Тікелей эфир

Режиссер Дархан Төлегенов: Кино – иррационал өнер, екі элементті қосқанда не шығарын білмейсің

Жемқорлықпен күресті әркім өзі және баласына жақсы тәрбие беруден бастауы керек, дейді режиссер.

Жас режиссер Дархан Төлегеновтің екі қысқаметрлі картинасы шетелдік кинофестивальдерде жеңімпаз атанса, "Бағыт" фильмі халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner арнайы бағдарламасына енді. Мұнымен қатар, оның алғаш түсірген толықметрлі "Ағайындылар" туындысы Oldenburg International Film фестивалінде Spirit of Cinema – әділқазы алқасының арнайы жүлдесін иеленді. 

Екінші толықметрлі туындысы "Қонақтар" фильмін қолға алған Дархан Төлегенов экшн қосылған драманың қалай түсіріліп жатқанын, болашақ жобалары және өмірлік ұстанымдары туралы әңгімеледі. Айтуынша, жемқорлық туралы туындысы арқылы әлемді жаулаған проблеманың шешімін табуға өнер тұрғысынан әсер еткісі келеді. 

– Неліктен бұл тақырыпты таңдадыңыз? Марқұм Фархат Әбдірайымовтың үлесі қандай болды?

– Бұл тақырып Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем үшін өзекті. Жемқорлық жүйесі туралы әкесі мен қызының қарым-қатынасы призмасы тұрғысынан баяндау көрермен тілінде сөйлегенмен тең сияқты көрінді. Бұл туындының жарыққа келуіне марқұм Фархат Әбдірайымовтың қосқан үлесі зор, ол кісі идея авторларының бірі болды. Жобаның алғашқы таныстырылымы осыдан екі жыл бұрын өтіп, бүгінде жүзеге асырылып жатқан жайы бар. 

– Туынды билік органдары тарапынан сынға ұшырап, шықпай қалуы мүмкін деген ой болды ма?

– Ойымда мұндай сұрақ туындаған емес. Өйткені, бұл жобаны елде болып жатқан қандай да бір жаңалық ретінде емес, тек шығарма ретінде сынау керек. Мен бар болғаны жемқорлыққа белшесінен батқан азаматтардың бастан кешкен оқиғаларын баяндаймын. Билік тарапынан цензураға ешқандай негіз көріп тұрған жоқпын. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жемқорлық жайлы алғашқы экшн драма қалай түсіріліп жатыр?


– Сіздің ойыңызша жемқорлықты қалай жеңе аламыз?

– Жемқорлықты жеңу үшін уақыт қажет және бәрін өзімізден бастауымыз керек деп ойлаймын. Бұл бірінші кезекте балаларымызға жақсы тәрбие беруден бастау алады. Егер әркім бей-жай қарамай өз үлесін қосар болса, бұл проблемадан арыламыз деп сенемін. 

Сурет Дархан Төлегеновтің жеке архивінен алынды

– "Қонақтар" – сіздің екінші толықметражды фильміңіз. Қобалжу, қорқыныш бар ма?

– Иә, әрине, іштей қорқыныш та, қобалжу да бар. Өйткені, мен үшін кино – иррационал өнер. Жарты жыл уақыт локация таңдап, бұған дейін әзірлегеніңнің бәрін жүзеге асыруға дайындаласың. Бірақ, нәтижесінде бәрі сен ойлағандай шықпауы мүмкін. Кейде керісінше өзің ойлағаннан жақсырақ шығатын кездер болады. Кинода химиядағыдай бір элементпен екіншісін араластырғанда үшінші бір дүние пайда болады. Сол жаңа бір нәрсенің қандай болып шығатынын алдын ала болжай алмайсың. Мұны тек иррационал ойлау деңгейінде ғана сезіне аласың. 

– Фильмді түсірерде локацияларды алдын ала зерттедіңіз бе?

– Иә, локацияларға барып декорациялардың қалай тұрғызылатынын алдын ала бекіттік. Бұл жұмыстар Балқашта және Алматы қаласындағы басқа объектілерде жүргізілді. Көлдің жағасында тұрған қала қатты ұнады. Фактурасы біз баяндап жатқан оқиғаға дәл келді. 

– Фильмдегі жарылыс сахналары графика көмегімен жасалған ба әлде шынайы ма? 

– Барынша пиротехниканы қолданамын деген шешім қабылдадым. Бірақ, пиротехниканың мүмкіндіктері жетпеген жерде графиканы қолданбақпын. Бұл тек алдын ала жіті ойластырылған сахналарға байланысты. 


Оқи отырыңыз: Продюсер: Отандық кино дегенде жұрт есінде тоқал, той туралы ғана фильмдер болса, бұл – өте ұят


– Қазір көптеген тәжірибелі режиссерлер "Кәсіби актерлер киноны бүлдіреді. Бұрын киноға түсіп көрмеген адамдармен фильм қызығырақ шығады" деген пікір айтады. Ал сіз актерлерді қалай таңдайсыз? Екінші пландағы актерлерді де өзіңіз таңдайсыз ба?

– Мен кәсіби актерлер киноны бүлдіреді деп ойламаймын. Бұл жерде актерлерге мақсат-міндетін дұрыс түсіндіру және оларды фильмның атмосферасына түсірілімге дейін кіргізу аса маңызды. Сонда олар сізге қалай қажет болса, дәл солай ойнап шығатын болады. Ал кино саласында бұрын тәжірибесі мен білімі жоқ актерлерге келетін болсақ, мұнда "типаж жүйесі" жұмыс істейді. Яғни, белгілі бір адамның түр-сипаты туындыңыздағы кейіпкерге дәл келіп тұруы мүмкін. Бұл жүйе көбінесе оң нәтижесін береді. 

Сурет Дархан Төлегеновтің жеке архивінен алынды

– Аз уақытта қысқаметражды біраз туынды түсіріп, халықаралық фестивальдерге қатысып үлгердіңіз. "Уақыт – ақша" деген принципті ұстанасыз ба?

– Расымен де, қысқаметражды фильмдерді өте көп түсірдім және фестивальдерге де қатыстым. Маған фестивальдердегі сый-сияпаттардан бұрын кино саласындағы адамдармен бетпе-бет әңгімелескен, бәсекеге толы ортада болған ұнайды. Келесі туындыңды түсіруге мықты мотивация береді. "Ақша – уақыт" деген қағидаға келер болсам, өзім бизнесмен ретінде ойлайтын адам емеспін. Алдымен шығармашылыққа көңіл бөлемін, ал қаражат жағы үнемі екінші орында тұрады. 

– Сіз естіген ең орынды сын?

– Шынымды айтсам, дәл қазір есімде жоқ. Көп жағдайда өзіме өзім сыншы сияқтымын. Туындымды үлкен экранда көрерменмен қатар көріп отырған кезде "Мына жері дұрыс болмаған екен" не керісінше "осы шешімім тиімді болған екен" деген секілді шегі жоқ шығармашылық процестің жетегінде боламын. Басқа адамдар тарапынан айтылатын сынға келсек, мен оларды орынды деп есептеймін, жақсы қабылдаймын. Өйткені, әрбір адам фильмді өзінің призмасы арқылы тамашалайды, ішкі жан-дүниесінде ерекше процесс болып жатады. 


Оқи отырыңыз: Өзбекстанда "Жалаңтөс Баһадүр" тарихи фильмі жарыққа шығады


– Кристофер Нолан мен Ридли Скотты коммерциялық кинодағы пірім деп атайсыз. Несімен қызықтырады?

– Кристофер Нолан комикс, коммерциялық тақырыпты әртүрлі планмен көрсете білді. Супер қаһарман туралы емес, қарапайым қатардағы адамның оқиғасы ретінде көрсете білді. Ридли Скотқа келер болсақ, алғаш үлкен экрандағы фильмді 7 жасымда тамашаладым. Ол уақытта сюжетке аса назар аудардым деп айта алмаймын, бірақ "Гладиатор" фильмін көріп отырып денемнің тітіркенгені әлі есімде. Туындының ерекше әсер бергені соншалық, сол сәт әлі күнге дейін есімде. Менің режиссер боламын деп шешім қабылдауыма осы фильм әсер еткен де шығар. Сондықтан осы екі режиссердің еңбегін жоғары бағалаймын. 

– "Түсіргім келеді, бірақ оған іштей әлі дайын емеспін" деген кино бар ма? Жанры қандай?

– Комедия элементтері қосылған драма. Онда басты кейіпкер әйел адам болады. Ал неге әлі дайын емес екенімді айтсам, әрбір жазылған сценарийді, кейіпкердің фразасын әрдайым жан-дүниемнен өткіземін. Бұл жағдайда мен болсам, қалай әрекет етер едім деген сияқты сауал тұрады. Әйел кейіпкерді зерттеп, оны түсінуім үшін маған уақыт керек. Жуырда осы ойға алған туындымды жүзеге асыра аламын деген үміттемін. 

Серіктестер жаңалықтары