Алматы облысындағы Жаңатұрмыс, Райымбек және Абай ауылдарының тұрғындары жайылым жер тарылып бара жатқандықтан мал басын азайтуға мәжбүр болып отыр. Ауыл шарушылығына бағытталған жердің мақсаты түсініксіз жағдайда жеке үй шаруашылығына өзгертілген, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бұрын аталған үш ауылдың малы жайылатын аумағы 300 гектар болатын жайылымда қазір құрылыс жұмыстары басталған.
"Біз мал санын өсіре алмай отырмыз. Өйткені, жер тапшы. Қазір 500 бас ірі қара бар. Осы жерден күніне қаладағы супермаркеттерге, балалар үйіне және мүгедектер үйіне сүт өнімдері жөнелтіледі. Сондай-ақ, Егер жайылым жер тарыла беретін болса, мал саны да азаяды", – деді жеке шаруашылықтың ветеринар дәрігері Айгүл Жарлыханова.
Оқи отырыңыз: СҚО-да тағы індет: төрт түлік мал белгісіз аурудан қырылып жатыр
Тұрғындардың айтуынша, жердің мақсаты белгісіз жағдайда жеке шаруашылыққа ауысып кеткен.
"Бұл жерде қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, қара топырағы қазылып жатыр. Әуелде тынбай жұмыс істеп жатқан мамандар камераны көре сала техникаларын сайға тығып тастады", – деді арна тілшісі Өмір Серікбекұлы.
Қарасай ауданының сәулет және құрылыс бөлімінің мәлімдеуінше, санитарлық қорғау аймағына құрылыс жүргізуге рұқсат жоқ. Яғни, салынып жатқан нысанға құжат берілмейді. Сондай-ақ бөлімінің мамандары жердің қолдану мақсатын өзгерту бойынша тиісті органдарға сауал жолдаған.
"Құрылыс жұмыстары рұқсатсыз жүргізіліп жатыр. Ол бойынша біз Райымбек ауылдық округының әкімшілігіне хат жолдадық", – деді Қарасай ауданы құрылыс, сәулет бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақдәулет Сағындықов.