Тікелей эфир

Шетелдік банктен қалай несие алуға болады?

2021 жылдың 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанның қаржы нарығында жаңа ереже күшіне енді.

Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және "Астана" халықаралық қаржы орталығы қол қойған құжат Қазақстанның қаржы нарығына айтарлықтай өзгеріс әкелді.

Құжаттың жаңалығына тоқталмас бұрын алдымен шетелдік қаржы ұйымдарының Қазақстанда жұмыс істеу үшін тіркелу тәртібіне тоқталайық. Шетелдік банк, брокер немесе сақтандыру компаниясы секілді қаржы ұйымы Қазақстанда жұмыс істеу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен тіркеуден өту керек немесе "Астана" халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінде тіркелуі қажет. Жоғарыда аталған құжат қабылданғанға дейін АХҚО-да тіркелген компаниялар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде де тіркеуі қажет еді. Енді бұл орталықта тіркелген қаржы ұйымдары Қазақстан нарығына еркін кіре алады.

Осылайша, "Астана" халықаралық қаржы орталығында тіркелген шетелдік банктер, брокерлер, сақтандыру компаниялары секілді қаржы ұйымдарының Қазақстан азаматтары және заңды тұлғалармен тікелей жұмыс істеуіне рұқсат берді.

Айта кетейік, жаңа ереже АХҚО-да тіркелген компаниялардың Қазақстан нарығына шығу тәртібін айқындап, операциялардың қай валютада жүргізілетінін нақтылайды. 

"Белгілі бір уақытқа дейін АХҚО-да тіркелген компаниялар Қазақстан нарығына қалай шығатынын, қазақстандық клиенттерге қызмет көрсету тәртібін, операцияларды қай валютада жасайтынын нақты білмей келді. Валюталық реттеу акті осы сұрақтарға жауап беріп, нақты ережелерді бекітті. Біз Қазақстанның қаржы нарығының халықаралық деңгейде дамуы үшін жұмыс істейміз. АХҚО-да тіркелген инвестициялық банктер, активтерді басқару мен сақтандыру компаниялары Қазақстан нарығы үшін үлкен сұранысқа ие бизнес түрлері", – дейді АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің Бас директоры Мұхтар Бубеев.


Оқи отырыңыз: Пайызсыз қарыз, халал ипотека. Қазақстанда қандай исламдық қаржы өнімдері бар?


Кәсіпкерлер шетелдік банктерден несие ала алады

Ереженің өзіне тоқталар болсақ, АХҚО-да тіркелген компаниялардың Қазақстан нарығына шығып, 21 түрлі қызмет ұсынуына жол ашады. Атап айтқанда олардың қатарында: 

  • банктік және төлем қызметтері: несиелеу, ислам банкингі және өзгелері; 
  • сақтандыру: ерікті сақтандыру түрлері, қызметтерді қайта сақтандыру, ерекше түрдегі тәуекелдерді сақтандыру (табиғи апаттар, терроризм қаупі, саяси, климаттық және кибер қатерлер);
  • инвестициялық қызметтер: инвестициялық банк қызметтері, дилерлік қызмет, брокерлік қызмет, кастодиалды қызмет, инвестицияларды басқару (соның ішінде инвестициялық қорларды басқару), трастық қызмет. 

Яғни, 1 желтоқсаннан бастап Қазақстандағы кез келген бизнес АХҚО юрисдикциясында тіркелген банктерден несие алу үшін өтінім бере алады. Ал жеке тұлғалар орталықта тіркелген сақтандыру компанияларының қызметіне жүгіне алады. 

АХҚО-да тіркелген исламдық банктер мен исламдық сақтандыру ұйымдары Қазақстан резиденттеріне кез келген валютада, соның ішінде теңгеде қаржылық қызметтер көрсете бастайды. 

Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің мәліметінше, аталған келісім осымен шектелмей, алдағы уақытта АХҚО-дағы компаниялардың Қазақстан резиденттеріне көрсететін қаржылық қызмет түрлері әлі де көбейе түспек.


Оқи отырыңыз: 2025 жылға дейін Air Astana, ҚазМұнайГаз бен ҚазТрансГаз акциялары IPO-ға шығады


Мыңнан астам компания жұмыс істейді

Жалпы, АХҚО-да әлемнің 60 елінен 1 100-ден астам компания бар. Компаниялардың шамамен 30% реттелетін қоғамдастық, соның ішінде банктер, инвестициялық компаниялар, сақтандыру компаниялары, қорлар, активтерді басқару жөніндегі компаниялар, нарық институттары, аккредиттелген компаниялар, рейтингтік агенттіктер, заңды және бухгалтерлік компаниялар және тағы басқалар

Орталық ашылғалы бері 4,4 млрд доллар инвестиция тартты. Соның ішінде 3,2 млрд доллар – тікелей инвестиция, 1,2 млрд доллар – портфельді инвестиция.

АХҚО-да банктік қызмет, сақтандыру, капитал нарықтары, исламдық қаржыландыру, қаржы технологиясы сияқты 35 қаржылық және нарықтық қызметтерге АХҚО-ның Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті лицензия береді. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтердің ауқымы әлемнің бұрыннан қалыптасқан Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және өзге де қаржы орталықтарында қолжетімді қызмет түрлерімен салыстыруға болады.


Оқи отырыңыз: "Астана" халықаралық қаржы орталығы: бизнеске, қарапайым халыққа және экономикаға әсері қандай?


Онлайн қаржы орталығы

2020 жылы компаниялардың тіркелуі толығымен онлайн-форматқа көшіріліп, тіркелу мерзімі бір аптадан бір күнге дейін қысқартылды.

Аккредиттелген компанияларды, сондай-ақ көмекші қызмет көрсететін компанияларды тіркеу және лицензиялау процестері 100% цифрландырылды. АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің веб-сайтында цифрлық қоғамдық тізілімнің іске қосылуы реттеушінің ашықтығын арттырады және қоғамға компаниялардың лицензиялық мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жаңа түзетулерге сәйкес жеке компанияларға, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге және коммерциялық емес ұйымдарға қатысты аудит талаптары жеңілдеді. Жылдық айналымы 5 миллион АҚШ долларынан аспайтын жеке компаниялар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер аудиттен босатылады. Жеке компаниялар үшін акционерлер санына қатысты (орташа алғанда 20 акционерден артық емес) ағымдағы талап алынып тасталады. Егер КЕҰ жылдық жалпы кірісі 500 мың АҚШ долларынан аспаса, аудиттен босатылады.


Оқи отырыңыз: Жаңа технологиялар заманында адам капиталын қалай дамыту қажет? 


Орта Азияға ортақ қаржы орталығы

Таяуда АХҚО-да Орталық Азияның қаржы реттеушілері, яғни ұлттық банктері Орталық Азия реттеушілерінің бейресми тобын құрып, бірлескен декларация қабылдады. Ондағы мақсат бес елдің қаржы нарығын дамыту үшін АХҚО алаңын пайдалану, ол арқылы аймаққа инвестиция тарту.

Бұл бағыттағы ынтымақтастықты дамыта отырып Орталық Азия елдері қаржы технологиялары, төлем жүйелері, ислам бағалы қағаздарын шығару, жасыл қаржыландыру және тағы басқа салалардағы өзара заңнамалық кедергілерді алып тастамақшы. Бұл өз кезегінде шетелдік инвесторларлы тартады, өйткені әр елге бөлек икемделгенше, АХҚО арқылы бес елдің нарығына бірден шығу инвесторлар үшін тиімді. Бұны Орталық Азия елдерінің тиісті органдары да растап отыр.

Серіктестер жаңалықтары