Тікелей эфир

Несие төлемін кешіктірсеңіз, не істеу керек? Маман кеңесі

Несие төлемін кешіктірген азаматтар банк омбудсменінің көмегіне жүгіне алады.

2022 жылдың І жарты жылдығында қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне қазақстандықтардан 16 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Олардың 11 мыңнан астамы несие шартын қайта қарау, қайта қаржыландыру және несиеге қатысты нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша. Осы орайда, департамент директорының орынбасары Ернар Оразбаев несие төлемін кешіктірген жағдайда не істеу керегін түсіндірді. 

"Азаматтар кредиторлардан қашу арқылы өзіне зиян тигізеді"

Департамент өкілі бірінші кезекте несие алғанда қаржы сауатыңыз болмаса, заңгер немесе несие алып, оны уақытылы және толықтай жапқан азаматтардан көмек сұрауға кеңес берді. 

"Өтініштердің басым бөлігі несие шартын қайта қарау және қайта қаржыландырумен байланысты болғандықтан, заң талаптарына өзгеріс енгіздік. 2021 жылдың 1 қазанынан бастап "Барлық қаржы ұйымы үшін мерзімі өткен берешектерді реттеудің бірегей тәртібі" бекітілген. Кредиторлар несие төлемін кешіктірген азаматтарға 20 күн ішінде хабарласады. Хабарласқан соң банкке қарыз азаматтың дәл қазір қанша сома төлей алатынын, одан бөлек қандай құқығы және несиені төлемеуінің қандай салдары бар екенін міндетті түрде түсіндіреді. Азаматтардың осындай хабарлама алған соң бірден қаржы ұйымына хабарласқаны дұрыс. Егер қашып жүретін болса, жағдайын ушықтырып алады", – деді Ернар Оразбаев. 

Кешіктірген күннен бастап қанша үстемақы қосылып, қанша айыппұл салынатыны туралы келісімшартта жазылады. Мысалы, кепілсіз несиелер үшін 90 күнге дейін пластикалық шарттар бар. Ал кепілі бар несиелерге жарты жылға дейін айыппұл сала алады. Заңға сәйкес борышкер азаматтар 30 күн ішінде кредиторларға хабарласып, несие төлемін неге кешіктіріп жатқанын түсіндіреді. Банк өз кезегінде өтінішті қабылдаған жағдайда 15 күн ішінде жауап береді. 


Оқи отырыңыз: "Үш адамға кредит әперіп, үшеуін де өзім төледім". Қазақтар неге жақындарына несие алып беруге бейім?

"Банк өтінішіңізді қабылдасын десеңіз, нақты ұсыныстар жазыңыз"

"Біреулер табыс көзінен айырылуы мүмкін, енді екіншілерінің отбасында қайғылы жағдай болып жатады. Осы тұста борышкерлер өз өтінішінде нақты ұсыныстар бергені дұрыс. Яғни қарызды қандай жолмен өтей алатыны туралы. Биыл мұндай өтініш саны 68 мыңға жуықтап отыр. Соның 66 мыңнан астамы тұтынушылық несиемен байланысты. Ішінде 40 мыңға жуығын қарыз алушыға оңтайлы болатындай етіп шешіп бердік. Төлем уақытын ұзартып, несие пайызын төмендетуге, айыппыұлдардың кешірілуіне жағдай жасадық. Бір несиенің орташа мөлшері 1 млн теңгенің айналасында болып отыр. Қандай жағдай болса да, бірден қаржы ұйымына хабарласқан дұрыс", – деді департамент өкілі. 

Маман банктің несие төлемін кешіктірген азаматтарды екіге бөліп қарастыратынын айтады. Біріншілері бірден кредиторларға өзі хабарласады, ал енді екіншілері қашып жүруді жөн көреді. 

Өтінішті қалай жіберуге болады?

Банкке барып хат түрінде жазуға немесе несие ұйымының сайтта көрсетілген электрондық поштасына жіберуге болады. Кей банктерде ұялы қосымша арқылы жіберу мүмкіндігі бар. Келісімшартта қалай көрсетілсе, солай жолдау қажет. 


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар несие тарихы туралы ақпаратты онлайн режимде ала алады


Банк өтінішті қабылдайтын кезде нені ескереді?

"Мысалы, борышкердің жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, қолында қағазы болса; әлеуметтік мәртебе өзгеріп, халықтың осал тобына жатса; ұзақ уақыт бойы жұмыс істемей, еңбекке жарамсыздық парағын алып келсе; әскерге баратын болса; асыраушысынан айырылса; табиғи апаттар және т.б. Бұдан бөлек несие бойынша берешегі бар азаматтар бала күтімі бойынша еңбек демалысына шығып жатады. Қазір ер азаматтар да осындай демалыс түрін алатындықтан, отбасының табысы айтарлықтай көп болмауы мүмкін. Осы жағдайдың барлығында несие шарты қайта қаралуы керек", – Ернар Оразбаев. 

Мұнымен қатар, маман 2011 жылдан бері елде банк омбудсмен қызметі барын еске салды. Олар банк пен борышкердің ортақ мәмілеге келуіне көмектеседі. 

Жалғыз баспанасынан айырмау туралы меморандум 

"Әлеуметтік осал топтағы азаматтардың жалғыз баспанасынан айырылып қалмауына ерекше көңіл бөлеміз. Мысалы, биыл банк омбудсмені, әкімдік, қаржы ұйымдары және қоғам белсенділерімен бірлесіп ортақ меморандумға қол қойдық. Нәтижесінде жағдайы төмен отбасылардың несие қарызына бола баспанасын банк тартып алмайтындай келісімге келдік", – деді Ернар Оразбаев. 

Ары қарай департамент өкілі 2015 жылдан бері ипотека бағдарламасының жұмыс істейтінін атап өтті:

  1. 2004-2009 жылдары несие алған жалғызбасты отбасылардың несиесі қайта қаржыландырылады. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі 3 пайызға дейін төмендетіледі. Сондай-ақ, борышкерге ай сайын төлем сомасын азайтуға мүмкіндік берілген. 2015 жылдан бастап бөлінген қаржы толықтай игерілсе де, бағдарлама 2035 жылға дейін созылады. Бұл азаматтардың төлемінен жиналған қаражатты қайта қаржыландыру тәсілімен жүзеге асады.
  2. 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін алған валюталық несиелер теңгеге аударылады. 2015 жылдың 18 тамызындағы курсына сәйкес есептеледі – 188 теңге 35 тиын.
  3. Алғашқы екі бағдарлама бойынша қайта қаржыландырылса да, әлеуметтік осал топқа жататын, яғни төлемді дұрыс төлеуге мүмкіндігі болмай жатқан борышкерлерге дербес төлеу графигі қарастырылады. Төлем 20 мың теңгеге дейін. Сондай-ақ, кейбір борышкердің қалдық қарызы толықтай кешірілуі мүмкін. 

Оқи отырыңыз: Банкрот деп танылған жеке тұлғаларға несие беріле ме?


2022 жылдың басынан бері дәл осылай қарызын өтей алмаған 437 азаматқа 909 млн теңге көлемінде көмек көрсетілген. Соның ішінде 239 борышкердің берешегі толықтай кешірілген. 

Серіктестер жаңалықтары