Тікелей эфир

Мемлекет басшысының туристік әлеуетті арттыру жөніндегі тапсырмасы қалай орындалып жатыр

Аюсай визит-орталығы \ Фото: Informburo.kz
Аюсай визит-орталығы \ Фото: Informburo.kz
Қазақстанда туризмді дамыту бағытында 15 ірі жоба әзірленбек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Қазақстан халқына Жолдауында елдің туристік әлеуетін пайдаланудың маңыздылығына тоқталған болатын. Президенттің айтуынша, туризм серпінді жобалар қатарында болуға тиіс.

"Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді. Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет", – деді ол. 

Бір жылда Қазақстанда саяхаттаған шетелдіктер саны 830 мыңға артты

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың мәліметінше, былтыр ел ішінде саяхаттаған қазақстандықтар саны 5,4 млн адамды құрады. Бұл алдыңғы жылдың 9 айының қорытындысымен салыстырғанда 550 мың адамға артық.


Оқи отырыңыз: АҚШ, Германия, Үндістан: Шетелдік туристер Қазақстанға қанша күнге келеді?


"2023 жылы қызмет көрсетілген шетелдік туристер саны 830 мың адамға артқан. Жалпы бір жыл ішінде отандық қызмет көрсетуші компаниялар 175 млрд теңге көлемінде табыс тапты. Көрсеткіш бір жылда 36 пайыз өсті", – деді министр. 

Сондай-ақ министр елдегі инфрақұрылымды дамыту үшін отыз үш жобаның іске асырылатынын айтты. Бұл жобалардың жалпы құны 31 млрд теңгені құрайды. Ал биыл осы бағытта 70 жоба қолға алынады деп жоспарланып отыр. Олардың жалпы құны 289 млрд теңгені құрайтын болады.  

"Биыл жүзеге асырғалы отырған "Каспий" тұщыландыру зауытының қуаттылығын арттыру жобасының орны бөлек. Өйткені ол "Жылы жағажай" туристік объектілерін сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін қолға алынып отыр. Бұдан өзге БҚО-дағы "Хан Ордасына", Атыраудағы Сарайшық қалашығына және Ұлытау облысындағы "Жошы хан" кесенесіне дейін жолдар толықтай жөнделеді. Осының барлығы мәдени туристік нысандарға қолжетімділікті арттырады", – деді Ермек Маржықпаев.

Туризм және спорт министрі 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланғанын еске салып, 2023 жылдың туризм саласы үшін аса жемісті болғанын атап өтті. 


Оқи отырыңыз: Алматыда шетелдік туристер саны 73 пайыз өсті


Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы іс-шарасының ашылу салтанаты 28-29 наурызға жоспарланып отыр. Шара Бейжің қаласында өтеді. 

"Қазақстан туризмінің басты кемшілігі – маусымға тәуелділігі" 

Limon Travel туроператорының директоры Алмас Маратұлы Қазақстан туризмінің кемшіліктеріне тоқталып, маусымдық туризмге тәуелділіктің салдары туралы айтып берді. 

"Қазақстан туризмінің басты кемшілігі – маусымға тәуелділігі. Ал маусым қысқа уақытқа созылады. Туризм жоғары деңгейде дамыған мемлекеттер сияқты 6-9 ай бойы үздіксіз жұмыс істей алмаймыз. Мысалы, Алакөл мен Бурабайдағы туристік орындар жазда 2-3 ай ғана қызмет етеді. Жаз мезгілінде Қазақстан халқының көпшілігі демалатындықтан, бұл қызмет көрсету сапасының нашарлауына алып келеді. Демалыс орындарындағы орын саны шектеулі болғандықтан, кәсіпкерлер қызмет көрсету сапасына аса көңіл бөлгісі келмейді. "Сапа қандай болса да, адам бәрібір көп келеді" дегендей. Әрбір өңірдің туристік орталықтары, департаменттер, "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ маусымды ұзарту үшін түрлі жобаларды қолға алып, жүзеге асырып жатыр. Дегенмен біздегі туризм жаз айларында жанданатындықтан, көктем мен күз айларында келетін туристер саны әлі де аз. Түркістанды облыс орталығы етіп, туристік қалаға айналдыруға тырысты. Иә, Covid-19-дан кейін сұраныс жоғары болды, "Керуен-сарай" кешенінің хайпымен алғашқы бір-екі жылда адамдар көп келді. Көп адам табиғат аясына, басқа қалаларға барып демалғысы келді. Тек сенбі-жексенбі, мереке күндері болмаса, басқа уақытта келіп жатқан адам саны аз. Сондай-ақ Түркістандағы қонақ үй иелері бір күндік туристердің көп екенін, көбінесе қонақтардың қалада бірнеше күн тұрақтамайтынын айтады. Әлемдік практикада туризм көрсеткіштері туристердің қонақ үйге қанша күн тұрақтағанымен есептеледі. Ал "Қожа Ахмет Яссауи", "Арыстан баб" секілді кесенелерге бір күн келіп-кету ел экономикасына айтарлықтай пайда әкелмейді. Өңірге ақша аз түседі. Мысалы, облыс құрылғалы Түркістанға үлкен қаражат жұмсалды. Қазіргі уақытта Түркістан субсидиямен өмір сүріп жатыр, бірақ мұның қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз. Мұнымен қатар үлкен қонақ үйлер салған кәсіпкерлер, туристер келмесе, тығырыққа тірелуі мүмкін. Бәлкім жабылады немесе сатады. Біз Түркістанды Самарқанд және Стамбұлмен салыстырамыз. Бірақ Түркістанда баруға болатын туристік орындар аз. Ал жоғарыдағы қалаларда он шақты тарихи орындар бар", – деді Алмас Маратұлы. 

Мұнымен қатар саяхат ұйымдастыру компаниясының жетекшісі соңғы уақытта Қазақстанның экотуризмі әлемде танымалдылыққа ие болғанын атап өтті. Сондай-ақ ауылды жерлерде халыққа қосымша қызмет ұсынуды насихаттаудың пайдасы туралы айтты. 

"Қазақстанның экотуризмі еуропалықтардың жүрегін жаулады"

"Бізде Алматы, Астана, Маңғыстау және Шығыс Қазақстанда экотуризм жақсы дамыған. Қазақстан өзін экотуризмді қолдайтын мемлекет ретінде көрсетуге тырысады. Соңғы жылдары Алматы, жалпы Қазақстан The Guardian, The New York Times ұсынатын газет-журналдардың, Францияның бірқатар басылымдары ұсынатын экоаймаққа айналды. Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал адамдары келіп жатыр. Іле Алатауы, Көлсай көлдері, Шарын ұлттық паркі еуропалықтардың сүйікті мекеніне айналды, жүрегін жаулады десек болады. Сондай-ақ Алматы облысында салынған Аюсай, Шарын, Алтын-Емел және Іле Алатауы визит-орталықтарының салынуы саяхатшыларға қызмет көрсету сапасын жоғарылатты. Ең бастысы қауіпсіз болып, ақпараттық тақталар орнатылды, кәсіби гид-экскурсоводтар жұмысқа алынып бастады. Осылайша Алматы облысы аймағы туризм бойынша көш алдында келеді. Қалған аймақтарда сұранысқа байланысты инфрақұрылым деңгейі төмен. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында туристік жерлерге баратын жолдар жасалмаған деуге болады. Осының себебінен логистика да қымбат. Турлардың 50-60 пайыз табысы осы көлік шығынына жұмсалады. Шамамен 20-30% көлемінде ғана табыс табады. Министрлік екіге бөлінгендіктен, туризм саласында оң өзгерістер көбірек болады деп күтемін. Мұнымен қатар, соңғы жылдары президент жолдауларында да туризм туралы көп еститін болдық. Бұл түсінікті жағдай, өйткені, расымен де, экономиканы әртараптандыру қажет. Алдағы уақытта ауылдық аймақтарда қызмет сапасында жақсартуға және қосымша қызметтер ұсынуға көмектесуіміз керек. Қазір ауылды жерлердегі халық туристерді тек қондырумен, тамақтандырумен ғана шектеліп отыр. Алайда осының үстіне атпен серуендеу, монша және т.б. ұсынуды үйрететін болсақ, онда бизнестері ілгерілей түсетін еді", – деді ол. 
 

Серіктестер жаңалықтары