Павлодар облысындағы шаруалар төрт түлікті жаятын ұлтарақтай жер қалмады деп дабыл қағып жатыр. Олардың айтуынша, халықтың жерін кезінде конкурс арқылы бизнесмендер иемденіп алған. Бірақ олар не өзі пайдаланбайды, не өзгеге бермейді, деп хабарлайды "31 арнаның" "Информбюро" ақпарат агенттігі.
Қаратерек және Бозша ауылының тұрғындары жылдар бойы жайылымнан тапшылық көріп келеді. Ауыл маңындағы жерлерді әкімдік жеке кәсіпкерлерге беріп жіберген дейді. Аумағы мыңдаған гектардан астам жерге иелік еткен бизнесмендер егістік алқабын айнала қазып тастаған. Жергілікті халық ол орға жыл он екі ай мал түсіп, шетінен қырылып жатыр деп ашулы.
"Мал жоғала бастайды. Шұңқырлардың бәрін аралаймыз, қармен басып қалады екен. Қар еріген кезде сүйектерін тауып жатырмыз. Малға жайылым жоқ. Ана жақтың бәрін қазып тастаса, біз қайда барамыз? Трассаға жақындама – айыппұл, егінге түсіп кетсе, айыппұл салады. Бұл кісілерге қаншасын саласың? Кейбіреулері жұмыс та істемейді. Малына қарап отырған халық қой", – дейді шаруа Қуат Бекенов.
Оқи отырыңыз: "Forbes тізіміндегі кәсіпкерге заңсыз берілген". Алматы облысында 3 500 жайылымдық жер мемлекетке қайтарылды
Егістік алқапты жалға алған кәсіпкерлер жайылым жерлерді түгел заңдастырып алған көрінеді. Тіпті, халыққа жүретін жол қалдырмаған. Тұрғындар билік жерді берер кезде жергілікті халықпен ақылдаспайтынын, ал қазір сол жерлер игерілмей, құр бос жатқанын айтады.
"Жаңағы инвесторлар түгел жерімізді алып, шұңқырларын қазып тастады. Ешқандай рұқсат жоқ. Жыртады, өзіне де пайда жоқ, не халыққа пайда жоқ. Депутаттарға талай айттық. Біздің сөзіміз өтпейді ол кісілерге. Келеміз, істейміз дейді. Бірақ ешкім ештеңе шешкен жоқ", – дейді шаруа Райымбек Жұмабеков.
Ал аудан басшылығы бұл мәселемен жақсы таныс. Дегенмен бұл жерлер біраз жыл бұрын конкурс арқылы жалға берілгенін айтады.
"Ол жер 2017 жылы конкурс арқылы «Ақжар өндіріске» берілген. Бұл жайылым жер емес, суармалы жерге арналған жер. Жайылым да емес, шабындық та емес. Сондықтан ол кісілер 1170 гектар жер болса, соның 400 гектары суармалы жер тарту бойынша жоба жасаған. Кейінгі жылдары конкурс арқылы Қаратерек маңынайын жер берілген жоқ", – дейді Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин.
Аймақтың жер қатынастары басқармасы жерді қазғаны заңсыз екенін айтады. Қазір осы іске байланысты тексеру басталған. Ал аудан басшысы халық жайылымсыз қалмайды деп сендірді. Өйткені қазір конкурсқа шығарылған жер жоқ дейді әкім. Былтыр Май ауданында жекеменшіктің қолында болған 100 мыңға жуық аумақ халыққа қайтарылған.