
Ауылды дамытуға бағытталған іс-шаралар мен бағдарламаларды бір жобаға біріктіру тиімділікті арттырады. "Ауыл аманаты" бойынша жасалып жатқан жобалар инфрақұрылыммен қамту, ауыл өндіретін өнімдерді сақтау, маркалау және тұтынушыларға жеткізу секілді логистикалық қызметтерді ұсыну мәселелерін қамтитын болады, деп мәлімдеді "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлы.
Орталық жетекшісі дәл қазір ауылдарда өзекті болып отырған мәселелерді атады.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамыту мақсатына ерекше тоқталып, бұл жұмыстың ары қарай жалғасатынын айтты. Мемлекет басшысының айтқандарын өте орынды деп санаймын. Өйткені, ауылды жерлердегі инфрақұрылым сапасы өте өзекті болып отыр. Сондай-ақ, президент соңғы кезде қабылданып жатқан іс-шараларға да тоқталды. "Барлық іс-шараны бір бағдарламаның аясына біріктіргендерің өте дұрыс болды" деп айтты. Бұл жерде 2023 жылы қабылданған ауылдық аймақтарды дамыту тұжырымдамасы туралы сөз болып отыр", – деді сарапшы.
Ары қарай Нұрболат Құрметұлы ауылдарда білім, экономика және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалалардың бұған дейін неліктен тиімсіз болғанын түсіндірді.
Оқи отырыңыз: Шаруаларға 5 пайыздық несие: 2024 жылы Қазақстанда рекордтық 26,7 млн тонна астық жиналды
"Бұған дейін инфрақұрылым, білім, экономиканы дамыту үшін жеке жобалалар жасалатын. Осылардың әрқайсының іске асырылуы бір тұжырымдама аясында қадағаланып отыр. Ол да өте дұрыс деп санаймын. Ал ауылды дамытуға бағытталған мақсаттар мен шараларға келетін болсақ, оларға бастан-аяқ назар аударылатын болады. Атап айтсақ, бізде "Ауыл келбеті" жобасы бойынша инфрақұрылымды дамыту жұмысы бір бағытта, ауыл экономикасын дамытуға бағытталған жобалалар өз жолымен жүріп жатты. Енді тиімділікті арттыру үшін барлық жобаны үйлестіру шаралары қабылданып жатыр. Сондай-ақ екі жобаға да өзгерістер енгізіледі деп жоспарланып отыр", – деп қосты Нұрболат Құрметұлы.
Сондай-ақ сарапшы "Ауыл аманаты" жобасы аясында әлеуеті зор ауылдар саны артып, индустриялық аймақтарда өндірілетін өнімдерге қатысты мәселелердің барлығы толықтай шешілетінін айтты.
"Ауыл аманаты" жасап жатқан жобаларға инфрақұрылым тарту бойынша шешімдер қабылданады. Ауылдарда көптеген өндірістік алаңдар мен жайылымдық жерлер, инфрақұрылым босап, шетелге арзан бағада кетіп жатыр деген сияқты айтылды. Осыларды пайдаға жарату үшін әлеуеті бар үлкен ауылдар, аудан орталықтары және шағын индустриялық аймақтар құру пысықталып жатыр. Егер шаралар толықтай іске асатын болса, онда әр өңірде, бір-екі үлкен ауылда шағын индустриялық ауылдар мен аумақтар құрылатын болады. Олар "Ауыл аманаты" бойынша жасалып жатқан жобаларды инфрақұрылыммен қамту, олар өндіретін өнімдерді сақтау, маркалау және тұтынушыларға жеткізу секілді логистикалық қызметтерді ұсыну мәселелерін қамтитын болады", – деп қорытты Нұрболат Құрметұлы.
Оқи отырыңыз: Президент малды көрші елдерге төмен бағаға сату мәселесін көтерді