"Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) қарапайым халыққа қандай мүмкіндіктер ұсынады? Отандық бизнесті дамытып, шетелдік инвесторларға қандай жағдай жасайды? Мұның бәрі экономиканы қаншалықты өсіре алады? Төмендегі материалда осы сұрақтарға жауап беруге тырыстық.
Жаңадан кәсіп ашқысы келетін азаматтар мен компания акцияларын сатып алғысы келетіндер үшін
- "Астана" халықаралық қаржы орталығының қор биржасы – Astana International Exchange (AIX) арқылы қазақстандықтар өз жинақтарын биржалық бағалы қағаздарға сала алады. Әдетте қазақстандықтар артылған қаражатын үйінде сақтайды немесе банк депозитіне құйып, жылжымайтын мүлік сатып алуды көздейді. Жиналған қаражатты сақтап қана қоймай, еселей түсуге мүмкіндік беретін бөлшек сауда инвестициясы айтарлықтай дамымаған. Әрине, бұл әдістің тәуекелі жоқ емес, десе де мұндай тәуекелдер қаражат табудың өзге жолдарында да баршылық.
- АХҚО юрисдикциясында бизнес ашу үшін ЭКСПО көрмесінің аумағында жалға кеңсе алу міндетті емес. АХҚО қатысушысына Нұр-Сұлтан қаласындағы 1620 гектар аумаққа ие АХҚО аймағының кез келген жерінен кеңсе ашса жеткілікті. Бизнес түріне қатаң шектеулер жоқ. Алайда салықтық жеңілдіктер тек қаржылық қызмет көрсететін компанияларға қарастырылған. Олар АХҚО туралы конституциялық заңда көрсетілген.
- AIFC Law Pro Bono кеңсесі – АХҚО юрисдикциясы аясында туындайтын заңнамалық кеңес беретін алаң. Кеңсе арқылы жеке тұлғалар мен заңды тұлға өкілдері ерікті заңгерлерге жүгіне алады. AIFC Law Pro Bono кеңсесі тек қана АХҚО юрисдикциясы аясында туындайтын мәселелер бойынша бір реттік тегін көмек береді.
Халық акция сатып алуды үйрене бастады
AIX Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2018 жылдың 5 шілдесінде ресми түрде іске қосылды. Осы уақыт ішінде биржада мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке сектордың 38 ұйымы тіркеліп, листингтен өтті.
Биржа іске қосылған күннен бастап жалпы сауда айналымы 55 730 572,07 АҚШ долларын құрады. Ал "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ-ның айналымы 33 436 909,3 АҚШ долларына және Polymetal International Plc. 21 646 475,12 АҚШ долларына жеткен. Танымал бағалы қағаздар бойынша үштікті Халық банкінің ЖДҚ-сы тұйықтады. Оның сауда-саттық көлемі 595 502,22 АҚШ долларын құрады.
Жаңадан компания ашқысы келетіндер үшін
Бұл орайда шағын және орта бизнес өкілдерінің АХҚО мүмкіндіктерін зерттеп, пайдалануға деген құлшынысы болғаны маңызды. Мысалы, кез келген шағын және орта бизнестің белсенді өкілі АХҚО-да филиалын тіркей алады, сондай-ақ, кез келген кәсіпкер жаңа компания аша алады. Бұл оған көптеген жаңа мүмкіндіктер береді. Мәселен, АХҚО қатысушысымен тек АХҚО сотында немесе Халықаралық арбитраж орталығында (ХАО) ғана соттасуға болады.
Екіншіден, АХҚО шағын және орта бизнес (ШОБ) пен стартаптар үшін қаржы тартудың бірқатар құралдарын ұсынады. Мысалы, 2019 жылғы 24 маусымда AХҚО реттеушісі инвесторлардың ауқымды аясынан шағын несиелер мен жарғылық капиталға инвестициялар түрінде қаржы тартуға мүмкіндік беретін инвестициялық және несиелік краудфандинг мәселелері бойынша ережелер әзірлейтіні туралы хабарлады. 2 шілдеде AIX екі деңгейлі тәсіл қолданылған тау-кен компаниялары үшін ережелерді бекітті:
- Бірінші деңгей дамудың алдыңғы сатыларындағы ірі тау-кен компанияларына арналады;
- ал екінші деңгей жоғары тәуекел дәрежесі мен әлдеқайда жоғары тиімділікке ие юниорлық компанияларға бағытталады.
Бизнеске бірегей жағдай жасалған
Компанияны қалай тіркеуге болады?
АХҚО әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесі – АХҚО Бизнесті дамыту тобы орталыққа тіркелуге қызығушылық танытқан барлық ұйымдар үшін алғашқы байланыс жасаушы құрылым.
Компанияларды Тіркеушінің кеңсесі АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) құрамына кіреді, бірақ AFSA-ның реттеушілік және қадағалау функцияларынан тәуелсіз жұмыс істейді. Компанияларды Тіркеушінің кеңсесі АХҚО құқығына сәйкес тіркелген жаңа заңды тұлғаларды және басқа юрисдикцияларда тіркелген заңды тұлғалардың филиалдарын/өкілдіктерін АХҚО-да тіркеуге жауап береді. Реттелетін қаржылық не қосалқы қызметтер көрсетуге ниет білдірген АХҚО-ның әлеуетті қатысушылары алдымен АФСА-дан лицензия алуы керек. Алайда, тиімділікті арттыру және өтініш берушілерге жүктемені азайту мақсатында барлық рәсімдер "бір терезе" қағидатымен жасалады. Өзіне өзі қызмет көрсету порталы арқылы тіркеуден өту мүмкіндігі бар.
Шетелдік инвесторлардың экономикаға кіруінің әр кезеңінде қызмет көрсетіледі
Шетелдік инвестор үшін АХҚО ұсынатын ыңғайлы шарттарды әңгімелейік. Қазақстанға келген инвестор алдымен тіркелуі керек, барлық қажетті құжаттарды, автокөлікке арналған "сары" нөмірлерді алуы тиіс, сонымен бірге әйеліне жұмыс, балаларына балабақша мен мектеп табуы керек болса, мұның бәрін Экспат орталығы жеңілдете түседі. Содан кейін ол АХҚО юрисдикциясында компания құрғысы келеді – бұл ретте оған AFSA көмектеседі. Көп ұзамай ол инвестиция салғысы келеді – ол үшін AIX қызметі дайын. Инвестициялық мүмкіндіктермен жақынырақ танысу үшін инвестор жасыл қаржыландыру, исламдық қаржыландыру және fintech бағыттарын қолдана алады. Ал кеңсесін іске қосу үшін қызметкерлер қажет болса, оған BCPD көмектеседі. Дау туындаған жағдайда ол АХҚО сотына немесе ХАО-ға жүгінеді.
АХҚО мүмкіндіктерін пайдалану үшін отандық бизнес қандай болуы керек?
Қазақстандық кәсіпкерлер үшін компания ауқымы және оның қызмет түрлері бойынша ешқандай шектеулер жоқ. Егер кәсіпкер "АХҚО туралы" Конституциялық заңның 6-бабына сәйкес қандай да бір қызметпен айналысса, онда ол 2066 жылға дейін салық жеңілдіктеріне ие болады.
АХҚО-ға тіркелудің артықшылықтарының бірі – оның юрисдикциясында тіркелген компанияны тек АХҚО сотында ғана сотқа беруге болады, яғни меншік құқығы қорғалады.
Қазақстанның қай компаниялары өз акцияларын сата алады?
Бағалы қағаздарды шығаруға қойылатын негізгі талаптар:
- Қаржылық есеп берудің халықаралық стандарттары (ҚЕХС), АҚШ бухгалтерлік есептің жалпы қағидаттары (БЕЖҚ), швейцариялық бухгалтерлік есептің жалпы қағидаттары немесе АІХ-ке қолайлы өзге де стандарттарға сәйкес дайындалған үш жылғы шоғырландырылған және аудиттелген қаржылық есептілік;
- Акциялар эмитенттері үшін ең төменгі жария орналастыру 25%-дан кем емес (АІХ өз қалауы бойынша төменірек пайызды қабылдай алады);
- Бағалы қағаздардың АІХ бағалы қағаздар тізіміне қосылған күнінде акциялар эмитенттері үшін ең төменгі нарықтық капиталдандыруы 1 млн АҚШ долларынан кем емес және облигациялар эмитенттері үшін 500 мың АҚШ долларынан кем емес болуы тиіс;
- Эмиссия проспектіне қатысты талаптарды сақтау. АХҚО қаржы нарығының әділдігі мен тиімділігін қамтамасыз ететін тәуелсіз реттеу режимін ұсынады. АХҚО қатысушылары үшін ынталандырушы факторлардың бірі – АХҚО-да төмендегі қаржы қызметтерін көрсетуден алынған кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын төлеуден босату болып табылады:
- исламдық банктің қызметтері;
- қайта сақтандыру және сақтандыру брокерлік қызметтері;
- инвестициялық қор активтерін инвестициялық басқару, есепке алу және сақтау жөніндегі қызметтер, сондай-ақ, шығарылымды қамтамасыз ету, орналастыру, айналым қызметтері, инвестициялық қорлардың бағалы қағаздарын сатып алу және өтеу қызметтері;
- брокерлік не дилерлік, андеррайтингтік қызметтер;
- АХҚО актілерінде белгіленген өзге де қаржылық қызметтер.
Екіншіден, АХҚО-да жеңілдетілген виза режимі қолданысқа енгізілген: орталық Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Сингапур және Монако елдерінің азаматтарына 30 күнге дейін елге визасыз кіруге мүмкіндік берген. АХҚО қатысушыларының шетелдік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері одан ары ұзарту мүмкіндігі бар 5 жылдық мерзімдегі виза ала алады.
Үшіншіден, АХҚО қатысушылары шетелдік азаматтарды АХҚО-да жұмыс істеу үшін жұмыс істеуге рұқсат алмай-ақ және азаматтығы жоқ болса да, оларды жұмысқа қабылдай алады. АХҚО қатысушылары үшін жеңілдетілген виза рәсімі қарастырылған. Олардың қатарында визаны алу, оны ұзарту, санатты өзгерту немесе елден кетпей-ақ визадан бас тарту, сондай-ақ, елге келген уақытта виза алу сынды жеңілдіктер бар.
Төртіншіден, шетелдік сарапшылар мен олардың отбасы мүшелері "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейтін АХҚО Экспат орталығында мемлекеттік және мемлекеттік емес қызметтердің кең секторына қол жеткізе алады. Аталған орталықта ағылшын тілінде виза және көші-қон қызметтері, салық органдары қызметтері (жеке сәйкестендіру номерін беру бойынша), көлік құралдарын тіркеу және шетел азаматтарына жүргізуші куәлігін беру қызметі, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының кең спектрлі қызметтері (цифрлы қолтаңба беру), нотариалды және аударма қызметтері, төлем терминалы қызметі (мультикасса), колл-орталық, сондай-ақ, мүлік агенттігі, мектептерді іздеуге жәрдемдесуге қатысты қызметтер, Нұр-Сұлтан қаласының көрнекі жерлерін тамашалауға қатысты ақпарат ұсыну және өзге де АХҚО шетелдік қызметкерлеріне келу және осында қалуға қатысты пайдалы әрі қажетті қызметтерді ұсынады.
Бүгінге дейін тіркелген компаниялар туралыҚазіргі таңда АХҚО-да әлемнің 32 елінен 323 компания тіркелген. Олардың арасында алыс-жақын шетелдің танымал ірі компаниялары бар. АХҚО-да тіркелген компаниялардың толық тізімімен осы сілтеме арқылы өтіп танысуға болады.
АХҚО-на қазақстандық инвесторлармен қатар Ресей федерациясы, Қытай, Ұлыбритания және АҚШ инвесторлары да зор қызығушылық танытып отыр. АХҚО қатысушылары банк қызметі, қор нарығы, активтерді басқару, жеке банкинг, исламдық қаржыландыру, несие-рейтингтік қызмет және тағы басқа салаларда өз қызметтерін жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, АХҚО тіркеушісінде лицензиясы мойындалған, өзге де юрисдикцияларда тіркелген көптеген компаниялар да АХҚО қатысушылары қатарынан табылып отыр.
АХҚО Биржасының сауда мүшелері қатарында 23 брокер бар, олардың 6-уы – шетелдің брокерлік компаниялары. Бұл АХҚО Биржасы эмитенттері көп әрі әртараптандырылған инвесторлар пулын (CITIC Securities Co., Ltd., UNIVER Capital LLC, Renaissance Capital, WOOD & Company Financial Services, China International Capital Corporation Hong Kong Securities, Shenwan Hongyuan Securities Hong Kong Limited) тарта алады дегенді білдіреді.
Қаржылық және өзге қосымша қызметтер ұсынатын ірі компаниялар санатында Қытайдың құрылыс банкі (Қытай), Altyn Bank (Қазақстан), Қытайдың Даму банкінің өкілдігі (Қытай), Paladigm Capital Pte (Сингапур), Wood and Co (Чехия), Shinhan Investment Corporation (Оңтүстік Корея), Russell Bedford (АҚШ), Renaissance Capital (Кипр) бар. Ресейлік компаниялар арасында Wildberries – ірі интернет-дүкен, АКРА – жетекші несие агенттігі, Univer Capital, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей сынды елдердің басын біріктіретін Еуразиялық Даму Банкі – ұлттық мекеме сынды ірі ойыншылар бар.
Компаниялардың 21 түрі туралы қысқа ақпаратЕгер қазақстандық заңнамада ЖК, ЖШС және АҚ деген ұғым бар болса, АХҚО юрисдикциясында халықаралық стандарттарға сай келетін, түрлі компанияларға арналған реттеудің кең ауқымды түрі қарастырылған. Ол туралы мына сілтеме арқылы ағылшын тілінде толық ақпарат алуға болады.
АХҚО-да тіркелген, бірақ бизнесін өңірлерде жүргізетін компаниялар салықтан босатыла ма? Олар Қазақстанның ішкі заңнамасына бағына ма?
Салықтан босатуға себеп болатын басты фактор – АХҚО юрисдикциясында тіркелу болып табылады. Семей, Қызылорда, Қарағанды және тағы басқа зауыт иесіне осында тіркелуге, Нұр-Сұлтанда салық төлеуге ештеңе кедергі бола алмайды, десе де ол өз бизнесін өз өңірінде-ақ жүргізе алады.
Қазақстанның ішкі заңнамасына келетін болсақ, орталықтың қолданыстағы заңы Қазақстан Республикасы Конституциясына негізделеді және төмендегілерден тұрады:
- Қолданыстағы Конституциялық заң;
- Қолданыстағы Конституциялық заң өкілеті шегінде, Орталық органдары бекітетін, Англия және Уэльс не әлемнің жетекші қаржы орталықтары нормалары мен прецеденттік құқықтары және нормаларына, қағидаттарына негізделген, Орталықтың қолданыстағы Конституциялық заңы актілеріне қайшы келмейтін;
- Орталық актілері мен қолданыстағы Конституциялық заңмен реттелмейтін бөліміне сәйкес қолданылатын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңы.
Ел экономикасын жаңаша түрлендіру
Қазіргі таңда Қазақстан экономикасы құрылымы өте қарапайым және орталық бюджеті салық түсімдері мен ресурс өндіретін компанияларға тікелей байланысты. АХҚО-ның Қазақстанның қаржы секторын дамыту, шетелден қосымша инвестиция тарту және жалпы экономиканы әртараптандыру сияқты мақсаты бар.
АХҚО-да елдің қор нарығын дамытып, исламдық және жасыл бағалы қағаздар арқылы банктік емес қаржыландыруды талап ететін жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін AIX сынды басты жоба бар.
Бір жағынан АХҚО юрисдикциясында өңдеу өнеркәсібі және қызметтермен айналысатын түрлі компаниялар да тіркеле алады. Олар юрисдикция артықшылықтарын – тәуелсіз сот, жеңіл реттеу, қаржыға қолжетімділік сынды жеңілдіктерді пайдалана алады. Сондай-ақ, олар АХҚО арқылы Қазақстан экономикасымен "байланыс" орната алатын, шетелдік серіктес, шетелдік сарапшылар арқылы әлемдік нарықпен қарым-қатынас орнату сынды жеңілдікті де пайдалана алады.
АХҚО дамыған институт болғаннан кейін, Қазақстан экономикасы қандай болатынын айту қиын, алайда орталықтың басты мақсаты – консалтингті дамыту, "Бір белдеу – бір жол" бастамасы арқылы қаржы, инфрақұрылымды дамыту жолдарымен экономиканы әртараптандыру әрі күрделендіру екенін ұмытпаған абзал.
Ұзақмерзімді болашақтан не күтеміз?
АХҚО үшін инвесторлардың отандық институционалды әрі бөлшектік базасын дамыту маңызды. Мемлекеттік қорлардан тыс жерлерде жергілікті инвестициялық сектордың үлесі аз, сол себепті қаржының көп бөлігі ішкі шектелген кіріс активтеріне инвестицияланады. Бұл жағдай өзгеруі тиіс, өйткені, аталған қорлар шағын кәсіпорындардың өсуін қолдау үшін акционерлік капиталдың логистикалық жеткізушілері болып табылады. АХҚО Биржасы аз әрі үнемі назардан тыс қалатын бөлшектік инвесторлар базасын дамытуды қолдайтын болады. Орталық тек ауқатты ғана емес, сондай-ақ, қарапайым қазақстандықтар да ел болашағына инвестиция құятындай жаңашылдықтар енгізбек.
Еуразиялық одақ компаниялары үшін де бірегей мүмкіндік
Мәселе тек капитал тартуда ғана емес, АХҚО юрисдикциясында тіркеле алатын түрлі компанияларды да тартуда болып отыр. Мысалы, ресейлік бизнес бүгінде ешқайда инвестицияланбаған, ресейлік экономиканы дамытуға жұмсалмаған үлкен қор (20 трлн рубль шамасында) жинап жатыр. Бұл жағдай бір жағынан меншік құқығына кепілдік болмағаннан кейін де орын алып отыр.
Сонымен қатар, ТМД және ЕАЭО инвесторларына "Бір белдеу – бір жол" инфрақұрылымдық бастамасына ену мүмкіндігі де бар.
Бүгінгі күні АХҚО Биржасында халықаралық инвесторлар тарапынан "Бір белдеу – бір жол" жобасы бойынша инвестиция тарту үшін арнайы биржа секторы құрылған.
АХҚО-да ЕАЭО кәсіпкерлері биржаның көмегімен шетелдік инвестиция тарта алуының нәтижесінде интеграциялық әлеует бар. Бұдан бөлек Ресейде өтетін түрлі роудшоулар арқылы да өз мүмкіндіктерін көрсете алады.
АХҚО-ның инвестиция тарту саласындағы мүмкіндіктері одақтас мемлекеттер экономикасына оң әсер ететіні сөзсіз. Себебі, Биржа бірыңғай экономикалық кеңістікте орналасқан және елде де одан тек ұтатын болады. Сондай-ақ, АХҚО мен ЕЭО 2018 жылдың 4 шілдесінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, ал биылғы жылдың 9-тамызында Бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылған.
Бұдан бөлек, АХҚО – Гонконг пен Дубай арасындағы жалғыз қаржы орталығы болып табылады және бүгіннің өзінде GFCI рейтингінде Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдерінің барлық қаржы орталықтарын артта қалдырды.