Тікелей эфир

Сериалдан туған фильм: "Қаныш" 2 ақпанда көрерменге жол тартады

Қаныш Сәтбаев рөлін сомдаған актер Әсет Есжан / Фильм трейлерінен скриншот
Қаныш Сәтбаев рөлін сомдаған актер Әсет Есжан / Фильм трейлерінен скриншот
Фильм алты сериялы "Қаныш. Қазына" телехикасының негізінде ақ-қара форматта жарық көрді.

2 ақпанда қазақтың белгілі ғалымы әрі біртуар геологы Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын баяндайтын "Қаныш" фильмі кинотеатрда көрсетіледі. Фильмнің желісіне 1926-1934 жылдарда елсіз Қарсақпай жерінде ғалымның ерекше күш-жігері арқасында әлемдегі ең бай тау-кен инфрақұрылымының қалай ашылғаны жайлы тарихи оқиғалар арқау болған. Көрермен Қаныш Сәтбаевтың мықты геолог қана емес, ондаған баланы аштықтан аман алып қалған ерекше тұлға екенін көре алады.

Информбюро тілшісі "Қаныш" фильмнің жабық көрсетілімінде режиссер Ерлан Нұрмұхамбетпен сұхбаттасты.

– Фильм сериалдың қысқартылған нұсқасы ма, әлде оған сериалда жоқ сахналарды қостыңыздар ма?

– Сериалды түсіріп жатқан кезде толықметражды фильм шығару керек болды, өйткені қаражат аз еді. Ғалымның алғашқы жұмыс істеген жері – Қарсақпайға, Жезқазғанға, туған жері Баянауылға іссапармен барып түсіруіміз керек болған. Алайда, ол сериалдың бюджетіне сәйкес келмеді. Содан демеушілер таптық. Олар сериал түсірген соң одан бөлек кино жасаңыздар деді. Келістік. Сериал түсіріп жүрген кезде толықметражды фильмнің сценариін жазып, артынан киноға керек деп бір-екі дубль, басқаша сахналар түсірдік. 

– Медеу Сәрсекенің "Қазақтың Қанышы" роман-эссесінен бөлек қандай материалдарды пайдаландыңыздар?

– Сценаристер көп материалды зерттеді. Бұл кітаптан ең басты тақырыптарды алып, ғалымның өмірбаянындағы деректерді зерделеп, бірнеше жердегі Сәтбаев музейлеріне барып, зерттеушілермен сөйлестік. Сериалға қажет драматургиялар солай жиналды. 

– Сізді балалармен жұмыс істей алатын режиссер деп айтады. Осыған дейін жарық көрген "Уақыт жолдары" фильмінде де балалардың ойыны шынайы шыққан. Бүгінгі фильмде де солай.

– Әр киноның міндеті бар, соған қарай жұмыс істеу керек. Кейде күшім жетпей қалады. Алғашқы фильмім "Аңшы баланы" да кішкентай балалармен түсірген едім. Көп балалы әке болған соң да, әсері бар шығар деп ойлаймын. 

Режиссер Ерлан Нұрмұхамбет актерлермен бірге / Фото aray.media.group

– Бұл фильмде режиссердің айтар ойы қандай?

– Қаныш Сәтбаевтың бар-жоғы 27 жасында мойнына қорықпай жауапкершілік алып, команда жинап, қазақ даласында зерттеу жасағанына қайран қалдым. Ол заман басқа, қазіргідей технология жоқ. Осындай жүректі кісілерді халыққа көрсету керек.

Шыны керек, кеңес заманында да тарихты шала-шарпы оқытты. "Осындай тұлға болды, осындай еңбек етті" дегенді ғана оқыдық. Тереңіне үңілсек, адамның ішінде қандай арпалыс болғанына көз жеткіземіз. Қаныш әкесінің жерлеуіне бара алмаған, бір уыс топырақ сала алмаған. Бұл – өте ауыр. Көз алдында адамдар аштықтан өліп жатты. Соның бәрін көріп, небір сезімді бойынан өткізіп, мақсатына жету үшін күш жинап, талмай еңбек еткен. Мұндай батырлар өте аз. Қаныштай тұлғаларды көрсете білуіміз керек. 

– 1926-1934 жылдар оқиғасын ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келген соң таңдадыңыздар ма?

– Шағын сериал алты сериядан тұрады. Оған ғалымның бала-шағасы жайлы кіргізе алмадық. Балалық шағын, оқыған кезін түсіруге күшіміз жетпейтінін түсінген соң, нысанаға ол кісінің жұмыс істеген кезін, ашаршылық жылдарын, нағыз тер төккен шағын алдық. 

Бұл фильмде "мынау – жаман, мынау – жақсы" деп көрсету мақсатымыз емес. Қаныш Сәтбаевтың ауыр атмосферада қалай өзін сақтап қалғанын, идеясын адамдарға жұқтыра білгенін көрсеткіміз келді.


Кинофильм "Қазақстан" ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша, 2021 жылы түсірілген 6 сериялы "Қаныш. Қазына" телехикасының негізінде жасалған. 

Серіктестер жаңалықтары