Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2024 жылдың II тоқсанында елдегі үй шаруашылықтары спирттік ішімдіктерге орта есеппен 5,5 мың теңге жұмсаған. Бұл 2023 жылдың II тоқсанымен салыстырғанда 8,1 пайызға көп.
Ел бойынша алкогольге бәрінен көп Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары ақша жұмсаған – 9,5 мың теңге, ал жылдық өсім құндық мәнде 14,8 пайызды құрады. Осының негізінде Шығыс Қазақстан облысы еліміздің ең көп ішетін өңірі болып танылды. Мұнымен қатар ішімдік пен темекі өнімдерінен түбегейлі бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануды жөн көрген ауылдар қатары да көбейіп келеді. Солардың бірі – Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты ауылдар. Полиция қызметкерлері мен тұрғындардың айтуынша, ауылда зиянды заттардың сатылымы тоқтатылғалы қылмыс пен отбасылардағы зорлық-зомбылық тоқтаған. Ал мұндай бастаманы ауыл ақсақалдары мен мешіт имамдары көтерген.
Енді ашылатын дүкендер де алкоголь мен темекіден бас тартты
Сарысу аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Қанат Нарбеков ішімдіктен бас тартудың қандай оң нәтижелер алып келгенін айтты.
"Расымен де, бұл ауылда алкогольдік өнімдер сатуға тыйым салынған. Тіпті, сауда орындарынан темекі өнімдерін табу қиын. Ауыл белсенділері, учаскелік инспектор және ауыл ақсақалдарының араласуымен жалпы алкогольдік өнімдер сатуға тыйым салынған. Бұл маскүнемдік пен әртүрлі қылмыс түрін алдын алуға бағытталған жұмыстар үшін өте көп көмегін тигізіп отыр. Біздің байқағанымыз – ауыл ақсақалдары да, учаскелік инспекторлар да қандай іс бастаса да, бір-бірімен ақылдасып отырып бір шешімін табады. Елдімекен болғандықтан әртүрлі дау-дамайдан бастап, ұрыс-керіс, ағайынның араздығын шешіп, тіпті ажырасамыз деген екі жасты бір-бірімен өзара табыстырып жатады. Ауыл үшін бұл үлкен бастама және өсіп келе жатқан ұрпақ үшін үлкен өнеге. Осы шараның барлығы жастарымыздың алкоголь өнімінен бойын аулақ ұстауы үшін үлкен бір септігін тигізіп жатыр. Жалпы бұдан өзге тұрмыстық зорлық-зомбылық секілді заң бұзушылықтар да жоқ. Осы орайда отбасылық қарым-қатынастарға қатысты құқық бұзушылықтардың басты себебі ішімдік екеніне көзіміз жетті", – деді Сарысу аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Қанат Нарбеков.
Оқи отырыңыз: Психолог: Балаңыз маскүнем болмасын десеңіз, жастайынан спортқа беріңіз
Сарысу аудандық полиция бөлімінің басшысы Болат Айтжанов төрт жыл бұрын ішімдіктен түбегейлі бас тартқан ауылдық округтің жай-күйіне тоқталды. Айтуынша, соңғы төрт жылда ешбір қылмыс тіркелмеген.
"Біздің Сарысу ауданында Жаңаарық ауылдық округі бар. Осы округ төрт жылдан бері алкогольдік өнімдерді тұтынудан бас тартып келеді. Дүкендерде ешқандай ішімдік түрі сатылмайды. Соның салдарынан соңғы төрт жыл ішінде ешқандай қылмыс болмады. Учаскелік инспектор төрт жыл көлемінде сол ауылда жұмыс атқарып келеді. Ауыл халқымен тығыз байланыста, қиындықтарын шешуге көмектеседі. Сондай-ақ керісінше ауыл ақсақалдары, мешіт имамдарымен бірге күнделікті жұмыс атқарып келеді", – деді Сарысу АПБ басшысы Болат Айтжанов.
Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңаарық ауылдық округі әкімі Қуандық Алдабергенов құрылысы жаңа басталып жатқан дүкендердің де түсіндіру жұмыстарынан кейін алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқанын айтты.
"Жаңаарық ауылдық округіне екі ауыл қарайды. Олар – Сыздықбаев ауылы мен Ақтоғай елді мекені. Біздің округте төрт дүкен бар. Олардың екеуі Ақтоғай ауылында, қалған екеуі Сыздықбаев ауылында орналасқан. Ауылдарымыздың азаматтары, мешіт имамдары барлығы өзара бастама көтеріп, кейін ауылдағы дүкен иелерімен ішімдік сатпау туралы келісімге келді", – деді әкім.
Оқи отырыңыз: "Көп балалы ананың пара бергені қынжылтты". Жемқорды ұстап берген мемлекеттік қызметкердің әңгімесі
Қуандық Алдабергеновтың айтуынша, бұл өзгерісті кәсіпкерлер де, ауыл тұрғындары да – барлығы бірауыздан қолдаған.
"Бүгінгі таңда біздің дүкендерде алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайды. Ауылымызда тағы бір үлкен дүкеннің құрылысы басталып жатыр. Дүкен иесімен алдын ала кездесіп, ішімдік сатпауға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ол кісі де біздің бастамамызды бірден қолдады. Алкоголь өнімдерін сатпауға бағытталған жобамыз арқылы елдімекендегі құқықбүзушылықтар мен әртүрлі қылмыстың алдын алып отырмыз. Соңғы жылдары округте бірде-бір қылмыс тіркелмеді. Тұрғындардың барлығы тәртіп сақтайды, саяси ахуалымыз да жақсы. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін мемлекет барлық тараптан қолдау көрсетіп отыр. Сондай-ақ, елдімекенде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ауылдық учаскелік инспектордың ұсынысымен Ақтоғай ауылына да, Сыздықбаев ауылына да бейнебақылау камерасын орнаттық. Облыстық маңызы бар жол бойына да, қос ауылдың кіре берісі мен шыға берісіне де камера орнатылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге осы камералардың пайдасы мол", – деді әкім Қуандық Алдабергенов.
Кәсіпкер Райхан ханым бүгінгі күні ішімдік пен темекі өнімдерін тек жол-жөнекей өтіп бара жатқан азаматтардың сұрайтынын айтады. Ал ауыл тұрғындары дүкендердің зиянды заттар сатпайтынын жақсы біледі.
"Осы ауылда біраз жылдан бері кәсіппен айналысып келемін. Дүкенімде адамның денсаулығына зиян тигізетін заттар сатылмайды. Яғни темекі, арақ атаулысы мүлдем жоқ. Ауыл жұрты өте тыныш. Дүкен үлкен жолдың жиегінде орналасқандықтан, сырттан өтіп бара жатқандар тоқтап ішімдік, темекі сұрап жататын кездер болады. Бізде сатылмайтынын айтып қайтарамын", – деді дүкен иесі Райхан.
Оқи отырыңыз: Дәрігер: Энергетиктер семіздікке шалдықтырып, жүрек тоқтауына алып келеді
Қазақстан бойынша ең көп ішімдік ішетін аймақ қайсы?
Ал Шығыс Қазақстан облысында керісінше ішімдікқұмар азаматтар саны өскен. Психолог мамандар мұны әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың төмендігі және жан жарасының болуымен байланыстырады.
Тек осы көрсеткішке қарап – алкогольді сатып алу – Шығыс Қазақстан тұрғындары арасында алкоголизмнің таралу дәрежесін бағалауға болмайды. Бірақ облыстық наркологиялық диспансердің деректері бойынша 2020 жылы "алкоголизм" диагнозы қойылған наркологтың есебінде 15 мыңнан астам адам болған (облыс халқының саны 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 725,7 мың адамды құрайды). Айта кетейік, бүкіл Қазақстанда алкоголизммен ауыратын 91 мыңға жуық азамат есепте тұр. Жылдан жылға бұл көрсеткіш аса өзгермейді: 2021 жылы – 91 725 адам, 2022 жылы – 90 763 науқас.
2021 жылы Шығыс Қазақстан облысында мас күйінде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны бойынша көшбасшы атанды – 1,1 мың адам. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш бойынша көшбасшылық Астанаға өтті. Мұнда мас күйінде 220 адам қылмыс жасаған. Бұл ретте ШҚО 217 құқық бұзушымен екінші орынды иеленді.
2024 жылдың алты айында 12 мыңға жуық мас жүргізуші жауапқа тартылды, оның ішінде 362 бұзушы – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары.
Тағы бір көрсеткіш ретінде аймақтағы медициналық айықтырғыштардың жұмысы мен толымдылығын қарастыруға болады. Мәселен, Өскеменде бір ғана бейімдеу және детоксикация орталығы бар. Ол 20 адамға арналған. Бірақ күніне 80-90 адам жеткізіледі. Ал 2023 жылы жергілікті полиция қызметкерлері 10 мыңға жуық адамды жеткізді. Осыған байланысты қалада 100 адамға арналған тағы бір медициналық айықтырғыш құру ұсынылады.
Оқи отырыңыз: Психолог: Есірткімен күресте ең тиімдісі – оның алдын алу
Қазақстандықтардың 7,6 пайызы ішімдікті мөлшерден тыс тұтынады
Осылайша, қауіпті дозаларда Қазақстандықтардың 7,6 пайызы алкоголь ішеді. Өңірлік бөліністе көшбасшылар Ақтөбе (20,9%) және Қостанай (19,6%) облыстары болып отыр. Алматы орташа республикалық көрсеткіштен едәуір асып түседі (15,5%). Қауіпті дозаларда алкогольді тұтынудың салыстырмалы түрде төмен таралуы Батыс Қазақстан (2,3%), Қызылорда (2,9%) және Шығыс Қазақстан (3,0%) облыстарында тіркелді. Маңғыстау облысы мен Шымкентте ең төмен көрсеткіштер байқалды – тиісінше 0,8 және 1,0%.
Бұл ретте салауатты өмір салтын ұстанатын ШҚО тұрғындарының үлесі 23,4 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш орташа республикалық мәннен 23,2 пайызға сәл асады.
Шығыс Қазақстанның практикалық психологы Мария Лилисон атап өткендей, "аймақты алкогольді тұтынатын халық саны бойынша көшбасшы деп атау үшін тек алкогольді сатып алу көрсеткішіне ғана емес, тереңірек зерттеу жүргізу қажет". Дегенмен, аймақтың тұрғындар арасында алкогольдің белгілі бір дәрежеде танымал болуы мүмкін ерекшеліктері бар. Сарапшының айтуынша, адамдар алкогольді ми мен жүйке жүйесі ауырсынуды басатын дәрі ретінде қабылдайды.
Психолог Жанар Оспан да алкогольді көптеген адамның жан-жарасын жеңілдету үшін қолданатынын айтады.
"Бұл мәлімдеменің бір бөлігі шындық, өйткені алкоголь ауырсынуды азайтады. Қандағы белгілі бір концентрацияда алкоголь эфирге немесе хлороформға ұқсас анестетикалық әсерге ие. Бұған жүйке жүйесінің тежелуі арқылы қол жеткізіледі – этанол импульстарды бір жүйке жасушасынан екіншісіне беру процесіне араласады. Нәтижесінде зардап шеккен органның ауырсыну сезімі туралы сигнал миға толық немесе ішінара жетпей қалады. Алкогольдің мұндай әсерін байқамай қалу мүмкін емес. Ежелгі замандарда, химиялық анальгетиктер ойлап табылғанға дейін, анестезия ретінде әртүрлі әдістер қолданылған. Алкогольден басқа есірткі заттары – кокаин, апиын қолданылды. ХХ ғасырда соғыс болып жатқан кезде барлық жаралы сарбаздарға дәрі-дәрмек жетпей қалған кезде оларға алкоголь беретін болған. Қазір алкогольді ішімдіктерді төтенше жағдайларда ауырсынуды жеңілдету үшін қолдануға рұқсат етіледі – қалыпты медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған жағдайда, мысалы, экспедицияларда ауыр жарақат алған кезде. Алайда оны үй жағдайында "емдеуге арналған" анестетик ретінде қолдануға болмайды. Дәрігерлердің айтуынша, оның ешқандай емдік пайдасы жоқ және кей жағдайда керісінше ауруды одан бетер өршітіп жіберуі мүмкін. Мысалы, асқазан жарасы мен әртүрлі асқазан ауруына шалдыққан азаматтарға мүлдем ішімдік ішуге болмайды. Қан кету, жараның жарылуы, өлім секілді қауіпті салдарға әкелуі мүмкін", – деді Жанар Оспан.
Психологтың айтуынша, соңғы зерттеулер маскүнем азаматтардың балаларының ішімдікқұмар болу қаупі басқаларға қарағанда 4-6 есе жоғары болады. Осы орайда ол ата-аналарды салауатты өмір салтын ұстану арқылы балаларын сақтандыруға шақырды.
Ішімдіктен бас тартуға не көмектеседі?
Кез келген адам өмірінің қиын сәтінде ішімдікқұмар болып кетуі мүмкін. Алайда, зерттеулер көрсеткендей, маскүнем балалар үшін алкогольге тәуелділіктің пайда болу қаупі алкогольсіз балаларға қарағанда 4-6 есе жоғары.
Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы екі ауылда кәсіпкерлер алкоголь сатудан бас тартып, қылмыс мүлдем азайған
"Маскүнемдердің үштен екі бөлігі ер адамдар. Зерттеулер ішімдікқұмарлықтың депрессияға шалдығудың бір көрінісі екенін көрсетіп отыр. Көптеген маскүнемдер бала күні пайда болған эмоциялық проблемасын шеше алмағандықтан, ересек шақта ішімдікқұмар болады. Әдетте бұл әкесін немесе шешесін жоғалтумен тікелей байланысты.
Ары қарай маман ішімдіктен бас тартуға көмектесетін бірнеше кеңес ұсынды:
- уақыт өте келе ішетін мөлшерді азайтуды мақсат етіңіз;
- адамдармен немесе сізді көбірек ішуге шақыратын ортада уақыт өткізуден аулақ болыңыз;
- алкогольсіз немесе алкогольсіз сыра немесе шарап сияқты күшті емес сусындарды ішіңіз;
- алкогольді тұтынумен байланысты емес әрекеттерді ойлап табыңыз;
- бұл процеске серіктесіңізді немесе досыңызды қатыстырыңыз;
- сіз осы ресурстың соңында көрсетілгендей алкогольді тұтынуды бақылау арқылы мақсат туралы бірлесіп келіссөздер жүргізе аласыз және үлгеріміңізді бақылай аласыз;
- дәрігермен кеңесіңіз. Көптеген адам үшін бұл қарапайым қадам алкогольді тұтынуды азайтуға көмектеседі.
"Тұтынуды бақылау мақсаттарын қою кезінде оларды нақты, оңай өлшенетін, қол жеткізуге болатын, шынайы етуге тырысыңыз және оларды орындау мерзімдерін белгілеңіз. Осылайша сіздің алға қойған мақсаттарыңызға жету ықтималдығыңыз жоғары болады", – деп қосты психолог.
Анықтама
- 2022 жылғы "салауатты өмір салтын ұстанатын Қазақстан азаматтары үшін" Ұлттық есебінің деректері бойынша жалпы халық арасында қауіпті дозаларда алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың таралуы 7,6 пайызды құрайды.
- Алкогольді ішімдіктерді қауіпті дозада тұтыну ерлер үшін аптасына 168 грамнан, әйелдер үшін 84 грамнан астам таза этанол болып саналады.
- Ресми деректер бойынша, Қазақстанда 778 төсек-орынға арналған 35 бейімдеу және детоксикация орталығы ашылды. 2023 жылы оларға 140 мыңнан астам адам жеткізілді.
- Әрбір қазақстандық жылына орта есеппен 5 литр алкоголь ішеді.
- ДДҰ мәліметтері бойынша, Қазақстан алкогольдік ішімдіктерді тұтыну деңгейі бойынша әлемде 10-шы орында тұр.