Ашық НҚА порталында жарияланған Үкіметтің Мемлекеттік фильмдер қорының кейбір мәселелері туралы қаулысына енгізілуі жоспарланған өзгертулерге сәйкес, отандық фильмдерді сақтау тәртібі жаңарады.
Мемлекеттiк фильмдер қорының міндеті Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалары архивінен Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" акционерлік қоғамына өтеді.
"Қазақфильм" тек фильмдерді ғана емес, бюджет қаражаты есебінен ішінара немесе толық қаржыландырылатын ұлттық фильмдердің сахналық-қойылымдық құралдарын сақтауды, сақталып қалуын қамтамасыз етуді, пайдалануды жəне пайдалануға беруді жүзеге асырады.
Оқи отырыңыз: Ұлттық киноны қолдау орталығы енді фильмдерді қазақша дубляждауға қаржы бөледі
Қаулы жобасына түсіндірме жазбада "Қазақфильм" бұрын ол фильмдерді сақтау функцияларын орындағаны жазылған.
"Оның балансында сақтау бөлмелері, сондай-ақ пленканың сақталуын және тазалауды қамтамасыз ететін зертханалық кешен бар. Фильмдерді сақтауды жүзеге асыру жөніндегі функцияларды Қазақфильмге беру ұсынылады, өйткені жоспарланып отырған жаңғырту шеңберінде цифрландыруға арналған жабдыққа қаржыландыру салынды. Қазақфильмнің штатында бірегей мамандықтардың мамандары бар, олардың негізгі қызметі кинопленкамен жұмыс істеу болып табылады. Осылайша, Қазақфильм Мемлекеттік фильмдер қорын тұрақты сақтауға жауапты заңды тұлғаның функцияларын орындау үшін ең қолайлы деп санаймыз", – делінген министрліктің түсіндірмесінде.