Тікелей эфир

"Ең аз соманы беріп жатыр". Үйі сүрілетін Алматы тұрғындары әкімдік бағасымен келіспейді

Тұрғындар берілетін ақшаға жаңа үй сатып алу мүмкін емес екенін айтады.

Алматыда қала орталығындағы жер үйлерді сүргісі келген әкімдіктің басы дауға қалды. Өйткені олар ұсынған сома тұрғындардың айтуынша, нарықтағы бағадан айтарлықтай арзан шыққан. Жұрт бұл ақшаға үйді берсек далада қаламыз деп отыр. Сондықтан халық жылжымайтын мүліктерін әділ бағалауды талап етеді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Бір апта бұрын әкімдіктегілер шақырып, қағаздарыңызды алып кетіңіздер деді. Барсақ, бізге 28 миллион теңге беріп тұр. Менің есігімнің алды 2х44. Біз ол үйде екі отбасы тұрамыз. Ал 28 миллион теңгеге мен өзіме ондай үй сатып ала алмаймын ғой. Сонда Үкімет бізді далаға тастайын деп тұр ма?" – деді Алматы қаласының тұрғыны Ғалия Түбекбаева. 

Тағы бір тұрғын Алмат Тұрғынбеков әкімдіктің үйлерді бағалауымен мүлдем келіспейтінін айтады. 

"Өйткені олар ең аз соманы беріп жатыр. Ол сома бізді қанағаттандырмайды! Себебі қазір бос учаскенің өзі 10 миллион теңге тұрады", – деді тұрғын. 


Оқи отырыңыз: Алматының әр тұрғыны жылда 487 дана темекіге тең лас ауа жұтады – зерттеу


Тұрғындардың айтуынша, мүлікті бағалау кезінде көп дүние ескерілмеген. Бағалаушылар да жұмысын салғырт жүргізді дейді. Сондықтан жұрт мүлік құнын қайта қарауды талап етуде. 

"Бұл жерлер ортақ үлестік меншікте орналасқан. Бір учаскені бірнеше үй, бірнеше адам пайдаланып отыр. Әрқайсының жері және үйі аз болғандықтан нарық бағасы аз шығып жатыр. Келіспеген жағдайда сот арқылы жүгіну қажет. Сот арқылы шешім шығарады", – деді Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Данияр Асқарұлы. 

Ал заңгерлердің айтуынша, мемлекет қажеттілігі үшін мүлікті алғысы келсе тиімді жолдарын ұсынуы керек. Ал жердің иесі тиісті бағасын сұрауға толық құқылы.


Оқи отырыңыз: Алматы облысында 15 ауланы сел шайып кетті


"Ұсынылған баға аз болса, нарықтағы бағаға сәйкес келмесе, жекеменшік жердің иесі тәуелсіз бағалаушы, яғни оценщик тағайындай алады. Лицензиясы мамандарды тағайындайды да, олар өздері қорытынды жазып береді", – деді заңгер Ғабит Өмірбеков. 

Серіктестер жаңалықтары