Алматы облысына қарасты Исаев ауылының тұрғындары жарық жиі өшетіндіктен, тұрмыстық техникасының күйіп біткенін айтады. Сондай-ақ бұл мәселені шенеуніктерге бірнеше мәрте айтқанын жеткізді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Жарық мәселесі қиындық тудырып жатыр. Соның салдарынан тоңазытқышым жанып кетті. Газдың пеші мен теледидарым да күйді", – деді Исаев ауылының тұрғыны Гүлғайша Сәдуова.
Бірнеше мың тұрғын жарық өшсе, су алып отырған сорғысының істен шығатынын айтады.
"Біздің жарығымызға алпауыт зауыттар қосылып алған. Күнде апат болады", – деді Исаев ауылының тұрғыны Анар Қадырбаева.
Оқи отырыңыз: "Өткен дәуірдің күйін кештік". Көкшетау іргесіндегі ауыл бір аптадан бері сусыз отыр
Елтай ауылдық округіне жақын маңда қосалқы станция жоқ. Сондықтан елдімекендерге шалғайда жатқан Шамалған ауылынан жарық тартылған. Жауапты мамандар желінің ұзақ болуына байланысты апат та жиі болатынын жасырмады.
"Қазір трансформаторларды тексерсең, 190 ғана болып тұр. 220 деген шықпайды мүлдем", – деді жауапты электрик Есхат Байзақов.
Бұл мәселені шешу үшін былтыр Көкөзек ауылынан қосалқы станцияның құрылысы басталған. Енді жұмысы толық аяқталып, ірі зауыттармен бірге Елтай ауылдық округіне қарайтын ауылдардың барлығы сол жақтан қуат алады, дейді әкімдіктегілер.
Оқи отырыңыз: Асфальт өндіретін ауылда жол шұрық-тесік. СҚО тұрғындары наразылық білдірді
"Ауылда промбазалар көп. Қазір подстанция ашылды. Ауылдарды шетінен қосып бастады", – деді Елтай ауылдық округі әкімінің орынбасары Біржан Белғожаев.