Тікелей эфир

Петропавлда 5 мың адамға қызмет көрсететін емханада бір аптадан бері жылу жоқ

Емделушілер керісінше аурының асқынып жатқанын айтады.

Петропавлда бес мыңға жуық адамға қызмет көрсететін емханада бір аптадан бері жылу жоқ. Медициналық мекемеге келетін тұрғындар екі қабатты ғимараттың іші өте суық деп шағымданды. Әсіресе, қарттар күздің қара суығында емделуге барып, "ауруымызды керісінше асқындырамыз" деп ашулы. Он күннен беру жылу берілмеген ескі емханаға жүкті әйелдер де қарала алмай қиналған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Иә, іші салқын. Жаңа УДИ-ге кіріп шықтым. Ол жер де салқын. Тоңып қалдық. Қашан босанатынымызға байланысты киімсіз кіреміз. Қиын негізі", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Арайлым Есенкелді. 

"Шешініп отыра алмаймыз. Күртемді шешейін десем қара суық. Береке шағын ауданында жаңа емхана салып жатыр. Ол да уақытында ашылмай жатыр. Осы емхана сонда көшу керек болатын", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Ырысты Нұрпейісова. 


Оқи отырыңыз: "Тұрмыстық техникамыз күйіп бітті". Алматы облысында тұрғындар жарықтың жиі өшетініне шағымданды


Дәрігерлердің өзі тастай суық емханада қат-қабат киіммен адам қабылдайды екен. Ақ халаттылардың айтуынша, күн суытқан бір аптада ғимараттың ішіндегі температура 10-12 градустан аспаған. Медициналық мекеменің басшылығы жылудың қысымын арттыру үшін барымызды салып жатырмыз деп ақталды. Айтуларынша, ескі ғимараттың құбыры әбден тозған. Сондықтан қызметкерлерді жаңадан салынып жатқан емханаға көшіру жоспарда бар екен. 

"Қазір мәселені шешіп жатырмыз. Жылу беріледі. Ал гинекология бөлімшесі орналасқан кабинеттер суық болғандықтан, оларды бірінші қабатқа көшіреміз. Филиалды "Береке" шағын ауданына қашан көшіретіні белгісіз", – деді № 2 Петропавл қалалық емханасы директорының міндетін атқарушы Дәмелі Жантасова. 

Ғимарат осыдан 85 жыл бұрын тұрғызылған. Бір ғасырға жуық тарихи бар емдеу мекемесі бұған дейін тері-венерологиялық орталық болған. Енді мамандар жыл сайын осы кезде қайталанатын проблеманы биыл түпкілікті шешеміз дейді. 


Оқи отырыңыз: "Өткен дәуірдің күйін кештік". Көкшетау іргесіндегі ауыл бір аптадан бері сусыз отыр


 

Серіктестер жаңалықтары