АЭС құрылысының басымдықтарына тоқталатын болсақ, жыл сайын АЭС-тің 1 000 МВт жұмысы парниктік газ шығарындыларын 4 млн тоннаға дейін азайтады. Яғни, парник әсері төмендейді. АЭС құрылысы барысында жаңа жұмыс орындары ашылады. Ең бастысы, 60 жылдан астам уақыт бойы тұтынушылар сенімді, тұрақты энергиямен қамтамасыз етіледі, деп мәлімдеді "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.
"Біз электр энергетика саласының дамуы аясындағы атом энергетикасы, АЭС орнату аймағын таңдау, реакторлар, жобаны іске асыру схемасы мен механизмдері, кадрлар және сын-қатерлер мәселесін қарастырдық. 2021 жылы электр энергетикасындағы ең жоғары жүктеме 15,8 гигавольтты құрады. Сағатына 113,9 ТВт тұтынады. Болжамға сәйкес, 2035 жылы электр тұтыну көлемі сағатына 153 млрд киловольтқа жетеді. Ең жоғары электр жүктемесі 23 гигавольт болады. Мұнымен қатар, негізгі турбиналық құрылғыларға анализ жүргіздік. Ол қазіргі ЖЭО мен СЭС үшін қажет болды. Анализ электр энергиясы құралдарының тозғанын көрсетті. Бұл – таңғалатын нәрсе емес", – деді Тимур Жантикин.
Ары қарай компания басшысы АЭС салу үшін қолайлы екі өңірді атады. Олар – Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласы мен Алматы облысындағы Үлкен ауылы болуы мүмкін. Сондай-ақ, ол АЭС салынуы мүмкін жерді таңдаған кезде қандай факторларға баса назар аударылғанына тоқталды:
- жер сілкінісі және геологиялық құбылыстар;
- Салқындату жүйелері үшін АЭС-ті сумен қамтамасыз ету;
- гидрометерологиялық және гидрологиялық жағдайлар;
- АЭС-ке сыртқы антропогенді әсерлер: әуе кемесінің құлауы, жақын маңдағы өндірістік және әскери нысандарға ықтимал апат әсері;
- АЭС-тің керісінше қоршаған ортаға әсері: маңында тұратын халықтың ұжымдық сәулелену мөлшері;
- АЭС құрылысының қоршаған орта оның ішінде жануарлар мен өсімдіктерге әсері;
- АЭС қолданысының аумақ гидрографиясына әсері.
Оқи отырыңыз: Сәтқалиев: Оңтүстіктегі энергия дефицитін шешудің ең тиімді жолы – АЭС салу
Тимур Жантикиннің айтуынша, іске асырылмаған Балқаш ЖЭС жобасының алаңы ірі энергия нысанын салу үшін белгілі бір дайындық дәрежесіне ие. Атап айтқанда:
- жабдықталған жұмысшылар кенті тұрғызылған;
- ауыз су дайындайтын өнеркәсіптік қондырғы салынған;
- алаңды тегістеу жұмыстары жүргізілген, негізгі жабдық пен су жинағыш үшін іргетесі аяқталмаған шұңқыр қазылған;
- уақытша сақтау үшін кеден қоймасы ұйымдастырылған, құрылыс материалдарын сақтауға арналған контейнерлер әзірленген;
- уату қондырғысы мен бетон торабы орнатылған;
- 110\10 кВт ашық тарату құрылғысы салынған, оған құрылыс алаңын электрмен жабдықтау үшін 10 трансформаторлық қосалқы станция жүргізілген;
- "Қайраткөл" темір жол станциясы 4 қосымша күшейтілген тармақпен кеңейтілген, болжамды алаңға дейін темір жол желісі тартылған.
"Қытай, Корея, Ресей, АҚШ және Франциядан – 6 вендордан техникалық-коммерциялық ұсыныстар келіп түсті. Ядролық энергетикалық технологияларды салыстырмалы талдау мен бағалау үшін Assystem француз компаниясымен бірге МАГАТЭ құжаттарының ұсынымдары негізінде критеийлер жүйесі әзірленді. Жалпы шетелдік атомдық технологиялар вендорлары ұсынған заманауи реакторлардың 13 жобасы зерттелді. АЭС құрылысы жобасын іске асырудың бастапқы мерзімдеріне келетін болсақ, алдын ала болжам бойынша, 2023 жылға қарай технологиялар жеткізушісі таңдалады, 2025 жылға қарай техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптама жүргізіледі. 2025-2028 жылдары АЭС салу туралы үкімет қаулы қабылдауы қажет. 2028 жылға қарай жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді және сараптама тағайындалады. 2034 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, 2035 жылға қарай пайдалануға беріледі. 2029 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, жабдықтар жеткізіледі", – деді Тимур Жантикин.
АЭС құрылысын қаржыландыру 80%-20% қатынасында қарыз қаражатын тарту мен жеке қаражатты пайдалану арқылы жүргізіледі деп жобаланып отыр. Қаржыландыру құрылысы АЭС технологиясын жеткізушілерді таңдау кезеңінде жеткізушімен ықтымақтасатын қаржы институттарының, ұйымдарының ұсыныстарын ескере отырып, тереңірек талқыланбақ.
Оқи отырыңыз: Қазақстанға қандай ядролық реактор қажет? Сұхбат
Жоспарға сәйкес:
- орта есеппен қуаттылығы көп 1000 МВт болатын екі блоктан тұратын АЭС-те 2 000 адам;
- жедел персонал ретінде 1 300 адам 7 ауысымда;
- техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша бас инженер орынбасары қарамағындағы қызметкер ретінде 600 адам;
- пайдалану жөніндегі бас инженер орынбасарының қол астында 500 адам;
- ядролық қауіпсіздік жөніндегі бас инженердің орынбасары қарамағындағы қызметте 50 адам;
- инженерлік қолдау жөніндегі бас инженердің орынбасары қарамағындағы қызметте 150 адам жұмыс істейді.
Электр станциясы басшысының айтуынша, ядролық мамандықтар бойынша білімі бар станция жұмысшылары АЭС өнеркәсіптік-өндірістік персоналының 20 пайызын құрайды. Бұл – жоғары және орта кәсіптік білімі бар мамандар.
"АЭС құрылысының басымдықтарына тоқталатын болсақ, жыл сайын АЭС-тің 1 000 МВт жұмысы парниктік газ шығарындыларын 4 млн тоннаға дейін азайтады. Яғни парник әсері төмендейді. АЭС құрылысы барысында жаңа жұмыс орындары ашылады. АЭС-тегі бір жұмыс орны іргелес салаларда 10 жаңа жұмыс орнын құрады. Электрогенерацияның өзіндік құны тұрақты төмен болады. 60 жылдан астам уақыт бойы тұтынушылар сенімді, тұрақты энергиямен қамтамасыз етіледі. Техникалық мәдениеттің жалпы деңгейі көтеріледі. Отандық атом өнеркәсі өнімдері қолданылады", – деді бас директор.
Десе де Тимур Жантикин атом электр станциясын салудың кері тұстары бар екенін атап өтті. Олар:
- Дәстүрлі станциялармен салыстырғанда АЭС салудың жоғары капиталдық шығыны мен құрылыстың ұзаққа созылуы;
- Жоғары қуатты АЭС-ті резервтеу үшін қосымша электр желілік құрылыс қажет;
- Радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеуге және пайдалнылған ядролық отынды кәдеге жарату шығындары.
Сын-қатерлер:
- Атом энергетикасын дамытуды қоғамның қабылдауының қажетті деңгейіне жете алмау.
- Жобаны сенімді қаржыландыру мен оны іске асырудың кепілдендірілген мерзімдерін қамтамасыз етудің қиындығы.
Осы орайда, ҚР инженер-энергетиктер одағының директоры Марат Дұлқайыров Қазақстанның шұғыл АЭС салуға кірісуі қажет екенін атап өтті.
"Мен энергетик маман ретінде кез келген генерацияның қажеттілігін түсіндіруім қажет шығар. Қазақстанға келетін болсақ, үкімет 20 жыл ішінде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бар жағдайды жасап келді. Қажетті технологиялық жағдай жасап, "тек шешсеңдер болды" деді. Арада 20 жыл уақыт өтті. Бұдан асқан жеңілдік жасау мүмкін емес. Атом электр станциясы қымбат, оған өте көп қаржы салуымыз керек. 15 жылдан кейін ауыстыру қажет болады. Бірақ, бастысы бұл емес. Бүгін жаңартылатын энергия көздеріне байланысты жұмыстардың салмағы дәстүрлі станцияларға түсіп отыр. Мұны көп адам түсіне бермейді. Жаңартылатын энергия көздерін салыңдар. Бірақ, біздің дәстүрлі станциялардан осы шығын келтіретін бөлікті алып тастаңдар. (...). Электр энергиясы сенімді әрі тұрақты болуы тиіс. Ал бізде ондай емес, тіпті, болжау қиын. Ертең немесе жақын күндері ауа райының қандай болатынын айта алмаймыз. Ал мәселе күз-қыс секілді қиын маусымдар туралы болып тұр. Қазақстандағы энергия көздерінің 70 пайызы – көмір станциялары. Өткен ғасырдың адамы ретінде мен оған үйреніп қалдым. Бірақ, одан бас тартатын уақыт келді. Біріншіден, бұл экологияға зиян. Екінші себеп – трансшекаралық салық. Екі жылдан кейін біз Қазақстаннан сыртқа тасымалдайтын өнімдер үшін салық төлейтін боламыз", – деп еске салды Марат Дұлқайыр.
Физика-математика ғылымдарының кандидаты, ядролық физика институты қатты дененің радиациялық физикасы бөлімінің басшысы Сергей Кислицын өңделген отын қалдықтарын кәдеге жаратуға болатынына тоқталды. Айтуынша, қалдықтарды медицина саласында оң мақсатта қолдануға болады.
"Радиация, өңделген отын және қалдықтармен жұмыс істеу бойынша Қазақстанда тәжірибе жетеді. Бұл біз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін бірегей тәжірибе болды. (...). Ақтаудың Маңғышылақ ауданынан өңделген отынды Семей полигонына жеткіздік. Сол себепті қазір Қазақстан үшін супер қиындық жоқ. Оның үстіне әртүрлі келісімшарт бар. АЭС-ті салып жатқан ел қалдықтарды алып кете алады. Олар оны қайта өңдейді немесе көміп тастайды. Біздің институттың тәжірибесі бұл қалдықтарды дәрі-дәрмек, диагностика және ем жасау үшін қолдануға болатынын көрсетіп отыр. Әрине, медицина толық дайын емес. Десе де Германия, Америка секілді дамыған елдер осылай істейді. Біз оны жүрек, қатерлі ісік сынды ауруларды анықтау үшін қолдана аламыз", – деді Сергей Кислицын.