Елімізде жеке тұлғаларды банкрот деп тану туралы заң қабылданса екі миллионға жуық адам бұл мүмкіндікті пайдалануы мүмкін. Бірақ, олардың барлығына бұдан кейін несие берілмеуі ықтимал, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Жеке тұлғаларды банкрот деп тану туралы заңды кеш қабылдайын деп жатырмыз" деген экономистердің айтуынша, әлеуметтік теңсіздікті жою үшін жоба алдымен халықтық талқылауға түсуі керек. Осы уақытқа дейін оңды-солды несие беріп келген банктер болса, заң қабылданғаннан кейін мұндай тәуекелге бара алмайтынын айтады. Табысынан шығыны көп азаматтардың да мәселесі дәл осы тұста ескерілуі керек.
"Егер де бір несиесін жабу үшін тағы екі несие алса, ондай азаматтардың жағдайын қарастырып, банкрот деп қарастыру керек деп есептеймін. Шағын несиелік ұйымдар, банктер де біраз шығын көреді. Коллекторлық компаниялар да. Өйткені, банктің қарызын өздерінің мойнына алады ғой өндіру бойынша. Демек, олар ертең үлкен шығынға батайын деп тұр. Сақтандыру компаиялары да біраз шығын көретін болады",– дейді экономист Мақсат Халық.
Оқи отырыңыз: Несиенің ай сайынғы төлемін кешіктірген жағдайда не істеу керек?
Ал, экономист Мақсат Серәлі қарызын төлей алмай жатқан азаматтардың саны 1,5-2 миллион адамға жуық екенін айтады.
"Бұл азаматтардың бәрі заңды қолданып, өзін банкротпыз деп жариялауы мүмкін. Экспертттік комиссия құрылуы керек. Бұл жерде халық, микрокредиттік ұйым, банк орталықтары, Үкімет тарапы, Атамекен кәсіпкерлік палатасынан комиссия құрылуы керек. Олар жан-жақты қарастыруы тиіс. 3 ай мен 6 айдың арасында адамға мүмкіндік беру керек. Өйткеніол кісіні бірден банкрот деп жариялау, яғни қысқа мерзімді мүмкіндік бермеу дұрыс емес",– дейді Мақсат Серәлі.
Оңалту бағдарламасына борышкердің негізгі қарыз көлеміне қарай өсімпұл мен пайыздық үстемені алып тастап, жаңадан кесте жасап беру кіреді. Өйткені, өздерін банкротпыз деп жариялаған жеке тұлғалар көптеген кедергілерге кездесуі мүмкін. Әсіресе, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар.
Оқи отырыңыз: Бір балаға – 20 теңге. Қарағандыда төрт балалы отбасы 122 теңге атаулы әлеуметтік көмек алды
Заңгерлер әне-міне дегенде қабылданатын заңды пайдаланып кетуді ойлайтындарды несие алуға асықпауға шақырады. Өйткені, оның соңы қылмыстық іспен аяқталуы мүмкін екенін ескертеді
"Банкрот болып танылған жеке тұлға әрі қарай жеке кәсіпкерлік, ЖШС аша алмайды. Мемлекеттік қызметке де тұра алмайды. Әрі қарай кәсіпкерлігін толығымен тоқтатады", – деп түсіндірді халықаралық құқық қорғау орталығының президенті Жанділдә Әжіғалиұлы.
Сарапшылар, банкроттық заң қабылданады екен деп қазір несие алып, кейін төлеуге мұршамыз жоқ деп ешкімнің де құтылып кете алмайтынын ескертеді. Өйткені, сотта үш жыл бұрынғы дүние-мүлкіңіз бен кірісіңіз, жұмсап келген қаражатыңыз түгел қарастырылуы мүмкін.