Шәрипа Оразбаева – режиссер, сценарист. Алғашқы фильмі "Мәриям" халықаралық кинофестивальдерде жүлде алып, сыншылардың назарына ілікті. Лондонда "Үздік әйел режиссер" атанды. "Қызыл анар" фильмі таяуда өткен "Еуразия" халықаралық кинофестивалінде "Үздік фильм" номинациясын жеңіп алды. Режиссер авторлық фильмдерінде қарапайым адамдардың тағдырын баяндай отырып әлеуметтік мәселелерді көтереді. Informburo тілшісі Шәрипа Оразбаевамен кино өнері жайлы аз-кем сұхбаттасты.
– "Қызыл анар" фильмі қалай түсірілді? Не туралы?
– "Қызыл анар" фильмін түсіруге он күндей уақыт кетті. Бюджеті өте аз. Бұл фильмді 2020 жылы тамыз айында карантин кезінде түсірдік. Өнер адамдары үшін карантинде отыру, шеңберде қалу өте қиын ғой. Сол кезеңде фильм түсіргім келді. Бір ай ішінде Анар есімді келіншектің тағдыры жайлы сценарий жазып, фильмді "Қызыл анар" деп атадым. Қаназдықпен ауыратындықтан анар жеуі керек. Оған қоса, анар – жұмақ ағашы. Осындай символ ретінде алдым.
–"Мәриям" дебют фильміңізде басты рөлді прототиптің өзі сомдаған екен. Неге олай шештіңіз? Кәсіби емес актерлермен жұмыс істеудің қандай ерекшелігі бар ма?
– "Мәриям" дебюттік фильмі шынайы оқиғаға құрылған. Басты рөлді актриса емес прототип Меруерттің өзі ойнайды. Шынайылықты, деректі жағдайды көркем фильм арқылы жеткізгім келді. Ол жерде бәрі шынайы, ешқандай да актерлер жоқ. Басында актриса алғым келді. Меруерттің өзімен сөйлескенде бір сөзі көкейімде қалып қойды. "Кішкентай кезімде актриса болып фильмге түссем деген арманым болатын" деді. Бір жағынан арманын орындағым келді. Екінші жағынан өз-өзін ойнаса жақсы алып шығады деп шештім.
Иә, кәсіби емес актерлермен жұмыс істеу кішкене қиынырақ. Кәсіби актерлер жағдайды түсінеді, бәрін біледі. Кәсіби емес актерлер кішкене уақыт алады. Олармен психологиялық тұрғыда жұмыс істеу керек болады.
Оқи отырыңыз: Бауыржан Шөкенов: Франция қазақстандық киноның прокатына қаржылай қолдау көрсетеді
– Фильмдеріңізде әлеуметтік мәселені көтересіз. Кино өнерінің қазіргі заманда ықпалы қандай?
"Мәриям" фильмі де шынайы оқиғаға негізделген. Төрт баламен жалғыз қалған әйелдің шынайы тағдыры суреттеледі. Балаларын асырау үшін қаншама қиындыққа тап болды. Күйеуінің денесі табылмағандықтан асыраушысы жоқ деген қағаз ала алмай отырған еді. Кино түсіргеннен кейін тағдыры кішкене өзгерді. "Мәриям" фильмі жайлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі оқып, көмек беріңіздер деді. Меруерт баспаналы болды.
"Қызыл анар" фильмі де әлеуметтік жағдайды көтереді. Бұл фильмді түсіруге 2020 жылы Абай ауылындағы зорлық көрген жеті жасар баланың оқиғасы түрткі болды. Негізі фильмдер оқиғасын шынайы өмірден алғанды ұнаматамын. Көбіне әлеуметтік жағдайларды бақылап жүремін, сценарийге арқау жасауға тырысамын.
Кино көңіл көтеру ғана емес, әлеуметтік мәселелерді көтеретін бірден-бір құрал ретінде үлкен маңызға ие. Дәл қазір кинотеатрларда арзан күлкіге құралған фильмдер көбейіп кетті ғой. Олар да әлеуметтік мәселелерді қозғауға тырысып жатыр. Дегенмен де авторлық фильмдер әлеуметтік мәселелерді көбірек қозғайды. Сондықтан да мемлекет авторлық фильмдерді көбірек қолдаса деймін.
– Фильм түсіргенімен прокатқа шыққанда көрермен келмейді деп қолын сілтейтін режиссерлер жоқ емес. Не үшін түсіргенін сұрағанда "өзім үшін" дейді. Сіз фильмді не үшін түсіресіз?
– Фильмді түсірген кезде кез келген режиссердің көкейінде айтар ойы болады. Авторлық фильмдер кинофестивальдерде ғана көрсетіліп, көбінесе прокатқа шықпай жатады. Сондықтан оларды бағалайтын кинофестивальдер өте қажет. Дүниежүзінде қаншамасы бар, бізге де көбейту керек. Екі жылдан кейін биыл "Еуразия" кинофестивалінің қайта жандануы авторлық фильмді, әлеуметтік мәселелерді қозғайтын туындыларды көрсетуге үлкен мүмкіндік береді. Кез келген режиссер киноны айтар ойын көрерменге жеткізсем, қандай да бір ой қалдырсам деген мақсатпен түсіреді.
Оқи отырыңыз: Балалар жылы балалар фильмі түсірілмеді. Қазақта неге "Қожаның" орнын басатын кино жоқ?
– Қазақстанда кино өнері бағалана ма?
– Кино өнері қаншалықты бағаланатынын білмеймін. Бізде кино саласын дамытуға арналған бір ғана мекеме бар. Ол – Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы. Ол жерде жылда питчинг өтеді. Сарапшылар жобаларды іріктейді. Дегенмен де елімізде авторлық фильмдер әлі бағаланбайды. Қоғамда болып жатқан өзекті мәселелрді қозғайтын авторлық фильмдер қолдау табуға тиіс.
– Комедиядан басқа кино неге түсірілмейді дегенде "көрерменнің деңгейі төмен" дегенді естиміз. Қазір жағдай өзгергенін, кинопрокатқа әртүрлі жанрдағы фильмдер шығатынын көріп отырмыз. Бұл тенденцияны немен байланыстыра аласыз?
– Кез келген кезеңде тоқырау кезеңі, одан кейін өсу кезеңі болады. Он шақты жылдың көлемінде біраз комедия түсірілді. Касса жинады. Көрерменнің талғамы өсіп келеді. Оған қатты қуанамын. Көрермендер комедиядан кішкене жалыққан сияқты. Олар шынайы өмірді көргісі келеді, қоғамда болып жатқан мәселелерді қозғайтын фильмдерді қарағысы келеді. "Мәриям" фильмін кинотеатрдан бір рет көрсеттік. Көрермендер осындай фильмдерді ақша төлеп көруге дайын екендерін айтты. Меніңше, кинотеатр басшылары кішкене қорқақтап, көрерменге мүмкіндік бермейтін сияқты. Авторлық, әлеуметтік фильмдерді көрсетсек касса жинамаймыз деп қорқады. Сондықтан авторлық фильмдерді көрсететін арнайы кинотеатр болса деймін. Еуропа елдерінде, мысалы Францияда бар. Бізге де керек.
– Фестиваль киносы кассалық фильмге айнала ала ма?
– Фестиваль фильмдері өте аз қаржыға түсіріледі. Прокатқа шығатын болса қайткен күнде де қаржысын ақтап алады. Жақсы формадағы, жақсы идеясы бар фильмдер міндетті түрде касса жинайды. Мысалы, "Паразиттер"фильмі Канн фестивалінде бас жүлдені жеңіп алған, Оскар алды, касса жинады. Фильмде идея болса касса жинау мүмкіндігі жоғары.
– Қазақстанда режиссерлер өзі продюсер, өзі маркетинг жасап кетеді деген пікірді естідім. Фильмді жарнамалауға ақша бөлінбеген соң халық ол туралы білмей жатады дейді. Расымен солай ма?
– Сізбен келісемін. Әсіресе, авторлық фильм режиссері өзі продюсер, өзі маркетинг жасайды, фестивальге жібереді. Ұлттық киноны қолдау орталығынан қаржы алған фильмдерді ілгерілетуге қосымша ақша бөлінбейді. Шетелде. мысалы Голливудта фильм бюджетінің 30-40 пайызы ілгерілетуге кетеді. Сол ақшаны үш-төрт есе шығарып алады. Өкінішке қарай, бізде ондай процесс жоқ. Фильм сататын нарық әлі кішкентай. Екіншіден, енді-енді қадам басып, фильм сатуды, оны ілгерілетуді енді ғана үйреніп келе жатырмыз.