Солтүстік Қазақстан облысында төрт түлік белгісіз аурудан қырылып жатыр. Ауру ошағы Тимирязев ауданындағы 4 бірдей елдімекенде анықталған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Кеселден қой-сиыр, тіпті шошқалар да өліп жатыр. Әсіресе, түрт түліктің 2-3 айлық төлдері індетке қарсы тұра алар емес. Қазірге дейін тұрғындар жиырма шақты малдың өлексесін өртеген.
"Өліп жатқан малды өзіміз өртейміз. Арнайы орындарға әкетіп жатқан ешкім жоқ. Ауылда төрт түлік жаппай ауырып жатса да, ешқандай шектеу енгізілмеді. Күнде сүт сатып әкетеді. Малды сойып, етін сатып жатыр", – дейді Приозерный ауылының тұрғыны Виталий Сидельников.
Індеттің таралып жатқанына он күннен асты. Шаруалар малды өз күштерімен емдеп әлек.
Ветеринарлар өлген малдардың сараптамасы алынғанын, соның нәтижесі шыққан соң ғана емдеу шараларын бастайтынын айтады. Әзірге инфекциялық ринотрахеитке шалдыққан болуы мүмкін деген болжам жасалған.
"Шаруашылықтардың өзінде жағдай жоқ. Ветеринарлық-санитарлық талаптар сақталмайды. Мал далада – ылғал, қар, жаңбырдың астында тұрады. Бұл, әрине, зиянды әсерін тигізеді", – дейді СҚО Ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.
Оқи отырыңыз:
- Солтүстік Қазақстанда белгісіз індеттен мал қырылып жатыр
- Солтүстік Қазақстанда Сібір жарасы індеті анықталған жайылымдар 15 күн карантинге жабылды