Алматылық оқушылар 1 қыркүйекте алғашқы қоңырауға бармайды, деп хабарлады қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Ол 1 қыркүйек демалыс күніне тұспа-тұс келетінін атап өтті.
"1 қыркүйек демалысқа тұспа-тұс келеді, 2 қыркүйекте алғашқы қоңырау соғылады", – деді әкімнің орынбасары.
Сағат 14.52, 23 тамыз. Жаңалық толықтырылды:
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы республиканың барлық өңірінде, оның ішінде Алматы қаласында да 1 қыркүйекте "Мектебім – мейірім мекені" тақырыбында салтанатты шара өтетінін хабарлады.
Оның хабарлауынша, 2024-2025 жаңа оқу жылында 345 мың бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп партасына отырады. Олар үшін 1 қыркүйекте "Мектебім – мейірім мекені" тақырыбында салтанатты шара өтеді.
2 қыркүйекте – жаңа оқу жылының бірінші күні – "Менің Отаным – Қазақстан" тақырыбында Бірыңғай сынып сағатымен басталып, әрі қарай сабақ кестесіне сәйкес жалғасады.