Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өзінің сайлауалды бағдарламасында жаңа мамандықтардың ұлттық атласын жасауды – республиканың еңбек нарығын жаңғыртудың басым бағыты ретінде белгілеген болатын. Бүгінде бұл бастаманы ел үкіметі жүзеге асырып бастады. Жоспар бойынша, ол 2020 жылы жарық көрмек.
Жаңа мамандықтардың ұлттық атласын жасау – расымен де, бүгінгі таңдағы аса өзекті мәселелердің бірі. Әлемдік еңбек нарығының дамуы қаншалықты жылдам болса, оның қазақстандық нарыққа ықпалы да баяу емес.
Дүниежүзілік экономикалық форумда жасалған болжамға сүйенсек, 2022 жылға қарай әлемде 75 миллион жұмыс орны жойылып, есесіне 133 миллион жұмыс орны пайда болады екен. Бұл, әрине, әлемде басталып кеткен төртінші өнеркәсіптік революцияның әсерінен болатыны даусыз. Жасанды интеллект, роботтар, автоматтандырылған өндіріс – мұның бәрі де еңбек нарығының күрт өзгеруіне әкеліп, жұмыс орындары санын қысқартып жатыр.
Адам капиталын автоматтандырылған технологиялармен алмастыру процесі әлдеқашан басталып кетсе, бүгінде ол ең бір қарқынды жүру кезеңіне жетті.
Адам капиталын дамытуға жаңаша көзқарас қажет
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұны әлдеқашан бұрын бағдарлап, 2018 жылдың басында жасаған Жолдауын "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп атаған болатын. Міне, қазір Қазақстан да әлемнің дамыған елдерімен бірге төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басты. Кез келген процесті автоматтандыру мен цифрландыру өндірісті жылдамдатып, адам ресурстарына деген қажеттілікті қысқартып жатыр. Ол түсінікті де. Робот пен адамның жұмысын салыстыруға келмейді. Алдыңғысы әлдеқайда жылдам, тиімді әрі қателіксіз жұмыс атқарады. Осы орайда өндіріс иесі не жұмыс берушінің қандай таңдау жасайтыны да жұмбақ емес.
"Алайда қандай жағдай болмасын, жоғары біліктілік пен білімді, стратегиялық ойлау мен коммуникация сынды дағдыларды ешқандай техника алмастыра алмайды. Сондықтан, маман даярлауда машина орнын баса алмайтын салаларды дамытуымыз қажет. Оған эмоционалды интеллект, адамдарды шабыттандыра білу, команданы ынталандыру қабілеттері жатады. Бұл қандай роботтың болмасын, қолынан келмейтін шаруа. Жалпы, роботтандыру адами капиталды мүлде ысырып тастай алмайды. Оны, керісінше, адами капиталды дамытуға серпін беретін күш ретінде қабылдасақ қана ұтамыз. Бүгінгі заманда адам капиталын жаңаша дамыту қажет", – дейді «Астана» халықаралық қаржы орталығы Үздіксіз кәсіби даму бюросы Карьера орталығының жетекшісі Әсия Кәрібай.
Бұл пікірді тек отандық қана емес, халықаралық институттар да қуаттай түседі. Мәселен, Дүниежүзілік банктің жаһандық білім беру тәжірибелері жөніндегі директоры Кейко Миуа Қазақстанда өткен "Еңбек нарығының болашағы: жаңа мүмкіндіктер" форумында дәстүрлі сектордағы жұмыс орындарының басым бөлігі автоматтандыру нәтижесінде жойылуы мүмкін екенін айтқан болатын.
"Технологиялардың өзгерісі адамдардың жұмыс істеу шарттары мен жағдайларына да өзгеріс енгізіп жатыр. Қысқа мерзімді, толық емес, онлайн қызмет түрлерінің үлесі артып келеді", – деді Кейко Миуа.
Оның сөзінше, мұндай шартты жұмыстар әзірге еңбек нарығының 3 пайызын ғана қамтығанымен, даму тренді бар.
Әлемдегі еңбек нарығындағы өзгерістер қазақстандық ірі мемлекеттік, квазимемлекеттік, тіпті, жекеменшік кәсіпорындарға да ықпалын тигізбей қоймайды. Жоғары жылдамдықпен дамып жатқан технологияларды игеру даму үздіксіздігін талап етеді. Қазіргі әлемдегі, оның ішінде Қазақстандағы да тенденция бойынша, жаңадан енгізілген әрбір технологияның орташа қызмет ету мерзімі 2-3 жылдан аспайды. Оның орнын лезде өзге технология басып жатыр. Тиісінше, мамандар да не өзгеріп, не үздіксіз дамып отыруы қажет. Бұл мәселенің шешімін табу үшін көптеген компаниялар өздерінің жанынан корпоративтік университеттер, оқу орталықтарын, қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстарын ашып бастады. Айталық, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-ның корпоративтік университеті бүгінде қорға қарасты компанияларды еңбек ресурсымен қамтамасыз етіп қоймай, сыртқы нарыққа да жұмыс істеп бастады. Мұндай тәжірибе Ұлттық банк, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында, бірқатар жеке энергетикалық, өндірістік компанияларда да бар.
Бұл ретте экономика саласында қызмет ететін мамандардың біліктілігін арттырумен "Астана" халықаралық қаржы орталығының жанындағы Үздіксіз кәсіби даму бюросы кәсіби жұмыс атқарып жатқанын айтуға болады. Бюроның басты ерекшелігі – жұмысшыға берілетін халықаралық сертификат оның жоғары сапалы маман екенін куәландырады.
Кәсіби даму үздіксіздікті талап етеді
Үздіксіз кәсіби даму бюросы 2016 жылы ғана өз жұмысын бастады. Бюроның Карьера орталығының жетекшісі Әсия Кәрібайдың айтуынша, "Астана" халықаралық қаржы орталығының әрбір органы оның толыққанды жүйелі жұмыс жүргізуіне үлес қосады. Айталық, Astana International Exchange биржасы тікелей инвестиция жасауға мүмкіндік берсе, AIFC Law Pro Bono кеңсесі – АХҚО юрисдикциясы аясында туындайтын заңнамалық кеңес беруге жұмыс істейді. Бұдан бөлек, қаржылық орталық құрамында заңнамалық база, Экспат орталығы мен сот та бар. Бұл органдар жұмысы туралы біз бұған дейін жазсақ, енді Үздіксіз кәсіби даму бюросының жұмысына кеңірек тоқталғалы отырмыз. Себебі, бюро басты стратегиялық міндет – адам капиталын дамытумен айналысады.
"Біздің мақсатымыз – тек АХҚО экожүйесінде ғана емес, жалпы қаржы нарығында қызмет ететін жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру, – дейді Бюроның Карьера орталығының жетекшісі Әсия Кәрібай. – Сол үшін біз мамандарды оқытудың өзіндік бағдарламаларын әзірлейміз. Әрбір бағдарлама мамандардың қаржылық және инвестициялық сауатын арттыруға бағытталады".
Бюро, бұдан бөлек, АХҚО қызмет бағыттары бойынша мамандарды оқыту үшін өзіндік tailor-made бағдарламаларын әзірлеп, кәсіби шаралар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.
Үздіксіз кәсіби даму бюросы жалпы АХҚО қызметі секілді өз жұмысын халықаралық стандарттарға сай жүргізеді. Бюро жұмысының бірнеше бағыты болса, оның ішіндегі ең негізгісі – халықаралық сертификаттау емтихандарына дайындау бағдарламасы болып табылады. Олардың жалпы саны – 11. Тиісінше, ең қымбаты да осылар.
Бюро өкілінің айтуынша, үш деңгейден тұратын CFA емтихандарына дайындалу үшін шамамен 800 мың теңгеге шығындалуға тура келеді. Арзан емес. Сол үшін де АХҚО CFA сертификатына үміткерлерге арналған гранттар қарастырған. Бұл гранттың өтеуі – емтихан тапсырып, сертификатты сәтті алған мамандар Бюрода сабақ беруі қажет. Айталық, грант шығыны 600 мың теңге шамасында болса, өтетін сабақтың жалпы ұзақтығы 35-40 сағат шамасында болады.
Оқи отырыңыз: "Астана" халықаралық қаржы орталығы: бизнеске, қарапайым халыққа және экономикаға әсері қандай?
Be a Star, Be a Trainer, HR Сamp және Be a Pro
Атаулары ағылшынша болғанымен, бұлардың бәрі – отандық кадрды дамытуға арналған ұлттық бағдарламалар. Мәселен, Be a Star – студенттерге арналған жоба, оның міндеті – АХҚО экожүйесіне қажет студенттерді ақылы тағылымдамаға жинау болып табылады. Алты айға созылған оқу шарасының аясында студенттер тегін білім алып қана қоймай, АХҚО серіктестері тарапынан жұмысқа ұсыныстар да алған. Егер Үздіксіз кәсіби даму бюросы бұл жобаны алғаш қаржылық орталықтың экожүйесі аясында жүргізсе, енді сыртқы нарыққа да шығарып отыр. Бюро өкілінің айтуынша, қазірдің өзінде жобаға қызығушылық танытып отырғандар көп.
Be a Star студенттерге арналса, тәлімгерлерге арналған бағдарлама Be a Trainer деп аталады. Нарықта білікті мамандар көп болғанымен, олардың бәрі кәсіби тәлімгер емес.
"Сол үшін де шетелдік мамандарды арнайы шақырып, отандық тәлімгерлер сегментін дамытуға кірістік", – дейді Әсия Кәрібай.
Үздіксіз кәсіби даму бюросының үшінші жобасы – HR Сamp. Бюро бұл бағыттағы оқу форматын да АХҚО экожүйесінде тәжірибеден өткізіп, енді нарыққа шығарғалы отыр. Төртінші Be a Pro жобасы аясында білім саласында тәжірибесі бар мамандар бір алаңға жиналып, өз тәжірибелерімен бөліседі. Жастар үшін бұл – жаңа білім алуға өте жақсы мүмкіндік.
Бюро түлектері Президенттік жастар кадрлық резервіне енді
Айта кетейік, Үздіксіз кәсіби даму бюросында үш жылда 2,7 мыңнан астам маман өз біліктіліктерін жетілдірген. Алғашында оқуға жеке азаматтар көбірек ынта танытқан болса, кейінгі екі жылда студенттердің 40 пайызын корпоративтік сектор құраған.
Бұл ретте Үздіксіз кәсіби даму бюросында біліктілігін арттырған АХҚО-ның екі қызметкері – Ренат Бектұров пен Ернұр Рысмағамбетовтың Президенттік жастар кадрлық резервіне енгені және ең жоғарғы көрсеткіштерді иеленіп, бірінші және екінші орындарды алғанын да атап өткен жөн. Жалпы, Президенттік жастар кадрлық резервіне енген АХҚО қызметкерлерінің саны – 8.
Бір қызығы, оқуға келетін жастардың арасында "Болашақ" бағдарламасының түлектері де бар. Олар бір жағынан CFA стандарттарымен таныс болса, екінші жағынан ағылшын тілін жетік меңгерген. Одан бөлек, шетелде алған білімін елде қолдана алмай, халықаралық сертификаттау көмегіне жүгінетіндері де бар.
Ағылшын тіліне акцент беруіміздің жөні бар, өйткені, Үздіксіз кәсіби даму бюросында оқу шараларының басым бөлігі ағылшын тілінде жүреді. Өйткені, халықаралық емтихандар да ағылшын тілінде тапсырылады.
"Сондықтан, білім алуға ниет танытушыларға алдымен ағылшын тілін меңгеруге кеңес берер едім. Бұл, ең алдымен, мамандардың өздері үшін қажет, – дейді Бюроның Карьера орталығының жетекшісі Әсия Кәрібай. – Өйткені, біз ұсынатын гранттар тек ағылшын тілінде жүргізілетін бағдарламаларға тиесілі".
Әрине, нарықта ресми орыс тілінде де білім беретін жеке ұйымдар да жетерлік. Алайда олардың құны 7-8 есе қымбатқа түсетінін ескерген жөн.
Бюро тұрақты түрде жүргізетін дайындық курстары туралы толық ақпаратты өзінің әлеуметтік желідегі аккаунтында жариялап отырады. Еркін, қолжетімді, әрі түсінікті.