Азаматтар өзінің несие тарихы туралы ақпаратты онлайн режимде ала алады, деп хабарлайды "Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ баспасөз қызметі.
"Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ сайтта жеке және заңды тұлғалар үшін кредиттік есептерді, сондай-ақ көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру санаты бойынша сақтандыру есептерін онлайн режимінде алу мүмкіндігі жасалғанын хабарлайды. Сайтқа ЭЦҚ көмегімен кірген жағдайда цифрлық форматтағы жеке тұлғаларға арналған дербес кредиттік есептер мен сақтандыру есептерін кез келген электрондық құрылғыдан тегін алуға болады", – делінген хабарламада.
Несие бойынша есеп қарыз алушының өзі туралы деректер мен әрбір кредит бойынша толық ақпарат – кредиттің жалпы сомасы, несие берешегінің қалдығы, кредиттің мақсаты, кредит туралы мәліметтер берген қаржы ұйымы туралы ақпаратты қамтиды. Сондай-ақ, несие бойынша кепіл, 5 жылдан кем болатын қарыз алушының міндеттемелері туралы несие тарихының дерекқорынан алынған ақпарат бар.
Сақтандыру есептері тұлғаны сақтандыру тарихы (сақтандыру ұйымдарының атауын, полистің қолданылу кезеңін, сондай-ақ сақтандыру жағдайларын, сақтандыру сыныптарын қоса алғанда, жасалған КҚИ АҚЖ МС сақтандыру полистері) бойынша бірыңғай сақтандыру дерекқорынан алынған ақпаратты қамтиды.
Заңды тұлғалар үшін ұжымдық несие есептері күнтізбелік бір жыл ішінде бір рет тегін қолжетімді. Қайта және одан кейінгі сұратулар кезінде 400 теңге мөлшерінде төлем алынады.