
Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталды. Сонымен қатар "Ауыл аманаты", "Ауыл – ел бесігі" және тағы басқа ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіруді ұсынды.
"Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі, мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ президент шалғай елді мекендердегі пошта бөлімшелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды.
"Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек. Қазір бұл міндет, негізінен, "Қазпошта" арқылы орындалып жатыр. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді мемлекет басшысы.