Шаруаларға 5 пайыздық несие: 2024 жылы Қазақстанда рекордтық 26,7 млн тонна астық жиналды

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайты
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайты
Қарыз алушылардың 90 пайызын шағын және орта шаруашылықтар құрайды.

2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланың жыл сайынғы жеткіліксіз қаржыландыру мәселесі шешілді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. 

Көктемгі егіс, егін жинау жұмыстарына және ауыл шаруашылық техникасының лизингіне қомақты қаражат бөлінді. Алғаш рет жеңілдетілген несиелендіру көлемі жылдық 5 пайызбен  580 млрд теңгеге дейін жеткізілді, ал өткен жылдары бұл көлем 160 млрд теңгеден аспады.  Қабылданған шаралар фермерлерге барлық қажетті агротехникалық шараларды толық көлемде өткізуге мүмкіндік берді. Пайдаланатын элиталық тұқымдардың үлесі 7,1 пайыздан 9 пайызға дейін өсті.

Қарыз алушылардың 90 пайызын шағын және орта шаруашылықтар құрайды. Олар дамуға қажетті ресурстарға ие болды. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Тиімділігі төмен субсидиялаудан жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет


Нәтижесінде 2024 жылы Қазақстан соңғы 13 жылда алғаш рет дәнді және бұршақты дақылдардан 26,7 млн тонна өнім жинады. Өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемі 21,1 пайызға және мал шаруашылығында 3,2 пайызға өсуі ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 13,7 пайызға ұлғаюына ықпал етіп, 8,3 трлн теңгені құрады.

"Бүгінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені 1,1 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Бұл 4 млн-нан астам азаматтың қаржылық әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ауыл шаруашылығы маңызды экономикалық секторға ғана емес әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі факторына айналуда", – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында. 


Оқи отырыңыз: Президент малды көрші елдерге төмен бағаға сату мәселесін көтерді


Қазақстан өңірдегі астықтың ірі экспорттаушысы және жыл сайын шамамен 8-9 млн тонна астық экспорттайды. Оның 6,5-7,5 млн тоннасын бидай құрайды. 2024 жылы 8,1 млн тонна экспортталды. Экспорт нарықтары – Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран, Италия сияқты дәстүрлі нарықтар, барлығы 24 ел. Сондай-ақ, Иран мен Әзірбайжанға жөнелтулер жандандырылды.

Серіктестер жаңалықтары