Тікелей эфир

Петропавл маңындағы ауылда халық жалғыз емхананың жабылуына қарсы шықты

Дертіне дауа іздеген халық дәрі-дәрмекті қаладан сатып алып жүр.

Петропавлдың маңындағы Заречный ауылының тұрғындары жалғыз амбулаториялық емхананың жабылуына қарсылық білдірді. Айтуларынша, билік ескі емдеу мекемесін жаңа ауруханаға көшіруді жоспарлаған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Емхананы қалаға көшірсе, біздің жағдайымыз қиындайды. Қураған ағаш секілді болып қаламыз", – деді Заречный ауылының тұрғыны Алма Ысқақова. 

Десе де халық емхананың жұмысына көңілі толмайтынын жасырмайды. Өйткені мамандар науқастарды таңертең екі сағат қана қабылдайды. Ал түстен кейін медициналық пунктің есігі тарс жабылады. Яғни үлгермегені күн санап кезек күтуі тиіс. Осы орайда халық емханаға білікті мамандарды тартуды сұрады. 


Оқи отырыңыз: Әйелдердің жүкті болмас бұрын қандай дәрумендер ішкені абзал? Гинекологтан кеңес


"Медициналық орталық деген аты ғана. Бізге дәрігер керек. Медбике мен фельдшер ғана отырады. Ал олар бізге не істейді? Бізді емдей алмайды", – деді Заречный ауылының тұрғыны Галина Зайцева. 

Ал денсаулық сақтау басқармасындағылар тұрғындардың шағымынан кейін амбулаторияны қалдырамыз деп сендірді. Бірақ тозығы жеткен емхана санитарлық талаптарға сай емес. Атқамінерлер ауылға дәрігер жіберуге мүмкіндіктің жоқ екенін де ашық айтты. Өйткені өңірде екі жүзге жуық медицина маманы тапшы. 

"Біз медпункт ғимаратын жалға алып отырмыз. Сол себепті ол жерде жөндеу жұмыстарын жасай алмаймыз. Яғни процедуралық кабинет жабылды. Дәрігерлер тұрақтамайды, сондықтан маман тапшылығы мәселесін шешу қиын", – деді №1 қалалық емхана директоры Николай Новиков. 


Оқи отырыңыз: Петропавл қаласын кеңейту үшін 70 гектар орман алқабы оталады


Оған қоса Заречный ауылында дәріхана да жоқ. Дертіне дауа іздеген халық дәрі-дәрмекті қаладан сатып алады. Себебі екі мыңнан астам адам тұратын ауылда дәріхана ашу кәсіпкерлерге тиімсіз. 

Серіктестер жаңалықтары