үшін біздің астанамыз біздің президентіміздің атын алып, "Нұрсұлтан" деп аталу керек" деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Конституциясына сәйкес, Үкімет астананың атауын өзгерту туралы түзету енгізу үшін республикалық референдум өткізу жөнінде Қазақстан Президентіне ұсыныс жасады. Президент бұл ұсынысты референдума шығармай, парламенттің қарауына жіберу туралы шешім қабылдады. Одан кейін мәжіліс заң жобасын екі оқылымда да мақұлдады.

Айтпақшы, Астананы Целиноград кезінде елорда қылу туралы сөз болған. 1964 жылы Хрущев Қазақ автономиялық социалистік кеңестік республикасының астанасын осында орналастыруды ұсынған болатын. Басты аргумент – қаланың орналасқан жері. Мүмкін Хрущев билікте тағы бірнеше жыл отырғанда Целиноград кезінде елордаға айналатын ба еді?!

Астана қаласы "Nur-Sultan" болып өзгеруі мүмкін

Елорданың есімін "Нұрсұлтан" деп атау жөніндегі шешімді қалалық мәслихаттың депутаттарына дауысқа салуға бермес бұрын, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов сөз сөйледі. Ол:

"Кешегі Елбасымыздың тарихи шешімі Қазақстанның қайта түлеуіне серпін беріп, үлкен өзгерістерге жол ашты. Бастамаларының бірі жеке қолтаңбасына айналған Елордамыз болса керек. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгілік тарихқа қалдырды. Бүгін мәжіліс бұл ұсынысты қолдады. Әкімдік те Астананы бірінші Президенттің атына өзгерту туралы ойды қолдайды" дей келе мәслихат депутаттарына дауыс беруді сұрады.

Сонымен қатар, ол парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың Астана қаласы атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдағанын атап өтті. Одан кейін сөз алған әр аудандық округтің мәслихат депутаттары бұның дұрыс шешім екендігіне талас тудырған жоқ. Астананың атауын өзгертуге қатысты шешімді қалалық маслихат 19:00-де қабылдады.

"Талқылау қорытындысы бойынша Астана қаласын "Нұрсұлтан" деп өзгертуге ұсыныстар келіп түсті. Астана қаласының кезектен тыс 46-шы сессиясына енгізілген мәселе қарастырылып, шешімін тапты. Астана қаласы "Nur-Sultan" болып өзгертілу керектігін қолдадық" деп аяқтады Астана әкімдігінде өткен отырысты.


Бүгін қалалық мәслихаттың онамастикалық комиссиясы дереу ұсынысты қабылдап, мәслихатқа жіберген

Бүгін қалалық мәслихаттың онамастикалық комиссиясы ұсынысты шапшаң қабылдады. Сурет informburo.kz


– Қазір ұсыныстардың барлығы кирилл әліпбиімен келіп түсті. Болашақта латынға көшетін кезде, міндетті түрде латынша жазылады. "Нұр" мен "Сұлтан" сөзінің үлкен мағынасы болғандықтан, дефис арқылы жазуды ұсынып отырмыз, – деді Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив басқармасының басшысы Тілеуқали Қышқашбаев.

"Қала өз құрылысшысының есімімен аталуы керек"

Келесі кезекте сөз алған Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, мәслихат депутаты Ерлан Сыдықов толқып тұрғанын жеткізді.

– 30 жыл деген қас қағым сәт. Елбасы даналығын көрсете отырып, өзі тәрбиелеген Қасым-Жомарт Кемелұлына президенттікті тапсырды. Лайық екенін көрсетті. Әлемге әйгілі мемлекет құрды. Шегара шегенделді. Көршілермен тату-тәтті қарым қатынас орнатылды. Жеке басының абыройының арқасында миллиардтаған инвестиция келді. Ең бастысы Елбасының арқасында Арқаның төрінде тамаша астана құрылды. Елбасының пәрменімен 30-дан астам қала тамаша тұлғалардың атымен аталып жатыр.

Санкт-Петербург қаласын да Петр I батпақтың үстінде құрды. Ресейдің үлкен мемлекет құрылуына негіз болды. Сол сияқты Назарбаевтың реформалары келешегімізді жарқын етті. Рим, Александрия, Вашингтон қалаларының тарихын да мысалға келтіруге болады , – деп informburo.kz журналисіне арнайы түсіндірді.

Енді бұл мәселені Қазақстан үкіметі жанындағы республикалық ономостикалық комиссия қарайды. Онда қолдау тапса, үкіметтің қарауына жіберіледі.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары