Экономикаға үкіметтің араласуы керек пе, жоқ па деген мәселесеге келсек, араласу деген сөзді біздің шенділер тікелей түсінеді. Нарықты қолмен реттеуге тырысады. Бағаны бекітіп қояды, базар тексереді, дүкендермен араласады. Бірақ бұл ешқашан тиімді шешім беретін жағдай емес, деп мәлімдеді экономист Мақсат Халық.
"Тұрақтандыру қоры белгілі бір деңгейде өзінің тиімділігін көрсеткен. Бірақ, пандемияның салдарымен күресетін кезде. Алайда әр өңірге тұрақтандыру қорын беріп қойып, ұзақ мерзімде жасай беру шешім емес. Ол қысқа мерзімдегі тактикалық шешім. Ал оны соза беретін болса, тиімділігі түсе береді", – деді экономист журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.
Маман тұрақтандыру қорына бөлініп жатқан қаражатты шаруаларға беруді ұсынды. Айтуынша, азық-түлік бағасының қымбаттауының себебі шаруалардың жағдайы жасалмауында жатыр.
"Қазіргі уақытта тұрақтандыру қоры тағы қосымша ақша сұрап отыр. Неге одан да ол ақшаны шаруаларға бермейміз? Неге біз ол ақшаға сол өнімдерді шығарып отырған ауыл шаруашылығы мамандарының мәселесін шешіп бермейміз? Оларға техника жетіспей жатыр, төмен бағада дизель керек, нақты соңғы инновациялық технологиялар керек. Соны жеткізіп берсе, тұқым мәселесін шешіп, сол өнімді тікелей халыққа жеткізудің логистикалық шешімін жасап берсе, болды. Баға өзінен-өзі реттеледі", – деді Мақсат Халық.
Оқи отырыңыз: Экономист: Қазақстанда тапшы тауардың экспортына тыйым салу керек