Тікелей эфир

Әлихан Смайылов: Бензин мен дизель басқа тауарлар ретінде сыртқа шығарылған

Премьер бұған бақылау жүргізбеген Энергетика министрлігін сынға алды.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен және көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңесте жанар-жағармай тапшылығының негізгі себептерін атады

Әлихан Смайылов ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесін талқылау барысында орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың және өңірлердің арасында өзара үйлесімді жұмыстың болмауынан күрделі ахуал орын алып отырғанын атап өтті.

Атап айтқанда, Энергетика министрлігі мен "ҚазМұнайГаз" тарапынан логистика, мұнай өңдеу зауыттарынан өнім жөнелту, өңірлерге қажетті мұнай өнімдерінің көлемі бойынша нақты үйлесімділік жоқ.

Сонымен қатар "Қазақстан темір жолы" компаниясы мұнай өңдеу зауыттарына цистерналарды уақытылы жеткізбеген және мұнай өнімдерін өңірлерге тасымалдау үшін вагондарды беру кестелерін түзетпеген. 


Оқи отырыңыз: Экономист тұрақтандыру қорына бөлініп жатқан қаражатты шаруаларға беруді ұсынды


"Тыйым салынғанына қарамастан, бензин мен дизель отыны басқа тауарлар ретінде сыртқа шығарылып отырған. Мысалы, пешке арналған отын экспорты 11 есе өскен. Демек, Энергетика министрлігі бұған тиісінше бақылау жүргізбеген", – деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-министр "ҚазМұнайГаз" компаниясының салғырттығынан жер қойнауын пайдаланушылар болып табылмайтын жеке компаниялар мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеп, кейін ол жоғары бағамен сатылып отырғанын айтты. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, өңірлердегі жеңілдікті жанар-жағармай операторларына қойылатын біліктілік талаптары мен оларды айқындау тетігі жоқ, бұл белгілі бір компанияларға "артықшылық берілуіне" жағдай жасайды. Бұған қоса, Энергетика министрлігі жеңілдікті жанармайдың шекті құнын белгілемеген. Сондықтан баға оператордың қалауы бойынша қойылады.

"Аталған фактілердің барлығы өңірлерде дизель отынының жасанды тапшылығына және бағаның күрт өсуіне әкеп соқты", – деді премьер-министр. Үкімет басшысы уақытылы шараларды қолданбағаны үшін Энергетика министрлігі, "ҚазМұнайГаз", "Petrosun" ЖШС және АМӨЗ лауазымды тұлғаларына қатаң сөгіс жарияланғанын атап өтті. 


Оқи отырыңыз: Тимур Жантикин: АЭС салу техникалық мәдениеттің жалпы деңгейін көтереді


Әлихан Смайылов басы артық делдалдар болмауы үшін маржаның шекті сомасы мен соңғы құнын белгілей отырып, ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеңілдікті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелерін нормативтік тұрғыдан реттеуді тапсырды.

"Аудандар мен шалғай елді мекендерде жанармай құю станциялары бар компанияларға басымдық берілуі тиіс", – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар премьер-министр жанармайдың мұнай өңдеу зауыттарынан өңірлердегі сақтау орындары мен жанармай құю станцияларына дейінгі оңтайлы логистикасын қамтамасыз етуді, егін егу және жинау науқаны кезінде жанар-жағармай тасымалдау үшін теміржол тарифтерін төмендету мәселесін қарауды, сондай-ақ бағаның негізсіз өсуіне және мұнай өнімдерінің сыртқа тасымалдануына жол бермеу үшін мұнай базалары мен ұсақ жанармай құю станцияларына бақылау жасау жөніндегі өңірлік комиссиялар құруды тапсырды.

Серіктестер жаңалықтары