Тікелей эфир

Қазақфильм: To be or not to be

Киногер Елзат Ескендір "Қазақфильм" басшылығына әлемдік киноның даму тенденцияларынан хабары бар жаңашыл, жас менеджер келуі керек деп есептейді.

Мәдениет және спорт министрлігіне жаңа министр тағайындалған сайын "Қазақфильм" мен қазақ киносының тағдыры кезекті рет сындарлы сәтті бастан өткереді. Болу ма, бордай тозу ма?! Бүкіл киногерлер қауымын ендігі жаңа министр алдағы жылдары қазақ киносын өсіп-өркендете ме, жоқ былыққа батырған күйі батырып, құрдымға кетіре ме деген сұрақтар мазалайды.

Әсіресе, "Қазақфильмді" шын сақтап қалғысы келетін, шын өнер жасағысы келетін киногер қауымды бұл сұрақтар екі есе алаңдатады. Себебі, осы салаға келген министрлердің көбі "Қазақфильмді" майшелпекке айналдырғысы келетіні анық. Айналдырған да.

Жобалардың тағдырын Мұхамедиұлы ғана шешті

Министрлікке Арыстанбек Мұхамедиұлы келген жылдары "Қазақфильм" үлкен түнекке оранды. Ешкім ештеңеге жауап бермейді. Басшылыққа барсаң, бірі біріне сілтейді. Іс жүзінде киностудия басшылықсыз болды. Мұхамедиұлы өзі тағайындаған Бақыт Қайырбеков 2015-2019 жылдары киностудияның президенті болып тұрғанымен, ол кісі өзінің денсаулық сырқатына байланысты жұмыста болғанынан болмайтын күндері көп еді. Ал оның орынбасарлары бар істі Қайырбековке сілтеп, ешқашан ешбір істі шешуге талпынбайтын. Анығында киностудиядағы бүкіл жобалардың тағдырын министр Мұхамедиұлы өзі шешіп отырды. Тек Арыстанбектің алдынан өткендер ғана жоба алатын.

Асылында, шығармашылық деген дүние әділет үстемдік құрған жерде ғана гүлдеп, көгеріп көктейді. Әділет жоқ, бармақ басты, көз қыстылықпен, көнбесе тізеге салып, кәсіби мамандардың пікірін, потенциалын ескермей, бәрін бір министр өзі шеше берген тұста ешқашан шығармашылық, кино дамымақ емес.

"Қазақфильм" киностудиясы президентсіз қалыпта жұмыс істеп жатқанына 3,5 айдан аса уақыт өтті. Тек президенттің міндетін атқарушы ғана бар. Ақан Сатаев өткен жылдың кыркүйек айының соңында бұл қызметтен кетті. Ендігі кезекте киностудия өзінің жаңа басшысын күтуде. Бүкіл киногерлер қауымы жаңа министр жаңа басшыны қашан тағайындайды деп тағатсыздана күтіп отыр. Басшылыққа кімнің келетіні өте маңызды. Соған қарап қазақ киносының алдағы жылдардағы тағдыры шешілмек. Тек киностудия Мұхамедиұлы кезіндегідей қара түнекке айналып кетпеуі тиіс.

Жаңа президент қандай болуы керек?

  • Ең алдымен киноны түсінетін, шығармашылықтың иісі мұрнына баратын, киноөндірісті білетін, өрелі маман әрі мықты менеджер болуы тиіс. Мұндай маман шығармашылық адамдарын, түсірілім тобын да қолдай алады, киноға ақша да таба алады.
  • Әлемдік киноның даму тенденцияларынан хабары бар, жаңашыл, кино өнерін бағытына қарай, авторлық-интеллектуалдық, идеологиялық, кассалық фильмдер деп саралап қарай алып және осы үш бағыттың үшеуінде де жұмыс жасап, кең масштабта ойлай алуы тиіс. Себебі, бүгінгі кино Кеңес кезеңіндегі кино емес, бүгінгі кино – идеялық-концепциялық тұрғыдан, технологиялық тұрғыдан өзгеше бағыт алған кино.
  • Бұл қызметке жас азаматтардың бірі келуі керек. Жасы 40-қа жетпеген жастардың бірі келуі керек. Кинодағы бұл жасқа дейінгі жастар – талай өткелектен өткен, талай тәжірибе жинаған жастар. Одан жас деп қорқудың қажеті жоқ. Негізінен, бүгінгі киноны жасап жатқан осы жастар. Ал жастар – өздері бәлендей үлкен кино жасай алмайтын, сонда да жастарға ағалық танытып, қолдау білдіріп, жол бермейтін шалдардан шаршады.
  • Жаңа басшы ұлттық киноның не екенін түсіне алуы тиіс және ұлттық киноның көптеп жарыққа шығуына қолдау білдіруі қажет.

Бастысы – осы. Осы үдеден шығатын басшы келмеген жағдайда "Қазақфильмнің" тағдыры – ойыншық, киноның ертеңі бұлыңғыр болмақ.


Оқи отырыңыз: Отандық фильмдерді сақтау міндеті енді Қазақфильмге жүктеледі


Питчинг неге жыл басында өтуі керек? 

Киногер қауымды мемлекет қолдауымен өндіріске жіберілетін жобаларды іріктейтін питчингтің биыл қай кезде өтетіні алаңдатып отыр. Биыл жылдағы кемшіліктің алдын алып, питчингті осы жылдың басында өткізіп, іріктеуден өткен жобаларды ертерек өндіріске жібереді деген сыбыс шыққан сияқты еді. Алайда, қаңтар аяқталып келеді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы тарапынан питчинг өткізбек түгілі жобаларды қабылдау әлі басталған жоқ. Сондықтан биыл да жылдағы қателікті қайыра қайталай ма деген қауіп бар.

Ол қауіп – питчинг жазға қарай өтіп, іріктеуден өткен жобалардың қаржысы күзге қарай бөлініп, күз кезінде түсірілімді қысқа дейін аяқтауға тиіс деген талаппен науқаншылдыққа салынып, нәтиже де шала дайындық сапаға әсер етіп, талай мықты жоба мен талантты киногердің обалына қалып, мемлекет бөлген қаржыға сапасыз дүниелер дүниеге келе ме деген ой.

Егер шынымен де кино саласындағы бұл жүйе түзеліп, питчинг әр жыл сайын жылдың басында өтпейтін болса – онда біздегі мемлекеттік кино саласының дамуы неғайбыл. Сол себепті министр бұл мәселеге жіті назар аударса дейміз.


Оқи отырыңыз: Ұлттық киноны қолдау орталығы енді фильмдерді қазақша дубляждауға қаржы бөледі


Мемлекеттің кино саласына қаржы бөлуі өте дұрыс. Ендеше осы қаржыға түсірілетін туындылар сапалы болып шығуы тиіс. Ол үшін ең алдымен кино өндірісіндегі жүйе реттелуі тиіс. Одан кейін қазақ киносында ақсап тұрған кәсіби продюсерлер мен сценаристер, кинотанушылар мектебіне көңіл бөліп, дамыту қажет. 

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары