Тікелей эфир

"Көп балалы ананың пара бергені қынжылтты". Жемқорды ұстап берген мемлекеттік қызметкердің әңгімесі

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Мемлекеттік қызметкер кәсіпкер өзіне пара бермек болған кезде қалай әрекет еткенін айтып берді.

Сыбайлас жемқорлық фактісін әшкерелеп, сыйақы алған мемлекеттік қызметкер басынан өткен оқиғаның мән-жайын әңгімеледі. Айдана Қанағатқызының (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді – редакция түсіндірмесі) айтуынша, болған оқиға моральдық тұрғыдан өзіне қатты ауыр тиген. Бұған бірнеше себеп бар – сыбайлас жемқорлықпен бірінші рет бетпе-бет келуі, пара берген адамның көп балалы ана болуы және істің бүлдіршіндерге арналған мекемемен байланысты болуы. Сондай-ақ, ол осы оқиғаға дейін жемқорлық фактісін әшкерелеуге көмектескен қазақстандықтарға ақшалай сыйақы берілетінін білмегенін айтады. 

Бейнесі мен есімі толықтай жасырылған кейіпкердің видеосын Informburo порталына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұсынды. 

Кәсіпкер не үшін пара бермек болды

Кейіпкер, алдымен, кәсіпкердің өзіне не себепті пара бермек болғаны және бұл ойын қалай жүзеге асырғаны туралы айтып берді. Барлығы объектіде заң бұзушылықтар анықталып, кәсіпкерге тиісті нұсқаманы берген соң басталған. 

"Мен біраз уақыттан бері мемлекеттік қызметкер болып жұмыс істеймін. 2023 жылы сыбайлас жемқорлық фактісін әшкерелеумен байланысты болған бір оқиғаны баяндап бергім келеді. Сол уақытта мемлекеттік орган ретінде тиісті объектілердің біріне тексеру жүргізген болатынбыз. Осы тексеріс барысында мекемеде бірқатар заңбұзушылық болғаны анықталды. Кейін объекті иесі – кәсіпкерге осы бұзушылықтар туралы айтып, оған қандай шаралар қолданылатыны туралы түсіндірдік. Тиісті нұсқаманы қолына табыстадық", – деп бастады әңгімесін Айдана Қанағатқызы. 


Оқи отырыңыз: Жемқорлық фактілерін хабарлап, сыйақы алғандар заңмен қорғалады – Антикор


Кейіпкер заңбұзушылықтар туралы әңгіме қозғалып, объектіден шыққаннан кейін өзіне бейтаныс адамның пара бермек болғанын айтады. Дәлірек кәсіпкер қаражатты Айдана Қанағатқызының картасына аударған. Осы уақытқа дейін арада жемқорлық болған жағдайда не істеу керегін білсе де, іс жүзінде мұндай оқиғамен бірінші рет бетпе-бет келіп отырғанын жасырмайды. 

"Тексерісті аяқтап ғимараттан шыққаннан кейін жеке телефоныма "Бұл мәселе туралы оңаша шығып сөйлесейік. Бәлкім бұл түйткілдің басқаша шешімін таба аламыз" деген хабарлама келді. Телефоныма келген бұл хабарламаны мүлдем елемеуді жөн көрдім, оған ешқандай назар аудармадым. Осы жағдайдан кейін араға бір-екі сағат салып Kaspi банктегі шотыма танымайтын адамның атынан ақша келіп түсті. Осы жағдайға дейін қызметте басшылық сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келген кезде не істеу керегін үйрететін көптеген семинарлар мен профилактикалық әңгімелер өткізген болатын. Мұндай жағдай менің басымда бірінші рет болып отыр. Яғни сол оқиғаға дейін алған біліміме сәйкес бұл жағдай туралы өзімнің басшылығыма хабарлап, тиісті қызметтік хаттар жазып, ары қарай сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне жүгінуім қажет болатын. Осылайша, басымнан өткен оқиға арқасында сыбайлас жемқорлықпен күресушілер қатарынан табылдым", – деді Айдана Қанағатқызы. 

"Жемқордың көпбалалы ана болғаны жаныма қатты батты"

Мемлекеттік қызметкер пара бермек болған адамның көпбалалы ана болғаны және тексеріліп жатқан ғимараттың балаларға арналғанына қатты қынжылғанын айтады. Бастапқы минуттарда жанашырлық сезімі жанын жегідей жегенін жасырмайды. Десе де, азаматтық парыз бен халыққа қызмет етуді бірінші орынға қоюды жөн көрген. 

"Неге бұлай жасадым? Неге мұндай қадамға бардым? Бұл оқиғаға бір жылдың жүзі болды. Адам баласы болған соң әртүрлі ой мазалайды екен. "Сыбайлас жемқорлыққа барып отырған адам әйел ғой, ол көп балалы ана ғой. Бәлкім сол кезде оны ұстап бермей, ақшаны өзіне бірден қайта салып жіберуім керек пе еді?!" деген секілді ой мазалады. Осы ойлар жаныма батты. Адами фактордың әсер ететіні сөзсіз. Мұны еш жасыра алмаймын. Екінші жағынан кім болса да – мейлі мемлекеттік қызметкер болсын, мейлі кәсіпкер болсын жеңіл ақшаның арты үлкен қылмысқа айналуы мүмкін екенін түсінгенін қаладым. Бұл бірінші кезекте жауапкершілік мәселесі", – деп қосты Айдана Қанағатқызы.


Оқи отырыңыз: Биыл жемқорлық туралы хабарлаған 76 қазақстандық 29 млн теңге сыйақы алды


Айдана Қанағатқызы оң шешім қабылдауға отбасына деген махаббаты көмектескенін айтады. Осы орайда ол теріс жолмен келген ақшаның ешбір жеміс бермейтінін еске салды. 

"Дәл сол сәтте мен өзімнің отбасым – бала-шағам туралы ойладым. Өйткені қызметте жүріп теріс жағдайға тап болатын болсаң, кесірі алдымен отбасыңа келіп тиеді. Бұл жерде мен тек ұят туралы айтып тұрған жоқпын. Екіншіден, мемлекеттік қызметші болып жұмысқа кіріскен кезде бұл қызметтің қандай жауапкершілік жүктейтінін түсіну қажет. Айталық дәл осылай алдап-арбау арқылы жеңіл ақшаға кенелдіңіз делік, мансабыңызды теріс жолмен жүру арқылы құрадыңыз делік. Алайда мұның барлығы әу бастан дұрыс болмағандықтан, барлығы бір сәтте сөнуі мүмкін", – деп кеңес айтты кейіпкер.

Ары қарай Айдана Қанағатқызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлеріне алғыс айтты. Ол агенттік қызметкерлерін "өте суық, сұсты" адамдар деп елестеткенін жасырмады. 

"Осы сәтті пайдаланып бірінші кезекте сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің қызметкерлерін көз алдымызға елестетсек, зұлым ағалар еске түседі. Алайда осы оқиғадан кейін олардың мүлдем басқа екеніне көзім жетті. Оқиға кезінде жанымнан табылған тергеушілер мен жедел уәкілдер бұл ойымды түбегейлі өзгертті. Олар алдымен процестің мән-жайын түсіндіріп, мен қысым сезінбеуім үшін психологиялық атмосфераны барынша қолайлы етуге тырысты. Мұндай жағдайға өмірімде бірінші рет тап болып отырғандықтан, бастапқыда ешнәрсе түсінбедім. "Ертең жұрт мен туралы не ойлайды? Мен туралы не айтады?" деген сияқты қорқыныш та, уайым да болды. Осыны байқаған агенттік қызметкерлері жүрегімді тынышталдырып, барлығының жақсы өтетінін айтып, көп уайымдамауымды сұрады. Қобалжығаным басылған соң оқиғаның бастан-аяқ мән-жайын айтып, түсініктеме жазып, тиісті фотосуреттер мен бейнематериалдарды табыстадым. Қалғанын өздері реттеп, мен ешнәрсеге араласпадым", – деді Айдана Қанағатқызы. 


Оқи отырыңыз: 2023 жылы жемқорлық дерегін хабарлаған адам 13,8 млн теңге сыйақы алады


Сыбайлас жемқорлықпен байланысты оқиғаны өз басынан өткізіп, тиісті агенттікпен бірлесе жұмыс жүргізген Айдана Қанағатқызы мұндай жағдайға тап болғанда ойланбастан "әшкерелеу" жолын таңдауға кеңес берді. 

"Егер сіз мен секілді дәл осындай оқиғаға тап болсаңыз, сыбайлас жемқорлықпен күресудің біздің адами міндетіміз, азаматтық парызымыз екенін ұмытпаңыз. Әсіресе, мемлекеттік қызметкер болсаңыз, бұл ойланбай жүзеге асыратын міндетіңіз. Аты айтып тұрғандай біздің бар мақсатымыз – халыққа қызмет ету ғана. Сіздерден мұндай жағдайлардың алдын алуды – яғни жемқорлықты мүлдем өміріңізге араластырмауды сұраймын. Барлық азаматты заң аясында әрекет етуге шақырамын", – деп кеңес берді Айдана Қанағатқызы. 

Сондай-ақ, кейіпкер жемқорлық фактісін әшкерелегендерге ынталандыру сыйақысы берілетіні туралы ешнәрсе білмегенін айтады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінен ғана естіген. Десе де, ол ақшалай сыйақыны бірінші орынға қоймастан, жемқорлықпен ел болып күресуге шақырды. 

"Шынымды айтсам, жемқорларды әшкерелегендерге ақшалай сыйақы берілетінін мүлдем естіген емеспін. Адам баласына алғыс хат алудың өзі үлкен жағымды сезім сыйлайды деп ойлаймын. Көп адам мемлекеттік қызметкерлер шенеуніктер, олардың жалақысы шаш етектен артылады деп ойлайды. Алайда мүлдем олай емес. Дегенмен, менің ойымша, мемлекеттік қызметкер жемқорлықты ақшалай сыйақы алу үшін емес, өзінің азаматтық парызын сезінгендіктен әшкерелейді. Мысалы, менің басымнан өткен оқиға баршамыздың бала-шағамыз білім алатын мектептер мен мектепке дейінгі білім беру нысандарымен, балабақшалармен тікелей байланысты болды. Бүлдіршіндер жаңа өмірге қадам басатын – білім мен тәрбие алатын жерде талаптар қатаң түрде сақталуы керек. Әсіресе, өзіңіздің балаңыз болған кезде олардың болашағымен байланысты дүние екі есе алаңдатады. Ал ешкім жауапкершілік алмаған жерде барлығы да болуы мүмкін. Сол сәтте ашуланудан бұрын, іштей аналық инстинкт іске қосылды деп ойлаймын. Тек біз емес, кәсіпкерлер де өз ісіне, өз жауапкершілігіне адалдықпен қарауы тиіс. Егер кез келген – әсіресе, балапандарымыздың өміріне тікелей әсер ететін бизнесті қолға алып отырсаңыз, барлық ереже мен талапты сақтауыңызды сұраймын", – деп өтінді кейіпкер. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Сыбайлас жемқорлықпен күрес – менің стратегиялық мақсатым


Қазақстанда жемқорлықты жою үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали жуырда еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы есебінде жоғары лауазымдағы Қазақстан азаматтарының араласуымен жасалып отырған қылмыстарды тоқтату жұмыстарының қарқынды түрде жалғасып жатқанын мәлімдеді. Дәлірек келесі нақты қадамдар жасалып жатқанын айтты:

  • ведомство 2022 жылдан бастап мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 триллион 90 миллиард теңге сомасында мүліктік активтер мен қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз еткенін айтты. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 153,3 миллиард теңге аударылған. Осы қаржыға қазірдің өзінде 50-ден астам мектеп ашылған. Сондай-ақ тағы 30 білім ошағын салу жоспарланған;
  • бұған дейін берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады:
  • Агенттік Ұлттық банкпен және Қаржы министрлігімен бірлесіп, "Цифрлық теңге" платформасы арқылы жүзеге асыратын "ақшаны бояу" жобасын іске қосқан;
  • Президент Жолдауында жүктеген міндеттерге сай жол құрылысы мен ауыл шаруашылығы салаларында сыбайлас жемқорлықты жою жұмыстары жүргізіліп жатыр;
  • "Жайлы мектеп" ұлттық жобасына мониторинг жасалып жатқанын жеткізді. Тексеру барысында қаражатты тиімсіз пайдалануға және нысандарды тапсыру уақытын кешіктіруге себеп болатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талданады;
  • педагогтердің еңбекақы қорынан миллиардтаған қаржы жымқыруға жол берген сыбайлас жемқорлық факторларын жою шаралары туралы айтты:
  • биыл Агенттіктің бастамасымен бюджет процестерін автоматтандыруға, Қазынашылықты білім беру мекемелерінің есеп жүйелерімен интеграциялауға, төлем құжаттарына қол қою кезінде биометрияны пайдалануға бағытталған цифрлық шешімдер енгізілген;
  • халықаралық қатынастар, кадр саясаты, нормативтік-құқықтық актілер әзірлеу процесі секілді ведомствоның басқа да басты бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Жемқорлар қайдан шығады, олардың теріс жолға түсуіне не әсер етеді?

Психоаналитик Жанар Оспан жемқорлық деген не және мұндай қадамға баруға не итермелейтіні туралы айтып берді. 

"Сыбайлас жемқорлық дегеніміз – сенім мен билікті жеке пайда үшін теріс пайдалану. Сыбайлас жемқорлық залалдың көлеміне және қай салада пайда болуына байланысты ірі, ұсақ және саяси деп жіктелуі мүмкін. Ірі саяси сыбайлас жемқорлық жоғары мемлекеттік деңгейде жасалған, саясатты немесе мемлекеттің орталық қызметін бұрмалайтын, көшбасшыларға қоғамдық игіліктер арқылы пайда табуға мүмкіндік беретін әрекеттерден тұрады. Мемлекеттік сыбайлас жемқорлық – бұл өз билігін, мәртебесін және байлығын сақтау үшін өз позициясын теріс пайдаланатын саяси шешім қабылдаушылардың ресурстарды бөлу және қаржыландыру кезіндегі саясатты, институттарды және рәсімдер ережелерін манипуляциялау. Ұсақ сыбайлас жемқорлық дегеніміз – ауруханалар, мектептер, балабақшалар, полиция бөлімдері және басқа да мекемелер сияқты жерлерде негізгі тауарларға немесе қызметтерге қол жеткізуге тырысатын қарапайым азаматтармен қарым-қатынаста төмен және орта деңгейдегі мемлекеттік шенеуніктердің сенімді өкілеттіктерін күнделікті теріс пайдалану. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспары – егер барлық шенеуніктер кәсіби психологиялық іріктеу рәсімдерін өткізгеннен кейін ғана өз лауазымдарына тағайындалса, сыбайлас жемқорлардың санын едәуір қысқартуға болар еді. Сыбайлас жемқорлыққа бейімділікке үміткерлерді бағалауға отандық психологтар мен психоаналитиктер көмектесе алады", – деп түсіндірді Жанар Оспан.


Оқи отырыңыз: Қытай сыбайлас жемқорлықпен қалай күресті?


Сыбайлас жемқорлар адал адамдардан қандай психологиялық сипаттамалармен ерекшеленеді?

Психоаналитик Жанар Оспанның айтуынша, шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа қатысуы дерлік норма немесе тіпті "мәртебе" болып саналатын ортада да барлық шенеуніктер сыбайлас жемқорға айналмайды.

"Жалақының төмен деңгейі жұмыстың орындалуын бақылаудың жеткіліксіздігімен "сыбайлас жемқорлықтың азғыруына" айналады деген кең таралған пікірге қарамастан, бұл шындыққа сәйкес келмейді. Жалақының жоғары деңгейі сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы ем емес: сыбайлас жемқорлар қылмыстарды олардың мақсаты байлық болғандықтан ғана жасамайды. Бұл маңызды фактор, бірақ негізгі емес.  Сыбайлас жемқорлардың мінез-құлқына ықпал ететін бірқатар психологиялық ерекшеліктер бар", – деп қосты психоаналитик.

Ғылыми зерттеулерге сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа бейім адамның негізгі психологиялық белгілеріне мыналар жатады:

  • Эмпатияның бұзылуы – сыбайлас жемқорлар өздерін басқа адамның орнына қоя алмайды немесе олардың әрекеттері басқа адамдардың әл-ауқатына қалай әсер ететінін түсіне алмайды.
  • Өзімшілдік – жемқорлар өздерінің жеке қажеттіліктерін басқа адамдардың қажеттіліктерінен артық көреді.
  • Сыбайлас жемқорлар өзінің шынайы мақсаттарын бәрінен жасыруға бейім. Олардың теріс ойы туралы жақындары да білмеуі мүмкін. Бұл қасиет "макиавеллизм" деп аталады – есептелген манипуляциялар, екіжүзділік, адамгершілікке немқұрайлы қараумен тоғысқан айла. Макиавеллистер жеке мақсаттарға жету үшін манипуляциялық, қанаушылық және айлакерлік әдістерді қолданады және пайда табу мүмкіндігі пайда болған жағдайда этикалық емес таңдау жасайды. Макиавеллистер параны жаза жеңіл болған кезде ғана алады, яғни тек ұсталу қаупі жоқ немесе жоқ болған кезде ғана.
  • Сыйақы алу құқығы – сыбайлас жемқорлар өздерін басқа адамдарға қарағанда сыйақы алуға және өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға лайық деп санайды; олар өзін ерекше көзқарасқа лайық деп ойлайды және заң талаптарын, этикалық-моральдық нормалар мен ережелерді орындау олар үшін міндетті емес. Сыбайлас жемқорлар өздерін бұл өмірде қайталанбайтын, ерекше адамдар ретінде қабылдайды, бар жақсының тек өздерінде болғанын қалайды.
  • Кінәні басқаларға жүктеуге бейімділік – сыбайлас жемқорлар өз әрекеттері үшін жауапкершіліктен аулақ болады, оны әрқашан басқа біреуге – әдетте сауатсыз адамдар мен "шетелде жүрген зұлымдарға" жүктейді.
  • Мінез-құлықтың импульсивтілігі,яғни психопатиялық ауытқулар – қажетті сыйақы алуды кейінге қалдыра алмау, тәуекел мен толқуға бейімділік, өз қателіктерінен және басқалардың қателіктерінен сабақ ала алмау. Импульсивтілігі жоғары адамдар сыбайлас жемқорлыққа бейім. Психопатияның тұрақсыз қоғамға қарсы және асығыс табиғаты сыбайлас жемқорлық мінез-құлқына оңай әкеледі. Өзін-өзі бақылауы төмен және импульсивтілігі жоғары психопатиялық адамдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра алмайды. Психопатияның жемқор ниетке әсері ішінара сәттілікке деген қисынсыз сеніммен түсіндіріледі. Психопатия деңгейі жоғары адамдар импульстарды тиімді реттей алмайды және пайда табу немесе жазадан аулақ болу үшін сәттілікке қисынсыз сенімдерді оңай жасайды. Олар сондай-ақ жазаны сыбайлас жемқорлықтың жанама өнімі ретінде қарастырады.
  • Үстемдік – бұл басқа адамдарға билік ету қажеттілігі.
  • Нарциссизм импульсивтілікпен және сәттілікке деген сеніммен үйлеседі – яғни пара алушы өмірде жолы болып, өзі ешқашан ұсталмайды деп ойлайды. Нарциссизм оптимистік эгоизм ретінде қарастырылады, ол эгоцентризммен, артықшылық сезімімен, эксклюзивтілік құқығымен, бос әурешілікпен және өзінің ұлылығын сезінумен үйлеседі. Нарциссистер көбінесе басқа адамдардың мүдделері арқылы бірден пайда табуға тырысады. Нарциссистер күшке ие болған кезде қатыгез және зұлмат болады.
  • Сәттілікке сену – шындыққа жанаспайтын оптимизмді арттыратын сәттіліктің қисынсыз көрінісі. Сәттілікке сену заңға қайшы мінез-құлықты қалыптастырады, өйткені ол құқық бұзушылық үшін лайықты жазадан аулақ болуға үміт береді. Сәттілікке деген сенім көбінесе девиантты мінез-құлыққа байланысты оқиғалардың салдарын қабылдауда соқырлық ретінде көрінеді. Сәттілікке сену екі механизм арқылы жағымсыз немесе девиантты мінез-құлыққа әсер етеді: оның нақты ықтималдығы өте аз болған кезде оң нәтиженің ықтималдығын қисынсыз асыра бағалайды және оның нақты ықтималдығы өте жоғары болған кезде теріс нәтиженің ықтималдығын қисынсыз төмендетеді. Психопатиялық ауытқулары жоғары адамдарда тәуекелді қабылдау туралы біржақты пікірлер бар немесе тіпті сәттілікке үміттеніп, айқын тәуекелдерді елемейді. Сәттілікке сену бақылау мен оптимистік көзқарастың елесін тудырады.
  • Мистикалық бағдар – қамқоршы періштеге, сәттілікке және сыбайлас жемқорды жазадан "сақтайтын" басқа мистикалық құрылымдарға деген сенім.
  • Қысқа мерзімді стратегиялар – сыбайлас жемқор ұзақ мерзімді стратегияларды құруға және өзінің заңсыз мінез-құлқының ықтимал теріс салдарын болжауға қабілетсіз, тіпті үлкен пайданы кейінге қалдырмай, дәл қазір сыйақы алуды жөн көреді.
  • Нейрофизиологиялық бұзылулар вентромедиальды префронтальды қыртыс пен амигдала аймағында болады. Бұл азғындық мінез-құлыққа бейімділікті тудырады.

Сондай-ақ, Жанар Оспан жемқорлыққа аса бейім және айналасындағыларға үлкен зиян келтіретін адамның жалпы мінез-құлқы туралы айтып берді. 

"Айналасындағының барлығын өзіне дұшпан көреді. Зорлық-зомбылық жасауға, тәуекелге баруға бейім келеді. Өзінен басқа адамның қажеттіліктері мен сезімдерін тану қабілеті өте төмен. Эмпатия секілді сезімдер мүлдем жоқ. Іштей өзін кем сезінсе де, сырт көзге адал көшбасшы болып көрінуге тырысады", – деді психолог. 

Жанар Оспан жемқорларды қызметке алмас бұрын психологиялық тексеруден өткізу қажеттігін алға тартты. 

Серіктестер жаңалықтары