Тікелей эфир

Психолог: Есірткімен күресте ең тиімдісі – оның алдын алу

Маман есірткінің адам психикасы мен ағзасын ешқашан қалпына келмейтіндей етіп зақымдайтынын айтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында есірткі айналымын тоқтату мен нашақорлыққа қарсы күрес жүргізуді алда тұрған маңызды міндет деп атады. Ол "Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз" деп кеселге тұтас ел болып қарсы тұруға шақырды. 

"Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек", – деді президент. 

Есірткі өндірісі жыл сайын 3 млн көліктің түтініне тең зиянды газ бөледі

Марихуана – жер бетіндегі ең көп таралған есірткі түрлерінің бірі. Осы секілді есірткілердің адамзатқа зияны туралы тақырыпты ғылым тұрғысынан зерттеген психолог Лаура Сүйіндік айтып берді. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметінше, есірткінің бұл түрін 192 миллион адам тұтынады. Оны өсіру үшін инфрақұрылым мен электр қуаты қажет. Мысалы, Суонси университеті ғалымдарының зерттеуінше, АҚШ-тағы каннабис өндірісі елдегі жалпы энергия тұтынудың 1 пайызын құрайды. Бір жылда марихуана өндірісі кезінде 16,5 миллион тонна көмірқышқыл газы бөлінеді – бұл 3 миллион автомобильдің жылдық шығарындыларымен тең. 


Оқи отырыңыз: Алматы полициясы есірткі сататын 450 сайтты бұғаттады


"Мемлекет басшысы әр жолдауында, ұлттық құрылтайда есірткімен күрес жүргізуге қатысты тапсырма береді, осы мәселені көтереді. Президент барлық жағынан бұл кеселдің біздің болашақ ұрпақтың амандығы үшін қаншалықты өзекті екенін көрсетуге тырысып жүр. Қоғамның бір мүшесі ретінде осы бағыттағы барлық тапсырманы қолдауыма бірнеше себеп бар. Бірінші кезекте есірткі барлық ұлттың жүрегі, өзегі, болашағы – жастардың өміріне балта шауып жатыр. Екіншіден, есірткі өндірісі оны тұтынатын адамдарға ғана емес, бүкіл адамзатқа теріс әсерін тигізіп жатыр. Ол туралы экобелсенділер шырылдап айтып жүр. Есірткінің қай түрін болса да өсіру үшін дақылдарға қарағанда әлдеқайда көп су керек. Сол себепті оны өсіретін жерде міндетті түрде судан таршылық болады. Қазір су бүкіл әлем үшін өзекті проблема болып отыр. Қазақстанда есірткі өндірісі, әсіресе оның экологияға қалай әсер ететіні туралы жазылған ғылыми еңбектер, зерттеулер жоқ. Осы орайда Калифорнияны алсақ, онда марихуана үлкен көлемде өсіріледі, нәтижесінде су жетіспеушілігі туындайды. Калифорния балық және жабайы табиғат департаментінің ғалымдары есірткіні заңсыз ашық ауада өсіру кейбір ағындардағы су деңгейін төрттен біріне дейін төмендеткен деп есептейді. Марихуана көптеген елдерде толығымен немесе ішінара заңдастырылған. Оны бірінші болып Уругвай заңдастырды. 2013 жылғы 10 желтоқсандағы заң марихуана сатуға мемлекеттік монополия енгізді. Мұндай шаралар есірткімен байланысты қылмысты төмендетуі мүмкін. Бірақ орнына есірткі тұтынатын адамдар саны көбейеді және өндіріс ауқымы мен оған жұмсалатын шығын артады", – деп түсіндірді психолог. 

Елдегі нашақорлардың саны қанша және бұл кеселмен күрес қалай жүріп жатыр?

Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Әмірхановтың мәліметінше, бізде он сегіз мыңнан астам адам нашақор ретінде есепте тұр. Нашақорлардың барлығы бірдей емделуге келе бермейтіндіктен, олардың саны әлдеқайда көп – 200 мың төңірегінде болуы мүмкін. Алдағы уақытта ведомство нашақорларды есепке мәжбүрлеп қою ережесін енгізуі мүмкін. 


Оқи отырыңыз: ІІМ: Тіпті 1 грамм есірткі сақтағандар да өмір бойына бостандығынан айырылуы мүмкін


"Денсаулық сақтау ведомстволары жүргізетін есеп бойынша, бір жарым мың әйел мен 66 кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім есепте тұр. Бұл көрсеткіш он есе асып түсуі мүмкін, біздің алдын ала есеп бойынша шамамен 200 мыңға жетіп қалады. Осы орайда нашақорды бірден есепке тұрғызу үшін арнайы әкімшілік жаза түрін енгізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені қазір бұл науқастың келісімімен ғана жасалатын қадам", – деді Бақытжан Әмірханов.

Ішкі істер министрлігі есірткімен кешенді күрес жүргізу үшін 2023-2025 жылдарға бағытталған кешенді жоспар әзірледі. Ондағы басты мақсаттар:

  • есірткінің адам денсаулығы мен психикасына үлкен кері әсерін тигізетін синтетикалық түрлерінің елде таралуына жол бермеу;
  • жасанды ақыл және өзге де ұтымды құралдарды қолдана отырып нашақорлықты ерте анықтау жүйесін енгізу;
  • есірткі тұтынатын адамдар тізілімін бір ізге салу;
  • уәкілетті органдардың құзыреті мен мәртебесін арттыру;
  • материалдық-техникалық базаны күшейту.

"Есірткі миды қайта қалпына келмейтіндей етіп зақымдайды"


Оқи отырыңыз: ІІМ: Жыл басынан бері 31 есірткі зертханасы жойылды


Психоаналитик Жанар Оспанова есірткіні бір рет тұтынған адамның өзі психикалық және физикалық денсаулығын ешқашан қайта қалпына келтіре алмайтынын айтады. Осы орайда психоаналитик нейротоксикалық синтетикалық препарат MDMA-ны мысалға алды. 

"Экстазиді бір рет тұтыну мидың серотонин жүйесін зақымдайтыны сонша, ол ешқашан бұрынғы қалпына келмейді. Есірткі жүйке жасушаларының ақпаратты жіберу, алу және өңдеу тәртібіне кедергі жасау арқылы сигнал беру жүйесін бұзады. Химиялық құрамы саналуан болғандықтан, есірткілердің барлығы тікелей миға шабуыл жасайды. Тіпті есірткіні қойған күннің өзінде, теріс әсері жалғаса береді. Соңында мұның барлығы мидың өз жұмысын тоқтатуымен аяқталады. Марихуана және героин секілді препараттардың құрамы нақты нейротрансмиттерлерге ұқсайтындықтан, кей препараттар нейрондарды белсендіріп, миға қажетсіз, кездейсоқ сигналдар жібереді. Сондай-ақ кокаин, метамфетамин және амфетамин секілді есірткі түрлері мидың рециркуляциясының бұзылуына алып келеді. Себебі олардың әсерінен табиғи нейротрасмиттерлер өте көп мөлшерде бөлінеді. Осылайша нейрондар бір-бірімен өзара тығыз байланыс орнатып, мидың байланыс ошақтарына теріс әсерін тигізеді. Жай сөзбен айтар болсақ – есірткі тұтынатын адамның басына бір адам кіріп алып, қатты айқайлап жатқандай болады", – деп түсіндірді Жанар Оспанова. 


Оқи отырыңыз: Президент есірткі қылмыстарына ең ауыр жаза тағайындауды ұсынды


Ары қарай психоаналитик көп ұзамай адам ағзасының есірткіге бейімделетінін айтады. 

"Есірткіні тұтынып бастау оңай, бірақ одан қашып құтылатын жол мүлдем жоқ деуге болады. Құдды осы жолды іздеп жүргенде биік тауға шыққандай әсерде боласыз. Интернетте нашақорлықтан емделуге қатысты ақпарат көп. Ал ең жақсысы – бұл кеселдің алдын алу деп ойлаймын. Ол үшін балаларымыздың бақытты, махаббатқа толы ортада өсуі маңызды. Осылай ғана ол жаны ауырған кезде есірткіге тұра жүгірмейді", – деп қорытты Жанар Оспанова. 

Серіктестер жаңалықтары