Білім күніне арналған салтанатты іс-шара еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте өтеді, деп хабарлады оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы.
Оның хабарлауынша, 2024-2025 жаңа оқу жылында 345 мың бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп партасына отырады. Олар үшін 1 қыркүйекте "Мектебім – мейірім мекені" тақырыбында салтанатты шара өтеді.
2 қыркүйекте – жаңа оқу жылының бірінші күні – "Менің Отаным – Қазақстан" тақырыбында Бірыңғай сынып сағатымен басталып, әрі қарай сабақ кестесіне сәйкес жалғасады.
"Педагогтердің еңбегіне ақы төлеуге қатысты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 79-бабына сәйкес жұмыс беруші қызметкердің нақты жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақытының есебін жүргізуге міндетті екенін хабарлаймыз. Демалыс және мереке күндері жұмыс істеген қызметкердің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі немесе қызметкердің күндік мөлшерлемесі бойынша кемінде екі есе мөлшерде ақы төленеді", – деп жазды Мереке Амангелдіқызы.
Еске салайық, бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова 1 қыркүйек жексенбіге сәйкес келетіндіктен, салтанатты шара 2 қыркүйек күні өтетінін мәлімдеген болатын.