Көкшетау іргесіндегі Шағалалы ауылының тұрғындары бір аптадан бері ауыз сусыз отыр. Мұнымен қатар тұрғындар жарықтың жиі өшіп жатқанына шағымданды, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Бір күн су жоқ, екінші күні жарық жоқ. Кейде су да, жарық та болмай қалады. Сол үшін алдын ала шайдың суын бөшкеге толтырып қоямын. Бұл өмір ме?!" – деді Шағалалы ауылының тұрғыны Зейнеп Смағұлова.
Ауыл халқы 21 ғасырда өмір сүріп, өткен дәуірдің күйін кешіп отырмыз деп ашулы.
"Бізде 2 насос бар. Соның біреуі ғана жұмыс істейді. Біреуі күйіп кетті. Неше жылдан бері жұмыс істемейді. Резервтегі насостар біреуі күйсе, екіншісін қосуы керек еді. Бізде біреуі күйді. 2-3 күн сусыз отырамыз", – деді Шағалалы ауылының тұрғыны Жанболат Талпақов.
Оқи отырыңыз: Петропавл маңындағы ауылда халық жалғыз емхананың жабылуына қарсы шықты
Ал ауыл әкімі қолдан келер қайран жоқ деп отыр. Себебі 90-жылдары жарық бағаналары жеке кәсіпкердің меншігіне өтіп кеткен екен. Ал судың мәселесін шешіп беруге уәде берді.
"Келесі жылы шешілетін шығар деп ойлаймын. Ауыл әкімі жарықты жөндетуге өтінім берді. Екі насостың ақшасын аудардық. Бір насос 750 мың тұрады. Сәрсенбі, бейсенбі күндері келеді", – деді Зеренді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Біржан Хасенеев.